Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл аса маңызды тарихи оқиға жаңа Қазақстанның дамуына жол ашып, бірегей мүмкіндіктер туғызғанын атап өтті. – Біз әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен қуатты әрі орнықты мемлекет құрдық. Біз даму жолын ұстана отырып, түрлі салалар мен бағыттар бойынша зор табысқа жеттік. Бұл жетістіктерге барша қазақстандықтардың күш-жігері мен жасампаз қуатының арқасында қол жеткіздік, – деді Елбасы. Қазақстан Президенті мемлекетімізде жыл сайын еліміздің гүлденуіне зор үлес қосқан азаматтар наградалармен марапатталып, сыйлықтарға ие болатынын айтып, мұндай марапаттар ең үздіктерге, кәсіби тұрғыдан биік белесті бағындырған және қоғам тарапынан мойындалған тұлғаларға тапсырылатынын атап өтті. – Сіздер өскелең ұрпақ пен еліміздің барша азаматтарына аянбай қызмет етудің, айрықша еңбексүйгіштіктің және нағыз патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің ең жоғары бағасына және халықтың құрметіне лайық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Базарбайқызы Бәйменоваға беріп, оның өмір қиыншылықтарына мойымай, тағдыр тауқыметін тартқан адамдарға көмек көрсетіп жүргенін атап өтті. Қазіргі кезде Қ.Бәйменова мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету жөніндегі жобаларды іске асыруда. – Сондай-ақ «Қазақстанның Еңбек Ері» мәртебелі атағын Алина Робертовна Соловьева иеленеді. Ол – ұлағатты ұстаз, өз өңіріндегі білім беру жүйесін дамытуға мол үлес қосты. А.Соловьева жаңашыл әрі шығармашыл педагог ретінде әлемнің үздік тәжірибелері мен заманауи технологияларын оқу-тәрбие үдерісіне белсенді енгізіп келеді, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен жерлесіміз Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаевты марапаттай отырып, оның ірі шаруа қожалығының басшысы ретінде адал еңбек етіп, туған жерінің дамуына және өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын айтты.
– ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Абай Қабатайұлы Байгенжин марапатталады. Оның бүкіл кәсіби қызметі медицина саласымен байланысты. Ол еліміздің денсаулық сақтау саласының жетекші мекемелерін құру және дамыту ісіне зор үлес қосты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділді ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттап, оның тарихи романдары мен шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылғанын және қазақ әдебиетінің алтын қорына енгенін атап өтті. – ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Олег Владимирович Даниленкоға табыс етіледі. Ол ширек ғасырдан астам уақыт бойы еліміздің ауыл шаруашылығында жемісті еңбек етуде. Олег Даниленко басқаратын агрофирма асыл тұқымды мал шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ауылдың әлеуметтік саласына лайықты қолдау көрсетіп келеді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін «Kazakhmys Smelting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мыс қорыту зауытының балқытушысы Теміржан Сабыржанұлы Бекжановқа табыс етті. Нұрсұлтан Назарбаев Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жол-патрульдік полициясының инспекторы Азамат Қанатұлы Балтабаевты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттай отырып, қаһармандыққа баулитын мамандық иелері азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жолында әрдайым ерлік көрсетуге әзір екенін айтты. – Қиын жағдайда өзіне қауіп төніп тұрса да, Азамат төрт адамның, соның ішінде бір баланың өмірін құтқарып қалды, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы адам өмірін құтқарып, ерлік пен батылдық танытқаны үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің №2 өртке қарсы мамандандырылған бөлімшесінің командирі Ермекбек Пазлиевті марапаттады. Сонымен қатар Қазақстан Президенті марапатталушылар қатарында ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер мен өндірісшілер, әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еңбек ардагерлері, спортшылар мен мемлекеттік қызметшілер бар екенін атап өтті. – Бүгін біз ең үздіктерді, соның ішінде елінің гүлденуі мен халқының әл-ауқатының артуы үшін бар білімін, қуаты мен күшін жұмсауға әзір өз Отанының нағыз патриоттарын марапаттап отырмыз. Сіздер өз істеріңізге адалдық танытып, еңбекті қадірлеп, ерлік көрсету арқылы әріптестеріңіздің арасында беделге ие болып, қоғамымыздың құрметіне бөлендіңіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Тыныштықбек Әбдікәкімовке, Ақұштап Бақтыгерееваға және Өтеген Оралбаевқа табыс етіп, азаматтарымыздың рухани тұрғыдан жаңғыруы мен шығармашылық әлеуетінің дамуы еліміздің маңызды басымдығы болып саналатынын айтты. – Мемлекеттік сыйлықтар «Абай» операсын қойған және «Анаға апарар жол» фильмін түсірген шығармашылық ұжымдарға беріледі. Бұл көркемдік деңгейі жоғары туындылар Қазақстан мәдениеті мен өнерін әлемдік деңгейде ілгерілетуге септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, рәсім барысында І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендері еңбек ардагері Ж.С.Кәріпжановқа, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.М.Мыңбаевқа, «Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры С.Ш.Оразалыға, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б.М.Имашевке табыс етілді. «Парасат» орденімен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.І.Ақсақалов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Б.Атамқұлов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының жетекшісі С.Қ.Ахметжанов, «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» РМК ректоры Т.О.Балықбаев, «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ бас директоры Е.Қ.Бекхожин, Премьер-Министрдің орынбасары Е.А.Досаев, Жамбыл облысының әкімі А.И.Мырзахметов, «Uniserv» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Н.Сәтбаев, Маңғыстау облысының әкімі Е.Л.Тоғжанов марапатталды. «Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында Денсаулық сақтау министрі Е.А.Біртанов, «Қазақ ұлттық хореография академиясы» КЕАҚ оқытушысы Л.В.Макарцева, Ұлттық экономика министрі Т.М.Сүлейменов, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің бас дирижері Д.Н.Тілендиева бар. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы кино әртісі С.І.Есләмоваға және «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» РММ аға оқытушысы Я.С.Рудковскийге берілді. Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заң мен құқық тәртібін қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы, атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы А.А.Ақшаев, Қорғаныс министрінің орынбасары М.М.Алтынбаев, Алматы қаласының прокуроры Б.Қ.Жүйріктаев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Д.Ж.Қосанов, Мемлекеттік күзет қызметі Нысандарды қорғау қызметі «Айбын» Президент полкі» рәсімдік батальоны құрмет қарауыл ротасының бөлімше командирі Ә.А.Төребеков марапатталды. Сонымен қатар рәсім барысында Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы 2018 жылғы мемлекеттік сыйлық «Абай» операсы үшін Т.Н.Әлпиев, С.Ә.Байғожин, Ғ.А.Ахмадияров енген авторлар ұжымына және «Анаға апарар жол» толықметрлі көркем фильмі үшін А.Қ.Сатаев, Ә.Н.Назарбаева, А.Б.Нөгербек, Ә.Е.Ахметов енген авторлар ұжымына табыс етілді. Соңында Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар мен сыйлықтардың басты мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында берілуінің символдық мәніне тоқталды. – Сіздер мемлекеттің осы жоғары бағасына лайықты болып, Қазақстан халқының игілігі жолында қызмет ете береді деп сенемін. Жастарымыз өздеріңіз салған жолмен жүріп, жаңа белестерді бағындыратын болады. Отанымыздың қауіпсіздігі мен бақуаттылығы сіздердің қолдарыңызда! Осы жоғары әрі мәртебелі миссияға әрқашан лайық болыңыздар! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. * * * Өз тарапымыздан айта кетсек, Елбасы қолынан салтанатты жағдайда «Парасат» орденін алған Асқар Мырзахметов облысымызға әкім болып тағайындалғалы бері өңір тұрғындары мақтанышпен айтатын көптеген жұмыстар атқарылды. Асқар Исабекұлы ең алдымен облыс айнасы – Тараз қаласының кескін-келбетіне баса назар аударып, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын жаңғыртты. Сондай-ақ «Мамыр бауы», ҚР Тұңғыш Президенті атындағы және Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтарды да жаңғыртуды қолға алды. Бұдан өзге, «Зербұлақ» көлінің айдыны тазартылып, жағасы абаттандырылып, тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалды. Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» сквері және темір жол вокзалы алдындағы аллея қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берді. Облыс әкімі тарихи орындарға да ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізбесіне енген Ақыртас қалашығын қайта жаңғырту үшін Мәдениет және спорт министрлігі және «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамымен үш жақты меморандумға қол қойып, мәмілеге келуін айрықша айтуға болады. Аймақ басшысы Астана қаласының 20 жылдығына да теңдессіз тарту жасады. Елорда төрінен салынған веложол елордалықтардың игілігіне берілсе, мереке қарсаңында облыста 20 нысан елге есігін айқара ашты. Әсіресе, Қордай ауданы Әлжан ана ауылындағы Мемлекет басшысының анасының құрметіне салынған мұражай бір жарым айда бой көтеріп, көпті таңғалдырды. Әсіресе Тараз қаласы төл мерекесі қарсаңында ажарлана түсті. Осы айтулы мереке күні жыр алыбы Жамбыл Жабаев ескерткішінің қаланың ең көрікті жерінен қайта бой көтеруі жұртты ерекше ризашылық сезіміне бөледі. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің еңселі ескерткіші, «Тәуелсіздік ұшқыны» стелласы, «Ғибрат» орталығы, «Желтоқсан толқыны» субұрқағы мен аллеясы, спорт алаңшалары, «Жеңіс» саябағынан тыл еңбеккерлеріне, Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыздандыруға қатысушылар мен ядролық сынақтан зардап шеккендерге арналған ескерткіштер ашылды. Мұның бәрі, әрине, облыс әкімі атқарған жұмыстардың бір парасы ғана. Ал өңір экономикасы мен оның әлеуметтік жағдайын көтеру жолындағы жұмыстары бөлек әңгіменің арқауы деп білеміз.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді