«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бәсекеге қабілетті жас биікті бағындырады

Бәсекеге қабілетті  жас биікті бағындырады
ашық дереккөз
Бәсекеге қабілетті жас биікті бағындырады
Егемен елдің ертеңінің қандай болмағы – тәуелсіз мемлекеттің тұтқасын ұстар өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Жастары өнер үйреніп, білім алуға ұмтылып тұратын мемлекеттің болашағы да жарқын болары сөзсіз. Елбасы жастар мәселесіне әрдайым баса назар аударып, бізді үнемі қанаттандырып отырады. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы – соның бір дәлелі. Себебі Президент жас толқынның білім алуын, әлеуметтік жағдайын ерекше атап өтіп, келер 2019 жылды «Жастар жылы» деп бекітуді ұсынды. Бұл – бізге артылған зор сенім әрі үлкен жауапкершілік. Осының өзі өскелең ұрпаққа ерекше серпіліс берді десем, артық айтпаймын. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олар үшін жасалып жатқан игі бастамалардың барлығы – ел ертеңін ойлаудан туған қажеттіліктер. Жаһандану заманында жас ұрпақтың қатарынан қалмай, бәсекеге қабілетті болғаны маңызды. Қазақстандықтардың үштен бір бөлігін құрап отырған буын білімде, ғылымда, өнер мен спортта алда жүруі тиіс. Сондықтан Елбасы экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, білім беру ісін әрі қарай жетілдіруді тапсырып отыр. Мемлекеттік саясатта жастар саясатына басымдық берілген. Атап айтсақ, елімізде өскелең ұрпақтың басты құжаты – мемлекеттік жастар саясаты туралы заң бар, кәсіпкерлікпен айналысу үшін бекітілген түрлі жобалар, әлеуметтік қолдаулар және білімімізді шыңдауға арналған бастамалар да жетерлік. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі университеттер мен зияткерлік мектептер де ашылған. «Болашақ» және «Жастар – Отанға!», «Жастар кадрлық қоры», «Еркін пікір», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары қабылданған. Мұның барлығы – Елбасымыздың жас ұрпаққа деген қамқорлығының іс жүзіндегі көрінісі. Осының өзі қазақстандықтарды даму жолында үлкен жетістіктерге жетелеп отыр десек, қателеспейміз. Ал бізден талап етілетін бір-ақ міндет – ол біздің сапалы білім алып, белгілі бір кәсіпті меңгеріп, ел экономикасын нығайту үшін еңбек ету. Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзінің мәні де осында. Алайда тәрбиесіз берілген білім тұл екенін көпшілік жақсы біледі. Рухани құндылықтардың бағасы төмендеген қоғам – қауіпті. Сол себепті білім мен тәрбие, әсіресе рухани тәрбие өзара сабақтасып жатуы тиіс. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ. Өйткені ол — тек ғылымның іргетасы ғана емес. Дамуға бастайтын даңғыл жол. Инемен құдық қазғандай оқу болса ғана даму, жетілу мен кемелдену болмақ. Қазіргі Жолдау – өткенді сараптап, алдыңғы жоспарлардың басын ашып, болашаққа жол ашу. Біз, жастар, Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын қолдай отырып, алға қойған жоспарларды орындауға дайын болуға тиіспіз. Сол үшін барлық қазақстандық жастарды ортақ мүдде жолында жұдырықтай жұмылып, алда тұрған ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуға шақырамын. Назгүл ӘБІТАЕВА, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы.

Ұқсас жаңалықтар