ҰБТ-ны өткізу ережесінің жыл сайын жаңаратынына көпшіліктің еті үйренген. Әйтеуір жаңа оқу жылы басталысымен ата-аналар да, мұғалімдер де «Енді қандай өзгеріс енгізер екен?» деп елеңдеп отыратын болған. Содан кейде қоңыр күзде, кейде көктемге салым нақтыланатын жаңа талапты жұртқа түсіндіру науқаны қызу жүреді. Күн сайын айта берген соң шығар, бұл жаңалықты оқушылар да аса жатырқай қоймайды. Бірақ жылдағыдай емес, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің төрт рет өтетіні ертерек белгілі болды. Өйтетін де жөні бар, себебі жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға мүмкіндік беретін алғашқы сынақты қаңтардың 18-19 күндерінде өткізу жоспарланған. Жаңа жылдың күнтізбесін жаңа ашып бастағанымыз кеше ғана сияқты еді, әне-міне дегенше екі онкүндікті де артқа қалдырып үлгердік. Сөйтіп жүргенде кеше қаңтардағы тестілеудің бірінші легі де басталып кетті. Жалпы 2019 жылдан бастап талапкерлерге жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз) тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Ал білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін түлектерге маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысуы қажет. Алғашқы лекте тапсырған үміткерлер кейін конкурсқа қатысамын деп шешсе, маусымда қайта тест тапсыруына рұқсат. Оған дейін өзінің дайындық деңгейін сынап аламын десе, шектеу жоқ. Ұлттық тестілеу орталығының облыс бойынша базалық филиалы берген мәліметке сүйенсек, осы қаңтарға белгіленген сынақтың екі күнінде облыс бойынша 1993 талапкер тест тапсыруға өтініш білдіріпті. Филиал басшысы Жамбыл Ізтұяқтың айтуынша, тестілеу өңірде 5 пунктте өткізілген.
– Жалпы, сынақты тапсыру форматында өзгеріс жоқ. Бұл норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілгені белгілі. Жалпы республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес, 18-20 қаңтар аралығында 74 пункттің базасында талапкерлер ҰБТ тапсырады. Ал облысымызда алғашқы лек 5 пунктте өтеді. Қордай ауданындағы пунктте және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында – Талас, Жуалы және Тараз қаласынан өтініш білдірушілер, ТарМПУ-де –Жамбыл, Байзақ секілді жақын аудандар мен облыстық білім басқармасына қарасты білім мекемелерінің түлектері, Шу қаласында – Шу, Мойынқұм, Меркі аудандарының бітірушілері, Жаңатаста – өз таңдауларына қарай, Талас, Сарысу аудандарының оқушылары тестілеуге қатысуда. Өтініш берген 1993 талапкердің 1662-сі сынақты мемлекеттік тілде, 329-ы орыс тілінде, екеуі ағылшын тілінде тапсыруға шешім қабылдаған. ҰБТ-ны ағылшынша тапсыруға ниет білдіргендер – дарынды ұлдарға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының шәкірттері, – деді Жамбыл Алпысбайұлы. Тараз қаласындағы тестілеу өткізу пунктінің бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында орналасқаны белгілі. Осы пункттегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, аталған оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбековтің сөзіне сүйенсек, 19 қаңтар күнгі тестілеуге қатысуға 590 талапкер өтініш білдірген екен. Олар негізінен 3 санаттағы үміткерлер көрінеді. – Алғашқы санатқа биыл мектеп бітіретін түлектер енгізілген. Екіншісі – былтыр жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданғандар, яғни ҰБТ-ны ақылы түрде қаңтарда тапсыруға мүмкіндік берілгендер. Үшіншісі – тестілеу кезінде шығармашылық мамандықтарды таңдап, кейін басқа мамандықтарға ауысуға ниет білдіргендер. Бұрын оларға бірінші тоқсаннан кейін белгіленген емтихандарды тапсырып, басқа мамандықтарға ауысуға мүмкіндік берілетін. Биылдан бастап оларға қайта ҰБТ тапсыру міндеттеліп отыр. Бүгінгі тестілеуде мамандығын өзгерткен 62 студент қайта сынаққа қатыспақшы. Сондай-ақ бірінші академиялық кезеңнің соңына дейін оқуға қабылданған 94 адам тестілеуден өтеді. Қалған 434-і – Тараз қаласының және Жуалы, Талас аудандарынан өтініш берген биылғы мектеп түлектері, – деді Махметғали Нұрғалиұлы. Мемлекеттік комиссия төрағасының айтуынша, ҰБТ-ның бірінші легінде пунктте 12 аудитория дайындалыпты. Оның үшеуі резервке қойылған екен. Талапкерлер санының аз әрі тестілеудің бұл кезеңінде сертификат тапсырылғанымен, тек ақылы негізде оқуға мүмкіндік берілетініне қарамастан, сынақты өткізу талаптары бұрынғыдай. Тест тапсырушыларды аудиторияларға кіргізерде арнайы металліздегіш құрылғылар арқылы тексеріп, ұялы телефон сигналдары өшіріледі. Барлық аудиторияға бейнебақылау камералары қойылған.
Ардақ Үсейінова
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді