«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

өсірсең Алма өсір, табысы оның көл-көсір

өсірсең Алма өсір, табысы оның көл-көсір
ашық дереккөз
өсірсең Алма өсір, табысы оның көл-көсір

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында еліміздің алма мен қызғалдақтың Отаны екеніне ерекше тоқталды. Алма – ағзаға пайдалы, құнарға бай өсімдіктің бірі. Оны өсіру, сақтау және өткеру арқылы шаш-етектен табысқа кенелуге болады. Бұған меркілік бағбандардың тәжірибесі дәлел. Жеріміз ұлан-байтақ болғанына қарамастан, елімізге жемістің дені шет мемлекеттерден жеткізіледі. Деректерге сүйенсек, Қазақстанға Қытайдан ғана жылына 300 мың тоннадан астам алма импортталады екен. Ал облысымыздың бір жылғы қажеттілігі – 14600 тонна. Кейбір жылдары осындай өнімге де қол жеткізе алмай келеміз. Президент елімізді құнарлы тағаммен қамтамасыз ету үшін оңтүстік өңірлерде жеміс-көкөніс кластерін құруға тапсырма бергені белгілі.
Бұл бағытта Меркі ауданында елеулі игілікті шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ауданда 2014 жылға дейін 209 гектар алма бағы болса, биыл оның көлемі 586 гектарға жеткен. Бағбандар соңғы 5 жылдан бері өсімтал бауларды өсіруде жаңа технологияларды қолдануда. Бауларға жемістің жоғары өнім беретін сұрыптары егілуде. Меркі ауылындағы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС элиталы алма көшеттерін өсірумен шұғылданады. Қазір серіктестік алманың 8 түрлі сұрпын өсіріп, облыс және республика аумағындағы тұтынушыларға өткеруде. Олар мол өнім береді әрі ұзақ сақталады. Дәмі тіл үйіреді. Күтімі келіссе, 1 гектар аумақтан бірнеше тонна жеміс жинауға болады. Демек, біз осы істі қолға алу арқылы табысымызды молайтып, тұрмысымызды жақсартамыз. Елімізде жеміс молшылығын жасап, қазақстандықтарды экологиялық таза өніммен қамтамасыз етеміз.

Бақыт САУРАНБАЕВ,
«Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-ның директоры, облыстық Көшет өсірушілер одағының төрағасы.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар