«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауызсу мәселесі өзекті болып тұр

Ауызсу мәселесі өзекті болып тұр
ашық дереккөз
Ауызсу мәселесі өзекті болып тұр

Қайыңды ауылдық округіне қарайтын Мамай-Қайыңды ауылының тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көріп отырғанымен, ауызсудың берілер уақытын сағаттап күтуге мәжбүр. Күні суға қарап қалған соң, кейде бар шаруаны ысырып қоюға тура келеді екен. Ауылдық округ әкімі Азамат Асанбайдың есеп беру кездесуінде елді мекен тұрғындары осыны айтып, мұң шақты. Жалпы ауылдық округте былтыр ауқымды жұмыстар атқарылған. Мамай-Қайыңдыдағы бірнеше көшеге асфальт төселіп, медпункт салынып, пайдалануға беріліпті. Бірақ әлеуметтік бір нысан ашылғанымен, екіншісі жабылып қалыпты. Ауыл тұрғындары кітапхананың жабылып қалғанына наразы. Сондай-ақ жұртшылық жол бойына көліктерге арналған ескерту белгілері қойылып, жол ережесі сақталса дейді. Көпшілік ауыл әкімінен балалар көп жүретін мектеп алдында жылдамдықты бәсеңдететін белгі орнатып беруге ықпал етуді өтінді. Қайыңды ауылдық округіне қарайтын елді мекендердің бірі – Сөгеті. Ауданнан шалғай жатса да сөгетіліктер «көгілдір отынның» рахатын көріп отыр. Бұл жақта жол мәселесі де толықтай шешімін тапқан. Бірақ кейбір көшелерге жарықтандыру жүйесі жүргізілмепті. Ауылдық округ әкімі Азамат Асанбайдан тұрғындар осы мәселені шешіп беруді сұрады. Одан бөлек ағын суды сарп етпеу үшін ауыл маңайынан өтетін каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді. Ауызсу мәселесі бұл ауылда да өзекті екен. Округ әкімі алдағы уақытта бұл жұмысты ретке келтіру үшін барлық мүмкіндікті қарастыратындығын айтты. Аталған елді мекендерде өткен жиындарда тұрғындар ауылдық округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ, журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар