«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Билер кеңесінің шешімі – бітім

Билер кеңесінің шешімі – бітім
ашық дереккөз
Билер кеңесінің шешімі – бітім

Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен қазақпыз. Үлкені тұрып кішісі сөз бастамаған, әке тұрып ұл сөйлемеген халықтың ұрпағы біздерміз. Қазіргі кездегі жағдай қалай? Әр отбасында татулықтың шамы жанып тұр деп айта алмаймыз. Әр әкенің сөзі балаға өте бермейтін, анасының сөзін қызы жүре тыңдайтын заман туды. Сондықтан қоғамда дау-дамай көп. Қайтпек керек? Осы орайда аудандарда билер кеңесі жұмысын бастады. Мақсаты – ауыл ішіндегі шағын дауларға бітімгершілік айту.

Осы мақсатта облыстық ардагерлер кеңесінде жергілікті ардагерлер кеңесінің, билер кеңесінің төрағалары, медиаторлар шақырылған алқалы жиын өтті. Басқосуды республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің баспасөз хатшысы, кәсіби медиатор Жанат Елубаева сөз сөйлеп ашып, аталған орталық кеңестің бастамасымен құрылған «Дәнекер» пилоттық жобасының мақсат-мұраттары жөнінде кеңінен баяндады. – Халқымыз қарттарды қазынаға балаған. Сіздер сол абыздардың жалғасы саналасыздар. «Дәнекер» пилоттық жобасы неге керек? Қазір ауданда, ауылдарда билер кеңесі құрыла бастады. Одан бөлек медиаторлар бар. Медиатарлар кәсіби және қоғамдық болып екіге бөлінеді. Кәсіби медиатор арнайы мамандығы бар кісі болса, іс жүзінде өзін көрсете алғандар қоғамдық медиаторлар. Медиаторлар қылмыстық сот процесіне қатыса алады. Билер кеңесінің мүшелеріне сот барысына араласуға, дауласқан екі жақтың құжаттарымен танысуға рұқсат жоқ. Билер кеңесі істі сотқа жеткізбей, ауылдың ішінде шешулері тиіс. Қазір отағасынан шапалақ жеген әйел сотқа жүгінеді, телефон ұрланса да, ерегіссе де, балағаттаса, келінімен ренжіссе де, екі бауыр сөзге келіп қалса да құқығын заңмен қорғауға ұмтылады. Аудан, ауылдағы билер осындай келіспеушіліктің алдын алып, сотқа жеткізбей бітістіріп отырса, қылмыстың азаюына үлес қосар еді. Мұндай қылмыстардың өзі бірнеше айға созылады және судьяның уақытын алады. Ауыл билерінің қара қылды қақ жарған әділдігі осындай сәтте қажет. «Анау менің құдам еді, анау туысқаным, нағашым еді» деген жалтақтық бұл жерде жүрмеуі тиіс. Біздер жұмысты әділ жүргізетін, сыйлы кісілерді назарда ұстаймыз, – деді Жанат Адайханқызы. Мұнан соң аталған орталық кеңес жанындағы жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Гүлнар Азкүшқарова лебізін білдірді. Келесі сәтте облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков қоғамдағы даудың көбеюіне, әр он қазақстандықтың екеуі сотқа шағымданумен уақыт өлтіріп жүргеніне, жаңа отау құрған жастардың 38 пайызы ажырасып кетіп жатқанына алаңдаушылық білдіріп, билер кеңесіне сенім арта сөйледі. Билер кеңесі осы кезге дейін Жуалы, Мойынқұм, Байзақ, Сарысу, Талас аудандарында құрылып үлгеріпті. Меркі мен Шу ауданында жақын күндерде құрылмақ екен. Облыстық соттың судьясы Дінмұхамед Әзіретқұлов та өз ойын білдіріп өтті. Жамбыл ауданынан келген медиатор Орынбай Рысбаев қазірдің өзінде он шақты істі қарап, шешім қабылдап үлгергенін айтса, Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбек Қарғабаев билер кеңесінің арнайы орындағы отыру уақыты белгіленсе деген ұсынысын айтты. Меркі ауданының Құрметті азаматы Қайнаркүл Татықұлова жастар тәрбиесіне баса мән беру керектігін айтты. Сонымен облыстық билер кеңесі – 7, аудандық және қалалық билер кеңесі – 5, ауылдық билер кеңесі үш адамнан құралатын болды. Ол құрамға елге сыйлы азаматтар және имам мүше бола алады. Жиында облыстық билер кеңесінің мүшелері таныстырылып, төрағалығына облыстың Құрметті азаматы Оңласын Есіркепов сайланды. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков қорытындылап, қонақтарға және қатысушыларға алғысын білдірді. Сонымен билер кеңесі жұмысын бастады. Онымен қылмыс азайып, жергілікті жерде даулар әділ шешіліп жатса, қанекей!

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар