Тәуелсіздіктің ширек ғасырында білім саласы айтарлықтай дамыды
- author «Ақ жол»
- 25 желтоқсан, 2018
- 216
Ширек ғасырдан астам уақытта тәуелсіз Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Белгілеген межелерге жетті, биік белестерді бағындырды. Осы кезеңде еліміз саяси құрылымның өзіндік үлгісін жасады. Халықтың мүддесін қорғай отырып, ішкі-сыртқы саясаттағы мәселелерін реттеді. Бастысы, өркениетке апаратын даңғыл жол – білім саласын дамытуды назардан тыс қалдырған жоқ. Жалпы, әлемдегі дамыған мемлекеттердің тарихына көз жіберсек, білім саласы маңызды рөл атқаратынына көз жеткізесіз. Қазақстан тәуелсіз ел болып, еңсе тіктегенде мемлекеттік саясатты жүргізуде ең алдымен адам капиталын дамытуға басымдық беріп отырғаны да сондықтан. Сала ісін жаңғырту білім берудің барлық сатысын дамытудан басталады. Еліміз тәуелсіздігін алған 27 жыл ішінде білім саласына үлкен көңіл бөлінді. Білім саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп отырды. Мәселен, 1999 жылы облыста осы салаға 2,7 миллиард теңге бөлінсе, 2018 жылы бұл сома 107,0 миллиард теңгеге жетті. Орта есеппен 39,6 есеге өсіп отыр. Бұл өз кезегінде білім берудің барлық сатысын дамытуға әсер етті. Тәуелсіздік алған жылдары облыста 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істесе, бүгінгі күні олардың саны 527-ге жетуі, яғни 15,5 есеге артуы – соның дәлелі. Бүгінде облыста 377 балабақша және 150 шағын орталықта 53932 бала тәрбиеленіп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында 82,9 пайызды, 3-6 жас аралығында 97,7 пайызды құрағаны – сала ісін жетілдіруге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың жемісі. Қазіргі кезде өңірімізде 446 мектеп бар. Онда 222801 оқушы білім алуда. Оның ішінде 54-і бастауыш, 33-і негізгі, 359-ы орта мектептер. 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, едәуір өскен. 27 жылда облыстағы орта білім беретін мекемелер саны 40-қа артқан. Тәуелсіздік жылдарында білім беру ісін жетілдіру бағытында реформалар жүргізілгені белгілі. Үш тілде білім беруді кезең-кезеңімен енгізу үшін өңірімізде жалпы білім беретін мектептерде жаратылыстану ғылымдары пәндерін ағылшын тілінде оқытуды енгізудің кестесі және картасы әзірленді. Биылғы оқу жылында 277 мектепте физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылуда. Облыстың барлық мектептерінде 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8-сыныптары Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін тарату мақсатында облыста 40 білім мекемесі базалық алаң ретінде ұсынылған. Осы мақсатта «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы К.Шамшединова мен облыс әкімі А.Мырзахметов арнайы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ білім мекемелеріне аталған мектептердің озық тәжірибесін енгізуде педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында облыстық білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығы Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен біріккен жоспар жасады. Білім берудегі енгізіліп жатқан жаңашылдықтар өз жемісін беруде. Биыл облыс оқушылары республикалық олимпиада қорытындысы бойынша 7 жыл қатарынан, ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша 6 мәрте «Ең үздік команда» атанып, 1-орындарды жеңіп алғаны, дарынды ер-балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының үздіксіз он рет Үздік олимпиада мектебі» атағын иеленгені – соған дәлел. Жалпы жамбылдық жас дарындар биыл халықаралық, республикалық пәндер олимпиадасы мен ғылыми жарыстарда 143 медальды жеңіп алды. Білім көрсеткішінің артуына өңірімізде жаңа типті мектептер мен дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының саны арта түскені де әсер етіп отыр десек, қателеспейміз. Биылдың өзінде облыста 11 мектеп-лицей мен дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернаты ашылып, дарынды оқушылардың білім алуына мол мүмкіндік туғызды. Қазіргі кезде облыста 30 мыңға жуық педагог қызмет атқарады. Өңірімізде мұғалім мәртебесін арттыру бағытында да мақсатты жұмыстар жүруде. Жыл басында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 30 пайызға көбейді. Аттестаттаудың жаңа жүйесі бойынша біліктілігін дәлелдеген мұғалімдерге 30-дан 50 пайызға дейін қосымша ақы төленуде. Сондай-ақ физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдердің айлық жалақысына 35 мың теңге қосылды. Үкімет тарапынан көрсетілген әлеуметтік қолдаулардың арқасында облыста шығармашыл ұстаздардың қатары көбейіп келеді. Өткен оқу жылында облыстың 1224 (1184-і республикалық қашықтық олимпиадалары) педагогі түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанған болатын. Биыл 4 мұғалім республикалық «Үздік педагог – 2018» байқауының жеңімпазы атанып, 2 миллион 405 мың теңгенің сертификаттарын иеленді. Өңір басшысы білім саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырады. Орта білім беретін үздік ұйымдарға жыл сайын облыс әкімінің гранты тағайындалатыны – соның бір көрінісі. Биылғы сыйақы Айша бибі атындағы «Білім-Инновация» мектеп-интернатына беріліп, ұжым 22 миллион 627 мың 200 теңгенің сертификатын жеңіп алды. Сонымен қатар педагог кәсібінің мәртебесін арттыру үшін Асқар Мырзахметовтің бастамасымен биыл облыстың үш «Үздік білім беру ұйымына» 1 миллион теңге, 5 «Үздік педагогіне» 150 мың теңге көлемінде қосымша сыйақы тағайындалды. Тәрбиесіз берілген білімнің жемісі болмайтыны баршаға аян. Сондықтан оқыту үдерісінде қосымша білім беру мекемелерінің желісін дамытудың маңызы зор. Тәуелсіздік алған жылдары облыс бойынша 10 мектептен тыс мекеме ғана жұмыс істейтін. Бүгінгі күні олардың саны 76-ға жетіп отыр. Онда 59417 (26,6%) оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Жалпы облыс бойынша қосымша білім берудің барлық түрімен қамтылған оқушылар үлесі 92,3 пайызды құрайды. Заман ағымына сай бүгінде цифрлық технологиялар тұрмыстың барлық саласына дендеп енуде. Ал бұл орта білім беру ісінде балаларға ақпараттық технологиялардың тілін меңгеруді үйретуді ерте бастан қолға алу керектігін көрсетеді. Өңірімізде осы бағыттағы жұмыстар да қарқынды жүруде. Мәселен, 1991 жылы облыстың бірде-бір білім мекемесі компьютермен жабдықталмаған болса, бүгінгі күні облыстағы 446 мектепте 24 257 компьютер бар. Мектептердің 429-ы ішкі сымсыз Wi-Fi желісімен жарақтандырылған. 437 мектеп «Күнделік» жүйесіне қосылған. «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстары порталына 446 (100 пайыз) мектеп қосылған. Оның 427-сі онлайн, 19-ы офлайн тәсілінде білім беру ресурстар порталына қосыла алады. Цифрландыру ісінің өмірімізге дендеп енгені соншалық, бүгінде балабақшаға балаларды кезекке қою және жолдама алу да ақпараттық жүйеде жұмыс істейді. 187 мектепте 1-сыныпқа қабылдаудың ақпараттық жүйесі енгізілді. Жыл соңына дейін 254 мектепке толық енгізіледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі 100 пайыз автоматтандырылды. Тіпті 446 мектепте педагогтерді жұмысқа қабылдауды басқару және вакансия кезегін автоматтандыру ақпараттық жүйесі енгізілген. Бұл қадамдар өз кезегінде сыбайластық жемқорлық әрекеттердің алдын алып, тұрғындар көкейіндегі күмәнді сейілтіп, адал қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызары анық. Елбасы атап өткендей, білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізілуі қажет.
Рахия ТҰРМАХАНБЕТОВА, облыстық білім басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді