Еңбек – ер атандырады
Мемлекет басшысының өткен айдағы Жастар жылының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жас кәсіпкер», «Бастау», «Бизнестің жол картасы – 2020» сынды басқа да бағдарламалар аясында жастарды отандық бизнесті көтеруге үлес қосуға шақырғаны баршаға мәлім. Әрине, жаңа кәсіп ашу, бизнесті бірден бастап кету кім-кімге болса да оңай тимесі анық. Оған жол көрсететін, жөн сілтейтін еңбегі ерен адамдардың ақыл-кеңесі мен өмірлік жиған тәлім-тәжірибесі керек-ақ.
Жақында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайрамбай Дөненбаевпен кездесу ұйымдастырды.
Өзінің маңдай терімен, қажырлы еңбегімен, табанды қайратымен ауылды жерде мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлесін қосып, бүгінде Жарлысу ауылының 220 адамын жұмыспен қамтып отырған азаматтың жеткен жетістіктері көпке үлгі. Мал басын еселеп көбейтіп қана қоймай, малшыларына үй салып, ауылына Мәдениет үйін, мектеп пен балабақша тұрғызып берген кәсіпкер азаматтың қайырымды істері мұнымен де шектелмейді. Бүгінде қожалық басшысы малмен қатар егін шаруашылығына да бет бұрып, екі кәсіпте қатар құлашын сермеуде. Бұл туралы ол колледж студенттерімен болған кездесуде жан-жақты әңгімелеп берді.
Колледждің акт залында өткен осынау іс-шараны «Жамбыл облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының президенті, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Берікқожа Серікбол ашып, жүргізіп отырды. Осының алдында Сайрамбай Әліқұлұлын облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова мен колледж директоры Жанар Орынбаева аталмыш оқу орнының жаңартылған материалдық-техникалық базасымен, Конституция залы, Құзыреттілік, «Ұлы Дала өркениеті» және «Сазды әуен» орталықтарының жұмысымен таныстырып өткен болатын. Кездесу барысында Қазақстанның Еңбек Ері С.Дөненбаев тебірене сөз сабақтап, жастарға ағалық ақыл-кеңестерін айтты.
– Маған бұл жоғары награданы Елбасы жайдан-жай бере салған жоқ. Бұл – менің ұзақ жылғы еңбегімнің бағаланғаны деп білемін. Біздің балалық шағымыз өткен кезең мен қазіргі жағдайды еш салыстыруға келмейді. Екеуінің арасы аспан мен жердей. Биылғы жылды Елбасының Жастар жылы деп жариялауы да жастарға жасалып отырған үлкен қамқорлықты білдіріп тұрғандай.
Еңбекке бес жасымнан бастап араластым. Сол жылы әкем бір отар қой алды. Алғашқы күні онға дейін санауды үйретті. Осылайша күніне он сан қосып, бірнеше күннен кейін өрістен қайтқан малды түгендеу менің мойныма артылды. Содан болар, мектепте де есепке жүйрік болдым. Әскерге барып, азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін әкем қойшының құтты таяғын біржола қолыма ұстатты. Жеті жыл қой бақтым. Үздік шопандардың қатарына қосылдым. Қой төлдетуде ылғи да алда болдым. 23 жасымда еңбегім еленіп, «Жигули» жеңіл автокөлігін алдым. Бұған мен қатты қуандым. Мұндай көлікті кім болса соған бере бермейтін кез. Ол кезде малшының мәртебесі деген өте жоғары болатын. Дүкенге түсе бермейтін заттар алдымен қойшыларға берілетұғын. Барлық жерде малшыны сыйлайтын, құрметтейтін. Қайда барса да малшы мен механизатор төрде отыратын.
Колхоз тараған соң, біраз жыл саудамен де айналыстым. Бірақ ата кәсіптен қол үзіп кете алмадым. 1996 жылы осы шаруа қожалығымды ашып, мал өсіруді қолға алдым. Жылқыны сегіз үйірге, қойды 52 мың басқа дейін көбейттім. Бірақ бір кездері айрықша сыйлы болған малшы мен механизатордың бүгінде беделі түсіп кетті. Олар қоғамымызда жай жұмысшы ретінде қарастырылады. Мысалы, өзім оларға жұмысшы, жалшы ретінде қарамаймын. Қолымнан келгенінше бірінші кезекте соларға қолайлы жағдай жасауға тырысамын. Өйткені мал өзінен-өзі мал болмайды.
Атап өтерлік бір жайт, Елбасымен бірнеше рет бетпе-бет жүздесу бақытына да ие болдым. Бір рет облысқа келгенде менің шаруашылығымда болды. Қожалығымның жұмысымен танысқан Нұрсұлтан Әбішұлы еңбегіме табыс тілеп, жігерлендіріп кеткен болатын, – дей келіп, Мемлекет басшысымен кездескен сәттерін де ол студенттерге қызықты етіп әңгімелеп берді.
Айтулы азаматтың өмір жолы мен еңбегі жөніндегі толғаныстары студенттерді ғана емес, бізді де баурап әкетті. Оның бір тосындау бастамасы – мал үстінен жиналатын зекетті игі істерге жұмсау жайы да үлгі аларлықтай. Қожалық жетекшісінің айтуынша, бұл тұрғыда ауылдағы әрбір бас малға салық мөлшері белгіленген. Ол алдымен ауыл ақсақалдары құрған қорға түседі екен. Ал өзі жылына зекет есебінен осы қорға 8-9 миллион теңге құяды. Ол қаржыға ауылға, елге қажетті ғимараттар тұрғызылып, жол жөндеу, басқа да маңызды шаралар жүзеге асырылады екен. Былтыр өз қаражаты есебінен Тараздағы ардагерлер үйін күрделі жөндеуден өткізіп, «Ғибрат» орталығын тұрғызып беріпті.
Сондай-ақ Сайрамбай Әліқұлұлы басынан өткерген басқа да жағдайларды әңгімелей келе, жастарға Жастар жылында сәттілік тілеп, оларды жақсы оқуға, ата-анасының үмітін ақтауға шақырды. Сонымен бірге студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, еркін форматта пікір алмасты.
Басқосуды облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова қорытындылап, осындай кездесулерді алдағы уақытта да жиі ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Марат Құлибаев
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді