«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Апат ты мектептердің мәселесі толық шешілді

Апат ты мектептердің мәселесі толық шешілді
ашық дереккөз
Апат ты мектептердің мәселесі толық шешілді

дегенмен колледж бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы ойдағыдай емес

Өткен жылы өңіріміздің білімді оқушылары республикалық пән олимпиадалары және ғылыми жобалар байқауларының қорытындысы бойынша 7 жыл қатарынан, республикалық ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша 6 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанып, бірінші орынды жеңіп алған. Сондай-ақ робототехникамен қамтамасыз ету 2017 жылы небәрі 7 мектепте ғана болса, былтыр 152-ге артып, 34 пайызға жеткен. Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы 11 білім ордасы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейі болып қайта жасақталды.

Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Өңір басшысына 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берген облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысына тоқталды. Білім басқармасы былтыр министрлік және облыс, аудан әкімдіктері арасында жасалған меморандум, сонымен бірге аймақтарды дамыту бағдарламасы сынды 5 құжат бойынша жұмыс атқарып, алға қойылған негізгі міндеттерді ойдағыдай орындап шыққан. Оның ішінде өңірде апатты мектептер мәселесі толығымен шешіліп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 66 балабақша ашылып, мектепке дейінгі мекемемен қамту үлесі жүз пайызға жуықтаған. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша облыс республикада үшінші орынға тұрақтаған. 4-сыныптар арасында оқу жетістігін сырттай бағалаудан төмен көрсеткішке ие болған 107 мектеп бақылауға алынып, ұстаздардың біліктілік деңгейін арттыру мақсатында әдістемелік десанттар жасақталып, оған 8800 мұғалім қамтылған. Басқарма басшысының айтуынша, өңірімізде техникалық және кәсіптік білім беретін 48 колледжде 27396 студент білім алуда. Олардың 35-іне дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Алайда бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы ойдағыдай емес. Асқар Мырзахметов осы мәселеге талдау жасай отырып, жыл сайын мемлекеттік білім беру грантына бөлінетін 7 миллиард теңгенің жүйелі жұмсалуын қадағалауды тапсырды. Яғни қоғамдағы сұранысқа ие мамандарды оқытып, даярлау арқылы қаржыны үнемдеуге болатынын жеткізді. Бұл орайда аудан әкімдерінің алдында зерделеу жұмыстарын жүргізу мен қажет мамандықтарға тапсырыс беру міндеті тұр. Аймақ басшысы колледждердің өздері оқытқан жастардың келешекте жұмысқа орналасуына барынша мүдделі болу керектігін атап өтті. Ол үшін ауылда сенделіп, жұмыссыз жүрген жастарды қажетті мамандыққа оқытудың маңыздылығын баса айтты. Жиын барысында маман тапшылығы, ата-аналар комитеттері мен мектеп инспекторларының жұмысы, қорғаншылық кеңестерінің міндеттері сынды өзекті мәселелер қозғалды. Сондай-ақ оқуды сырттай бітірген 143 мектеп директорының ісін қарау, оқушылар арасындағы тәртіпсіздікті болдырмау секілді мәселелер назарға алынды.

Ұқсас жаңалықтар