Тәуелсіздік алғаннан кейінгі діни жаңару халықтың басым бөлігінің исламға бет бұруы ата дінімізге үлкен сұраныс туындатты. Кеңестік кезеңдегі діни мамандар дайындаудың үзілуі, сәйкесінше қажетті мамандардың жетіспеуі ұлты, ұстанымы басқа шетелдік ислам мамандары мен уағызшыларының елге ағылуының басты себептерінің бірі болды. Мұндай уағызшылардың арасында радикалды бағыттағы, экстремистік топтардың өкілдері де болмай қалған жоқ. Діни экстермизмнің қай аймақта болмасын (еліміз бойынша) таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен бұл діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу, діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Бұл жерде Абайдың иманды «якини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Мұның алғашқысы танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шын иман. Екіншісі, өзі ештеңені білмей, еш нәрсе туралы ойламай, дін иелерінің сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным. Бұл – қазіргі қоғамға тән ахуал. Діни сауатсыздықтың көрінісі діни радикалданудың себебі болып отыр. Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болуда. Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғындырылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішті салдары орын алады. Ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың еркін қолжетімділігі де маңызды себептердің бірі болып табылады. Кейбір сайттар адамды бірден қарулы жиһадқа шығып, зайырлы билікті құлатуға шақырмай-ақ зайырлы билік немесе өзге діндегілер туралы сыни пікірлер білдірмей-ақ, ел ішіне іріткі салуда. Мұндай сайттардың сыртқы безендірілуі де тек исламға арналған ақпараттық портал түрінде берілуі мүмкін. Олардағы басты мақсат мемлекетте ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінді бөлшектеуден басталады. Мұндай сайттардың ортақ ұраны «Таухид – бұл мақсат, ал жиһад – оны жүзеге асыру жолы», «жиһад әркімнің жеке міндеті» деген ой. Бұл ой ашық немесе жасырын түрде мейлінше белсенді түрде таратылады, таңылады. Салдары ретінде қоғамда араб елдерінің ұлттық киімін кигендер мен мешітке құлағына наушник тағып баратындар пайда бола бастады. Өзге елге жиһадқа аттанып өлім құшқандар мен өз елінде экстремистік идеяларды таратып түрмеге қамалғандар саны артты. Біздің әрбір жас азаматтарымыз діни тұрғыда да ізденіп, көзі ашық болғаны абзал. Жастар сауатты болса, оларды түрлі теріс ағымдар сүйрелеп әкете алмайды. Имандылықты дамытып, дәстүрлі дінді ұстанған жастар ата-анасын құрметтейді, Отанын сүйеді. Міне, осындай жалынды жастар еркін еліміздің кемел болашағы. Бұл мақсатта дін саласы қызметкерлерінің және мемлекет жанашырларының жүзеге асырар жоспар-жобасы өте көп. Бұл орайда Жуалы жерінде де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ауданда жиырмадан астам мешіт бар. Біздегі діни ахуал тұрақты. Мешіттерге келіп кетуші жамағаттарға қолдау жоғары. Мешітке бейсауат, бөтен ниеттегі адамдардың келуі де бақылауда. Осы кезге дейін ондай тосын жағдайлар орын алған емес. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығын тарих көрсетіп берді. Сондықтан бұл мәселенің алдын алу – кезек күттірмейтін шара. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу – діни сауаттылықтың негізгі қырларының бірі. Өйткені қазақ тарихына үңілген кез келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқайды.
Рамазан Абдалиев, облысы әкімдігі «Оңалту орталығы» КММ-нің Жуалы ауданы бойынша инспекторы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді