«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Нұрлан батыр атағына лайық еді...

Нұрлан батыр  атағына лайық еді...
ашық дереккөз
Нұрлан батыр атағына лайық еді...

Жарияланбаған соғыс десек те, он жылға созылған Ауған жеріндегі майдан талайдың көңіліне өшпестей жара салғаны рас. Қаншама қандастарымыз қар кешіп, мұз жастанып, оттың ортасында жүрді. Жүздеген қазақстандық жауынгерді ажал құшты. Із-түзсіз жоғалып кеткендері де бар. Олардың дені 19 бен 20 жас аралығындағы бозым жастар. Аман жүрсе осы күндері тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосар еді. Амал қанша? Біз бүгін Ауған жерінен елге табытпен «оралған», батыр жерлесіміз Нұрлан Омаров жайында ой толғамақпыз.
Нұрлан Амангелдіұлы – Жамбыл ауданының тумасы. Бала күнінен спортқа жақын болып өскен оның бойында бірбеткейлік, ер мінезділік, қайсарлықпен бірге байсалдылық та бар еді. Нұрлан 1987 жылы әскер қатарына шақырылады. Оған ата-анасы қарсы болған жоқ. Әкесі Амангелді жастайынан отаншыл, патриот болып тәрбиеленген ұлының Отан алдындағы борышын өтемек болғанына шүкіршілік етіп, амандық тілеп шығарып салған. Алайда бұлар жас жігіттің алдында отты жылдар, сұмдық соғыс күтіп тұрғанын сезбеген еді.
Қазіргі Бішкек, Орджоникидзе қалаларында біраз уақыт оқу-жаттығудан өткен соң, бұлар Ауған жеріне жіберілді. Олар әуелі Кабулға ұшақпен жеткізіліп, Нұрлан Жалалабад қаласында жасақталған №66 бригададағы танк батальонына алынды. Бірер күннен кейін-ақ, оның ауылда әкесінің қасында көлік жүргізуге машықтанғанынан хабардар болған басшылық Нұрланды жағармай таситын үлкен «Урал» автокөлігінің руліне отырғызды. Оның негізгі міндеті – танктерге, БТР-ге жағармай тасу және құю болды. Рульде отырса да Нұрланның қолынан АҚМ автоматы түспейтін. Оқыстан тұтанған атыстарға да қатысып жүрді. Талай мәрте ерлік жасады…
…1988 жылдың 15 мамырында Ауғанстанда соғысып жатқан кеңес әскерлерін ауған елі аумағынан шығарып, елге қайтару жөнінде КСРО Қарулы Күштері Қолбасшылығының бұйрығы шықты. Сол сәтте жат елде «интернационалдық борышын» өтеп жүрген жауынгерлердің қуанышында шек болған жоқ. Солардың бірі Нұрлан да ауылға барам, ата-анаммен, бауыр, туыстарыммен қауышамын деп қуанды. Алдында қандай тағдыр күтіп тұрғанынан хабарсыз еді. Содан №66 бригада жауынгерлері де барлық техниканы жағармайға толтырып, Кабулға қарай жол тартқан. Алайда барар жолдағы асулар қауіпті болатын. Сондай асуға шыққанда дұшмандар оқ жаудырып, дөп тиген болуы керек, Нұрланның бензин тасығышы отқа оранады. Көлік жарылса үлкен шығын әрі жол жабылып қалады. Артта 300-ге жуық әскер келе жатыр. Табанасты шешім қабылдаған Нұрлан көлігін құзға қарай бұра берген. Содан ол төмен құлдырайды. Бұл жөнінде Нұрланның майдандас досы Уалихан Көпжасаров: «Ол Отанға, достарына адал жігіт еді. Бензин тасығыш машинасы отқа оранғанда Нұрлан көлігін құзға құлатты. Біздер «Нұрлан, секір, секіріп кет» деп айқайладық. Үлгере алмаған болуы керек. «Қап, үлгере алмады-ау» деп ойлап үлгергенімізше, машина сайдың табанында жатты. Артынша жедел төмен түскен 6 сарбаз жанып жатқан машинаның кабинасынан Нұрланның денесін әрең суырып алып, 20-25 метр қашықтай бергенде, қатты жарылыс болды. Ажалымыз жоқ екен, біз аман қалдық. Өкінішке қарай, көліктің кабинасында қатты соғылған бозбаланың денесі жансыз еді. Бірақ Нұрлан досымыз менің өмірімді, менің ғана емес жүздеген жауынгердің өмірін қорғап қалды. Сондықтан адал достың рухына тағзым етіп, оның ерлігі Халық Қаһарманы атағына лайық деп білемін», – дейді тебіреніп.
Нұрлан осылайша, өз өмірін қиып, жүздеген жауынгерді аман сақтап қалды. Ал осы күнге дейін олардан қаншама ұрпақ тарады десеңізші! Сол жас ұрпақтың бәрі Нұрланның ерлігімен аман жүргендерін біле ме екен?! Нұрлан Омаровтың ерлігі қандай марапатқа да лайық. Әкесі Амангелді мен анасы Жасан осындай батыр ұлды тәрбиелегеніне, оның ерлігі аңызға айналғанына шүкіршілік етеді.

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар