«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Журналистер клубы көтерген мәселенің жүгі ауыр

Журналистер клубы көтерген мәселенің жүгі ауыр
ашық дереккөз
Журналистер клубы көтерген мәселенің жүгі ауыр

«Достық» үйінде облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды нығайтудағы журналистер рөлі» тақырыбы аясында журналистер клубының кеңейтілген мәжілісі өтті. Облыстық, қалалық және аудандық БАҚ өкілдері қатысқан жиынды «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Бибігүл Шахзадақызы жүргізіп, журналистер, әсіресе ұлтаралық татулық тақырыбына көбірек қалам тербесе деген ниетін білдірді. Аталған клубтың құрылудағы басты мақсаты да мемлекеттік төзімділікті, этносаралық келісімді, азаматтық бірлікті, патриотизмді және рухани-мәдени тұтастықты нығайтуға ықпал жасау болатын. Соған сәйкес аталған басқосуда ақпарат құралдары өкілдерінің шығармашылық әлеуетін қалыптастыру және ынталандыру, олардың «Қазақстан–2050» Стратегиясының, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары мен Жолдауларының, Қазақстан халқы Ассамблеясының алға қойған міндеттерінің іске асырылу барысы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметін БАҚ-та жариялап отыру мәселелері қаузалды. Мұндағы басты міндет – мемлекеттік-ұлттық саясатты жетілдіру, этносаралық және конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту жөнінде ұсыныстар дайындап, ақпараттық материалдарды баспа түрде, электрондық тасымалдауыш арқылы аудио, видео, фото, кино өнімдері түрінде дайындап шығару және тарату болып табылады. Сөз тізгінін алған «Jambуl» телеарнасының редакторы, ақын Ғайни Әлімбекқызы әріптестерімен талай жылғы тәжірибесімен бөлісіп, осы уақыт аралығында өзге этнос өкілдерінің көзайымына айналған «Бірлігіміз жарасқан», «Достық дастарханы» хабарларының мән-маңызына тоқталды. Облыстық «Магнолия» газетінің тілшісі Михаил Бунин жаһандану барысында ел ертеңі жастар бұл үрдістен тек пайдалы жағын ала білсе десе, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Юрий Эфимов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің назарын ақсап жатқан жанрдың бірі – сын тақырыбына аударды. – Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап 50-жылдардың соңына дейін орталық кеңестік газеттердің басым бөлігі, анығын айтсақ, 90 пайызы сын екен. Қалғаны насихаттық тұрғыда болған. 70-жылдардың соңынан бастап керісінше, 90 пайызды насихат, 10 пайызын сын мен юмор құраған. Сондай-ақ телеарналар өлке табиғатын көбірек беріп, тұрғындарымызды өңір ерекшеліктерімен таныстырып отырса, – деді. Ал облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Василий Мазур басылымдардың таралым санын қалай жоғарылатуға болады деген мәселе көтерді. Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің тілшісі Индира Еркінқызы, Сарысу аудандық «Сарысу» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнар Байбосынова, Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшісі Жәнібек Базылбеков өз өңірлерінің қазіргі таңдағы этносаяси тұрақтылығы мен бірлігі туралы баяндамаларын жасады. Мәселен, Жәнібек Базылбеков: «Қазақ – қашанда өзге ұлтты жатсынбай «өз бауырым» деп, құшағына басқан дархан көңілді, бірлікті берік ұстанған халықтардың бірегейі. Оны аумалы-төкпелі заманда елімізге қоныс аударып, бүгінде бір үйдің баласындай ортақ шаңырақтың астында тату өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың айтқан алғыстарынан анық аңғаруға болады. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілінің ішінде, 1943 жылдың 2 қарашасында қазіргі Құлан жеріне 115 қырым татар,158 қарашай, 187 татар ұлтының өкілі қоныс аударған еді. Өзге ұлттардың құтты қонысына айналған қасиетті Құлан жерінің тұрғындары осы қиын-қыстау заманның зардабын көрген қоныстанушылардың басына түскен ауыртпашылығын бірге көтере білді», деді ол өз баяндамасында. Мәжіліс соңында еліміздің бірлігі мен біртұтастығы жолында қалам тербеп жүрген журналистер Алғыс хаттармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар