Агросаланы алға жылжыту – маңызды міндет

Агросаланы алға жылжыту – маңызды міндет
ашық дереккөз
Агросаланы алға жылжыту – маңызды міндет

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен жиында өңірдегі айрықша елеулі маңызға ие салалар – ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары басқармаларының 2018 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебі тыңдалды.

Былтыр облыстың ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Салада белгіленген индикаторлық көрсеткіштер бойынша жоспар 102-106 пайызға дейін асыра орындалып отыр. Тек кейбір жекелеген аудандарда инвестиция тартуда және ет өнімдерін экспорттауда көрсеткіштің төмендеуі байқалуда. Алайда ол жалпы облыстық көрсеткіш есебінен толықтырылып кеткен. Жаңа форматта ұйымдастырылған жиында әрбір аудан әкімінің осы салаға қатысты орынбасарларының өздеріне қатысты мәселелерге орындарынан тұрып жауап беруіне тура келді. Мәселен, Мойынқұм өңірінде ет экспортының көлемі төмендеп, ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру көрсеткіші азайған. Ал Талас пен Жуалы аудандарында инвестиция тарту жұмыстары алға жылжымай отыр. Сондай-ақ облыс басшысына барлық салалар бойынша жыл бойғы қалыптасқан ахуал жеке-жеке баяндалды. Ауыл шаруашылығы өңір экономикасын арттыру бағытындағы негізгі сала болғандықтан, оған артылар жүк те ауыр. Жиында өңір басшысы өткен жылдың басында берілген тапсырмаларынан бөлек, басты екі мәселе – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен несие беру көлемін арттыру жайын да баса айтты. Бұл мәселелерді жанашырлықпен қолға алғанда ғана жұмыс біршама жүйелене түспек. «Мәселен, қазір өңірімізде 30 ғана кооператив жұмыс істейді екен. Бұл 153 ауылдық округ үшін тым аз. Қажет болатын болса, біз сол 153 ауылдық округтің бәрінде кооперативтер құруымыз керек. Ол қағаз жүзінде емес, іс жүзінде болуға тиіс», – деді Асқар Исабекұлы. Сондай-ақ аймақ басшысы ауылды жерде тұрып жатқан әрбір тұрғынның күнкөрісіне тиісті деңгейде қолғабыс жасау керектігін де атап өтті. «Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру өз алдына, тағы бір ұтымды іс – мал шаруашылығына қатысты өнімділікті де арттыруымыз қажет. Қолда өнім бар, алайда өнімділігі төмен. Өйткені жоғарыда айтылғандай, оның өңделуі кемшіндеу. Кооперативтер осы міндетті шешудің бірден-бір тетігі де. Ал несиеге келсек, ол бүгінде барынша жеңілдетіліп отыр. Ешқандай да екінші деңгейлі банк шаруаларға бұрын- соңды ондай жеңілдетілген несие берген емес. Соны түсінуіміз керек», – деді өңір басшысы. Жиында ет экспорты көлемін арттыру, шаруашылықтарды минералды тыңайтқыштармен қамту мәселелері қаралды. Саладағы өзекті мәселенің бірі – қант қызылшасы дақылын өсіру жұмыстарында да бірқатар кемшіліктер орын алғандығы айтылды. Мәселен, жыл басында 8400 гектар жерге тәтті түбір егілді деп есеп берілсе, әзірге оның 6300 тоннасы ғана қант зауыттарына өткізілген. Кооперативтер құру мен ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бойынша жауапты басқарма мен аудан әкімінің орынбасарларына нақты тапсырмалар берілді. Басқосуда қаралған екінші мәселе – облыстағы жердің жағдайы. Суармалы егістік көлемі мен пайдаланылмай жатқан жер телімдері қанша? Былтырғы жылдың басында облыс әкімінің тапсырмасына орай егістік алқаптарының ғарыштық түсірілімі жүзеге асырылып, нәтижесінде 46 мың гектар игерусіз жатқан бос жерлердің бар екендігі анықталған. Ал облыста шаруалар 40 мың гектардан астам жер сұрап, өз шаруашылығын дөңгелентіп әкете алмай отыр. Осыған байланысты нақты талдау жасау ұсынылып, бұған жауапты басқарманың жыл бойы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Жиын соңында барлық айтылған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар күтетінін айтқан өңір басшысы берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде бір айдан кейін тағы бір кеңес өткізетінін еске салып өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар