Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-пәлсапалық мәні зор, кең тынысты, әр тарауы ұлттық идея секілді ғажап мақаласын оқыған әрбір қазақтың кеудесін зор мақтаныш сезімі кернегені анық. Өйткені мақала Ұлы даланы мекен еткен қазақ ұлтының бай тарихын, өмірлік ұстанымдары мен түбі бір түркі жұртының құндылықтары туралы жаңаша көзқарастағы ойларды қаузайды. Сонысымен баршамыздың жүрегімізді жаулап, көңілімізді баурай түседі. Ұлттық құжатқа айналатын жазбаны тебіренбей, толғанбай оқу әсте мүмкін емес. Оқып отырып, сан түрлі ойға шомасың, Ұлы даланы мекен еткен халықтың рухани құндылықтарының аса мол екендігіне көзіңді жеткізе түсесің.
Кезінде бізді отарына телігендер «мәдениеттен жұрдай, бұратана халық» деп айтып, солай көрсетуге ынтық болды. Әлбетте, сол бағытта мақсатты жұмыстарын жүргізіп бақты. Сол арқылы күллі қазақты төл мәдениеті мен әдебиетінен жерітуге, бас тартуға итермелегісі келді. Сондай сұрқайы саясаттың құрбанына айналдыру үшін жұмылды. Белгілі бір деңгейде олар өздерінің көксеген ойларын жүзеге асырғаны да жасырын емес. Оны қарт тарих парақтарын ақтарсақ, көз жеткізе түсеміз. Осылайша бізді рухы жоқ, жан дүниесі тозған халық ретінде сипаттап, соған сендірді. Алайда уақыт деген ұлы төреші бар екенін әлгілер қаперден шығарып алғаны ақиқат. Бүгін –соны дәлелдеудің сәті түскен кезең.
Иә, біздің бабаларымыздың асыл аманаты орындалды. Рухани тұрғыдан өстік, өндік, жетілдік. Қазақтың өмір салты дербес болғаны бүгін күллі әлемге белгілі болып отыр. Оны ендігіде ешкім де жоққа шығара алмақ емес. Даңқты бабаларымыз көшпелі дала мәдениетін қалыптастырып, табиғатпен үйлесімде өмір сүрген. Соның нәтижесінде ұрпаққа мұра қылып, бай тарих, өшпес із қалдырды. Олар – біздің ажырамас құндылықтарымыз.
«Ұлы Даланың жеті қыры» атты Президенттің мақаласы күллі қазақтың бойында ұлттық мақтаныш пен ұлттық намысты, ұлтжандылық пен отансүйгіштікті дамытатын құрал һәм төлқұжат. Ұлттық идеологияның қайнар көзі. Терең толғанысты мақаланың жұртқа берері өте-мөте көп.
Батыстық мәдениеттің экспансиясы жағадан алған шақта вестернизацияның жетегіне ілескендей күй кешкеніміз рас. Ұлттық құндылықтарымыздың барлығы бұқаралық санадан қалтарыс қалды. Атқа міну мәдениеті мен көкпар тартуды белгілі бір топ білмесе, көпшілік жетік меңгеріп алған деу санаға қонымсыз. Ол ақиқат. Ұлттық деңгейдегі аңыздарымызды Спанч Боб, Супермендер алмастыра бастағанын да жоққа шығара алмаймыз. Осылайша Батыстық мәдениеттің «абақтысына қамалуға» жақындап-ақ қалғандай едік. Енді, міне, қайтадан көзіміз ашылып, көкірегімізге нұр құйылғандай болды. Сол үшін де біз кемеңгер Көшбасшы, қазақтың бағына туған адал перзент Нұрсұлтан Әбішұлына зор алғыс білдіргеніміз абзал. Себебі Елбасы ұлтының жоғын жоқтап келеді.
Мемлекет басшысы «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру қажеттігін айтып, қоғамның, баршамыздың алдымызға аса зор міндеттер қойып отыр. Бұл шын мәнінде де өте ауқымды жұмыс. Аса ұқыптылықты талап ететіні тағы рас.
Бұл – өткен тарихты, дала данагөйлерін ұлықтаудың, олардың асқақ бейнесін биікке көтерудің, ұлттық рухымызды жанудың тамаша мүмкіндігі. Тағдырдың қазаққа тарту еткен тамаша сыйы. Ендеше, осынау мүмкіндікті ұтымды пайдаланғанымыз жөн-ақ. Елбасы өзінің жаңа еңбегінде Қазақстанды күллі түркі халықтарының қасиетті «қара шаңырағы» деп атап көрсетті. Мемлекетіміздің мерейін тасытты. Мұны жалпы мойындалған, ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома десек те артық етпес деп пайымдаймыз. Сонымен қатар Президент «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алуымыз қажет деген тың бастаманы айтып, осы жоба аясында алдағы жылы Астанада түркологтердің дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыруды, сондай-ақ Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашуды ұсынып отыр. Біле білсек, бұның барлығы да түркі халықтарының басын қосатын, рухани үндестікті өркендететін қадамдар екені тайға таңба басқандай аян. Бұндай ізгі істер жақын арада жанданып, ұлтымыздың ұлылығын айғақтайтыны талас тудырмайды.
«Архив – 2025» атты жеті жылдық бағдарламаны жасау қажеттігін де Мемлекет басшысы алға тартты. Түсінген адамға архив – ұлтымыздың жады, халықтың жазылған хаты. Ең асыл қазынасы. Ендеше, бұл жоба қазақ тарихының жоқтаушысына айналуы тиіс. Жоғалтқанымызды жандандыруы қажет деп ойлаймын. Солай болатындығына бек сенемін. Шетелдерде жатқан ұлт тарихы жинақталса, одан алты алаш жұрты ұтпаса, ұтылмайтыны әлімсақтан аян емес пе?
«Ұлы Дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейі мен «Ұлы Даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы Даланың көне сарындары» жинағын басып шығару жобаларының да ұлт мұрасы үшін маңызы өте зор. Жоғарыда аталған жобаларды Президентіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыру қажет деп атап көрсету арқылы екі мақаланың үндестігін нығырлай түскендей. Мұны көрегенділік демеске шараң жоқ.
«Ұлы Даланың жеті қыры» атты жаңа мақала ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуындағы жаңа кезеңді бастап бермек. Ендігі мәселе – осы қойылған мақсат-міндеттерді іске асыруға қоғам болып атсалысу. Жұмылған жұдырықтай бірлік танытуға тиіспіз. «Бар қазақ – бір қазақ» деп күш қосуы керек.
«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады». Елбасының осы бір сөздері ұлы мұраттарды алға қойған ұлт азаматтарын жігерлендіретіні, қанаттандыратыны, шабыттандыратыны сөзсіз деп есептеймін.
Шындығында да, белгілі тұлғалар айтқандай, біз тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр көлемінде үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз. Ол заңды құбылыс. Осылай түсінгеніміз ләзім болмақ. «Мәдени мұра» – ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал «Ұлы Даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат. Осыны біз әлкі сәтке де есімізден шығармағанымыз дұрыс.
Мақаладағы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты тарауы көпшілікке терең ой салады. Бұл қазақ кино өнерінің тарландарына аса зор жауапкершілік пен міндеттер жүктейтіні ақиқат. Өйткені төл тарихымызды көгілдір экранға шығарған кезде енді біз ұлылығымызбен, дала философиясын көрсете алатындығымызбен жаһанды мойындатуға күш салуымыз керек деп ойлаймын. Отандық киноиндустрия өкілдері енді мейлінше тарихи тақырыптарды қазақы қалыппен, ұлттық таныммен қамтуға күш салады деген ойдамын. Өйткені зымырандай зулаған уақыттың өзі бізге соны жүктеп отырған жоқ па?
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы Даладан тарағаны тарихтан белгілі» делінген осынау мақалада. Жылқыны қолға үйрету барысында бабаларымыз қаншама дүниелерді ойлап тапқан десеңізші. Аттың ауыздығы, үзеңгісі туралы ойлап көріңізші. Ғажап қой. «Ауыздық» жылқыны бағындырудың белгісі болса, «үзеңгі» ат үстінен садақ ату мүмкіндігіне жетудің нақты белгісі емес пе? Біз дайын дүниеге ие болғаннан кейін, оның жасалу жолдары туралы терең ойлана бермейміз, тіпті назар аудармаймыз. Ал сол кездегі өлшем бойынша, ол дегеніңіз – үлкен арифметика. Керемет дәлдікті қажет ететін жағдай. Металл өндіретін зауыты жоқ, фабрикасы жоқ заманда ондай нәрсені ойлап табу, жасау сол заман үшін ақыл-білімнің шыңы десе болғандай. Арбаның дөңгелегін ойлап табуы, әлемдегі барлық өркениетке негіз болған «механика» ілімінің басы десе де болады.
Жалпы алғанда, атқа міну мәдениеті біздің елден бастау алғанын Мемлекет басшысы анық әрі нақты дәйектермен алға тартқаны қуантты. Сол арқылы қазақ халқының қалыбын, тарихын, далалық өркениетті сипаттай білген. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп талай істі тындырған ұлы халықтың ұлағатын бойымызға сіңіруге негіз болатын ойлар айтып отыр. Сонымен қатар өткен тарихымызды ұмытпау қажеттігін еске салады. Қайта Ұлы Даланың ұрпағы екеніңді мақтан тұту керектігін айқын дәлелдермен алдыңа әкеп береді.
«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты бөлім түркі-қазақ халқының ауызша мәдениетінің терең де мәнді астарларын қамтып өтеді. Санаға түрлі ой келеді. Шындығында, жазба мәдениетінің асқақтығын насихаттайтын таным атаулы бір қырынан дұрыс шығар, екінші бір қырынан, біз оның мынадай артықшылықтарын атап өткіміз келеді.
Шындығында, «жазбалық – мәтіннің мәңгілікке арналған өлместігінің кілті емес» деген қағиданы туындатсақ, оны тарихи руханияттардың сабақтасуы арқылы таразыласақ, онда фольклордың ауызша тараған мұраларының қаншама ғасырлар бойы ұмыт болмай сақталып келе жатқандығының ішкі сырына үңілуге мүмкіндіктер ашыла түседі. Соған да зер салғанымыз мақұл.
«Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» – тарих, «Атқа міну мәдениеті» – этнография, «Ұлы Даладағы ежелгі металлургия» – экономика мен индустрия, «Аң стилі» – мәдениеттану мен бейнелеу өнері, «Алтын адам» – археология, «Түркі әлемінің бесігі» – тарихи география, «Ұлы Жібек жолы» – тарих пен нарық, «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» – ботаника, «Тарихи сананы жаңғырту» – саясаттану, «Ұлы Даланың ұлы есімдері» – әлеуметтік философия мен әлеуметтану, «Түркі әлемінің генезисі» – тарихи код пен генетика, «Ұлы Даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі» – өнертану, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» – әдебиет, фольклор, саз өнері, «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» – кино, театр өнері мен БАҚ.
Байқасаңыз, «Ұлы Даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласы осындай салаларды қамтыған екен. Бұл салалардың барлығы бір-бірімен сабақтас, құрамдас десек те болады. Экономикасы бүтінделмеген ел өзінің байырғы тарихына бас ауыртпайды. Өйткені әлеуметтік жағдай бірінші орынға шығады. Алайда тарихсыз болашақ жоқ. Қазақстан Президентінің бұл мәселеге дер кезінде назар аударуы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан иммунитетінің толысқанын тағы бір мәрте айқындай, айғақтай түседі.
«Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деу арқылы Елбасы біздің мемлекеттің табиғи байлығын да айшықтап тұр. Түсінген жанға өте керемет емес пе? Көздің жауын алатын қызғалдақтарды бәріміз білеміз, көріп жүрміз. Алайда соны өзіміздің байлығымыз ретінде қадірлей алмай жүрген шағымызда Мемлекет басшысы санамызды дүр сілкіндірді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау мақаласы, қай жағынан алып қарасақ та, ұлттың ұлылығын, қазақ даласының ғажаптығын, түркі халықтарының рухани жақындығын алға тартып қана қоймай, оны тарихи астармен, деректермен тұздықтайды, айшықтайды. Сол арқылы болашаққа, ертеңгі күнге бағдар жасайды. Толғамдары арқылы таразылай түседі. «Кеше не бітірдік? Бүгін қандай істі қолға аламыз? Ертең нендей істерді жүзеге асыруға тиістіміз?» деген секілді көптеген сұрақтарға дайын жауаптар береді. Бізді де толғандырады.
Меніңше, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы барлық саланың білгірлерінің көкейіндегісін тап басып отырған секілді. Ол өнертануға, киноиндустрияға, тарихқа қатысты болсын, басқаға қатысты болсын, бәрібір. Өйткені мұндағы мақсаттар мен мұраттар бір. Ұлттың кемел келешегі үшін жасалатын қадамдар ғана бізді Мәңгілік Ел ретінде жаһанға әйгілейді.
Санасы жаңғырған ұлт қана түп тамырының қайда екеніне зер салып, келер күннің қамына кіріседі. Уақыт атаулының құнын біледі. Әр сәтін қадір тұтады. Біз кешегі масылдық психологияны кері ысыруға тиістіміз. Өйткені «Алма піс, аузыма түс» дейтін уақыт өтті. Ойдың озық болып, сананың сілкінетін дәуірі туды. Әрқайсымыз мынау кең-байтақ даланың гүлденуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлесімізді қосқанымыз абзал.
«Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала – ұлттық мемлекеттің айнасы. Түбі бір түркі әлемінің бойтұмары деуге де болатын секілді. Бұл құнды құжат Ұлы Дала өркениетінің барометріне айналады. Мақала негізінде елімізде әлі көптеген жұмыстар қолға алынып, қыруар тірліктер тындырылатынына сенімім кәміл.
Біз кеңестік кезеңде төл тарихымызды тұңғиыққа тастап жіберіп, қызыл империяның айдауынан шыға алмай, айтқанына көнгеніміз, солардың айтқанын ақ деп білгеніміз жасырын емес. Нәтижесінде ондаған жылдар бойы барымызды жоғалттық, өткенімізді өшіруге айнала бастадық. Әлбетте, рухсыздандыру саясатының құрбанына айналғанымыз ақиқат.
Қылышынан қан тамған қызыл империяның өктемшіл билігі осылайша бізді тамырымыздан ажыратуға белін бекем буып кірісті. Сол бір сұрықсыз жылдар енді оралмас кезеңге айналды. Өйткені Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Азаттықтың ақ айдынында жүзген елдің өз ойы, ұстанымы, айтары болатыны сөзсіз. «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала – сол қазақ дейтін ұлттың сөзі. Ал ұлттың сөзін Елбасының өзі айтып отырғаны жүректі елжіретеді.
«Ұлы Даланың жеті қыры» – «Болашаққа бағдар: рухани» жаңғыру атты бағдарламалық мақаланың заңды жалғасы. Идеялық жемісі. Дәл осы мақаланың атауында да ұлттық таным, кие бар секілді көрінеді.
Қай кезде де қазақ халқы «жеті» сөзін жанына жақын көрген. Сондықтан да болса керек, «Жеті қазына», «Жеті атаға дейін қыз алысуға болмайды», «Жеті қат көк», «Жеті жоқ», «Жеті ғашық» деген жанымызға жақын әрі таныс ұғымдар бар. Әрқайсысының өзінің сипаттамасы болатыны да белгілі.
Қазақты қойыңызшы, жеті саны әлем жұрты үшін де айрықша таңба деуге болатын секілді. Неге екені белгісіз, тұла бойы ашылмаған құпияға толы сынды көріне береді. Әлем халықтары оны қасиетті, тылсым, таңғажайып, бақыт пен сәттілік әкелетін сан деп баға береді.
Жеті – Египетте мәңгілік өмірдің нышаны, Осирис құдайының саны. Сондай-ақ олар жеті планета бар деп санаған. Шумерліктердің Лугуланнемунду атты патшасы өз қаласында Нинту ғибадатханасын тұрғызған екен. Бұл ғимараттың жеті қақпасы және жеті есігі болған көрінеді. Және ғимарат құрылысы аяқталған соң, жеті рет дәріптеліп, жеті өгіз бен жеті қой құрбандыққа шалынған.
Жеті – Ежелгі Грекияда Аполлон нышаны. Аполлон айдың жетінші жұлдызында дүниеге келген. Оның лирасының (музыкалық аспап) жеті ішегі болған екен. Дінде де жеті санының орны ерекше. Ислам дәстүрінде жұмақтың жеті қақпасы бар, Қағбаны жеті рет айналу деген ұғымдар бар болса, христиандарда жеті жаратылыстың нышаны болып саналады. Ал бір аптада жеті күн бар…
Бұл кездейсоқтық шығар, кім білсін?! Бір анығы Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы да қасиетті жеті санымен аталып тұр. Мұнда тылсым жоқ қой, әрине. Алайда қазақ үшін қасиетті саналған жеті саны ұлтымыздың басты құжатының да нышанына айналып отырғаны қуантады.
Зымыран уақыт ешқашан да орнында тұрған емес, аялдай да алмайтыны анық. Өйткені адамдар асығыс, технологияның дамуы асығыс, әлемдік өркениеттің процестері асығыс. Себебі бүгінде әлем елдері бәсекелестік заманында ғұмыр кешіп жатыр. Ал бәсекелестік жайбарақаттықты, өгізаяңға салынуды еш құптамайтыны анық. Ендеше ұлт мұраты жолындағы ұлы істерде де қазақ халқына пайымды парасатпен бірге жылдамдық аса қажет-ақ.
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы Қазақстан халқына ғана емес, халықаралық қауымдастыққа – академиялық топтарға, тарихшыларға, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, мұражай және мұрағат ісінің мамандарына, журналистерге арналған. Нұрсұлтан Назарбаев әлем жұртшылығын Дала өркениетінің мәдени және тарихи мұрасын зерттеуге қатысуға шақырады. Сол себепті Сыртқы істер министрлігі бұл еңбекті әлемнің көптеген тілдеріне аударатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысының бұл еңбегін қазірдің өзінде әлемнің бірқатар мемлекеттері жылы қабылдап, әсіресе түркі тектес халықтар жылы лебіздерін білдіруде. Естуімізше, кейбір шетелдік БАҚ өз тіліне аударып, басқан да көрінеді. Қысқасы, біздің алған бағыт-бағдарымыз айқын. Енді Ұлы Даланы ұлықтап, Мемлекет басшысының сарабдал саясатының іске асуына құлықты болғанымыз ләзім.
Нұрдәулет Жамалбеков,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді