Көшпелі өмірдің өнер туындылары өміршең

Көшпелі өмірдің  өнер туындылары өміршең
ашық дереккөз
Көшпелі өмірдің өнер туындылары өміршең

немесе «киіз үйдің жақсы болмағы – ағашынан» деген сөзге бірер мысал

Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып жазды. Әсіресе Елбасының осы еңбегінде «Біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. ...Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы Даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді» деп атап көрсетуі ел тұрғындары, оның ішінде тарихшы, ғалымдар, басқа да көкірегі ояу, көзі қарақты зиялы қауым өкілдері арасында зор серпіліс туғызып отыр.

Шын мәнінде де еуроцентристік көзқарас, отаршылдық, кеңестік тоталитарлық режім жағдайында Ұлы Дала елінің әлемге үлгі боларлық мәдениеті мен зор тағылымдамалары аяусыз тұншықтырылып, киіз үй, арбадан басқа ұлттық құндылықтарымыз дүниежүзіне танылмаған күйінде қалып қойды. Ал түптеп келгенде атқа міну мәдениеті, «алтын адам», қымыз, алма, қызғалдақ секілді бүгінгі таңдағы отандық және әлемдік брендтердің отаны – біздің атақонысымыз болғаны тарихи зерттеу- зерделеу жұмыстарының барысында бұлтартпас дәйектермен нақтыланып та отыр. Тәуелсіз ел атандық, енді төл тарихымызға деген оң көзқарас қалыптастыруымыз керек-ақ. Бұл іске, күллі адамзаттың ортақ игілігіне айналып отырған құндылықтарымыздың өз ортамызда қадіріне жету үшін баршамыз атсалысуға тиіспіз. Басқасын айтпаған күннің өзінде, халқымыздың қазақы киіз үйімен-ақ әлем жұртшылығының назарын аудартуына мүмкіндігі бар. Осынау баспана етуге, көшуге де, жинауға да, алып жүруге де қолайлы үздік қолөнер туындысының қыр-сырына шетелдіктер де, тіпті өзіміз де жете қанық емеспіз. «Алтынның қолда барда қадірі болмай» тұрғаны болмаса. Бір жылдары ұлттық сусынымыз қымызымыздан да айырылып қала жаздағанымыз еске түседі осындайда. Киіз үйімізге қатысты түсінік, түйсігіміздің әлі де таяздығы, оның төл дүниеміз ретінде қадіріне жете алмай отырғанымыз намысқа да тиеді. Күні ертең оны да шетелдіктер иемденіп кетпесіне кім кепіл? Шынтуайттап келгенде, өзіміздің де киіз үйге деген құрметіміз жылдан-жылға сұйылып барады. Қазір оны құрудың өзі үлкен күш. Ертеде ата-бабаларымыз он екі қанат киіз үйдің өзін аттың үстінде жүріп-ақ құратын. Ал қазір оны құра алатын жандар некен-саяқ. Киіз үй индустриясының дамуы да мәз емес. Өйткені киіз үй нарығы жандандырылмаған. Оны қадірлейтін болсақ, әр қазақ отбасында бір киіз үйден болуы керек қой. Ол Наурыз мерекесінде ғана сұранысқа ие болмауы тиіс. Этнограф ғалымдарымыз өткен ғасырдың басында қазақтың Ұлы Даласында шамамен 1-1,5 миллион киіз үй тігулі тұрды деп топшылайды. Киіз үй – қазақ халқының бар өнері мен өнегесін жинауымен қатар, қасиет тұтар тарихы... Расында байырғы баспанамыздың бағасы қазір біршама қымбат екені жасырын емес. Мәселен, ғаламтор беттерін жаулап алған жарнамаларға сүйенсек, 6 қанатты қазақы үй 280-900 мың, ал 8 қанаттысы 900 мың-1,5 миллион, 12 қанаттысы – 1,8-2,4 миллион, 16 қанаттысы 2,5 миллион теңгеге бағаланады екен. Оған үйдің іші-сыртын жабдықтап, жиһаздарын толықтыруға кететін 500-800 мың теңге көлеміндегі шығынды және қосыңыз. Мұндай бағаны екінің бірінің қалтасы көтермейтіні түсінікті. Дәл осы киіз үй нарығында бәсекелес орта қалыптасатұғын болса, баға бағамы екі-үш есеге дейін төмендетуге мүмкіндік туар еді. Шынымды айтсам, менің де өңірімізде киіз үй өндірісі дамытылуына үлесімді қосқым келген. Біраз киіз үйлер құрастырып саттық. Бүгінгі күні жылына 5-6 киіз үй жасап, шығаруға мүмкіндігіміз де бар. Бұл жұмыстың бір ерекшелігі – барлығы да қол еңбегімен атқарылатындығында. Арнайы үйші-шебердің болмауынан, бұл істің бізде де аздап тоқырап тұрған жайы бар. Әзірге киіз үйдің ұлттық нақыштағы ішкі безендірілуін ғана үзбей отырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, оған қажетті шикізат – қаламұш тәрізді жапырақсыз сидам тал біздің өңірімізде өспейді. Оны көбінесе Қарақалпақстаннан, Қырғыздың Бақалы деген елді мекені аумағынан тасымалдаймыз, шикізатты шекарадан алып өту де қиын. Тараздың 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында жинап алып келген ағаштарымыз осы күнге дейін жетті. Қазір оның бағасы да аспандап кетті. Өйткені қырғыз ағайындар мұны бизнеске де айналдырып үлгерді. Сондықтан оны арзандау бағаға әркім-әркімнен там-тұмдап жинап алып жүрміз. Жалпы өзім тәуекел еткен бұл істі бастау үшін киіз үй жасау технологиясын зерттеу мақсатымен Қырғыз елінде, өзіміздегі жеңіл өнеркәсіптік құрылымдарда жұмыс істеп, тәжірибе алмасқан жайым бар. Киізін басып шығару жайынан да хабардармын. Сондағы көз жеткізгенім, өлі жүн, күздік жартылай қылшық жүн, биязы жүн де киізге жарамайды екен, басы да бірікпейді немесе қолданылған кезде су өтіп кетеді. Сондықтан да оның жаңа технологиясын, су жібермейтін түрін ойлап табуымыз керек-ақ. Мұны киіз үй индустриясын дамытуға ниетті азаматтар ескерсе деймін. Сондай-ақ шикізатқа деген сұранысты өтеу мақсатында бірқатар әлеуетті кәсіпкерлердің қолдауымен келер жылы Қырғыз елінде өсетін сәмбі тал көшеттерін, болмаса ұрығын әкеліп, өзімізде егіп өсіруді қолға алсақ па деп отырмыз. Бір өкініштісі, бүгінде киіз үйді құрастыратын, құратын адамдар азайып барады. Ұлттық құндылығымыз ұмытылмауы үшін бұл істі жастарымызға мектептен бастап үйретуіміз керек. Осыны ескеріп, шеберлеріміз киіз үйдің 10-12 есеге дейін кішірейтілген нұсқасын жасаған еді. Оны көріп тамашалап, киіз үй құрауды үйрену үшін облыс орталығындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық, Тараз техника және бизнес, Жамбыл политехникалық жоғары колледждері мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенттері жиі келеді. Мұны, тіпті мектептерде қосымша пән ретінде қарастырса да артықтық етпес еді. Бұл – ұмыт болып бара жатқан байырғы баспананы тігу мен жығу жайын білмейтін кейінгі ұрпақ үшін өте-мөте қажет іс. Көне шаһарымыздың да бағзы кездері көпестер қаласы болғаны баршаға мәлім. Ата-бабаларымыздың өнері ұлықталуы, одан әрі үзілмей жалғасуы үшін ұлттық қолөнер бұйымдарының көптеп шығарылғаны да жөн. Олардың арасында кішкентай ғана киіз үйіміздің де макеті тұрса, қандай ғанибет! Мұндай өнімдерімізді шетелден келер туристерге кәдесый түрінде өткеру арқылы өзіміздің де, еліміздің де атын алысқа танытатын боламыз. Бұл іс алдағы уақытта Шахристан кешенінде қолөнер шеберлерінің орталығы ашылғанда жанданады деп үміттенеміз. Әлбетте, ол үшін қазірден бастап қолөнерге бейімі бар жас мамандарды көптеп даярлауға да тиіспіз. Былтыр «ЭКСПО» мамандандырылған халықаралық көрмесі қарсаңында Астана қаласында өткен облысымыздың мәдениеті күндерінде серіктестікте өндірілген ұлттық нақыштағы туындылар елордалықтардың да қызығушылығын тудырғаны бар. Ширек ғасырға жуық тарихы бар серіктестік өзі құрылған уақыттан бастап киіз үй және оның жабдықтары, кілем-алаша, қоржын, тұскиіз секілді көптеген ұлттық қолөнер бұйымдарын шығарумен айналысуда. Жеңіл өнеркәсіп – бүгінде еліміздегі айрықша ілгерілетуді қажет ететін саланың бірі екені белгілі. Осы салада біраз жылдар бойы аянбай тер төгіп, өзіндік үлесімді қосқаныма қуаныштымын. 1981 жылы жұбайым Мағауия екеуміз Алматы политехникалық институтын тәмамдап, жолдама арқылы Таразға келгенімізде, инженер-құрылысшы мамандығын игерген біз үшін жеңіл өнеркәсіп саласының тасын өрге домалату анау айтқандай жеңілге де түсе қоймады. 1991 жылы қалада құрылыс ісі тоқтап, тоқырап, тапсырыстар азайған тұста көптің ақылымен өз алдымызға жеке кәсіпорын ашуды ұйғардық. 1991 жылы «Дан-Ай» жеке кәсіпкерлігі болып жұмысымызды бастап, ал 1993 жылы «БиДәулет» ЖШС болып қайта құрылдық. Міне, сол күннен бері еліміздің өңірлерін ұлттық нақышпен көмкерілген бұйымдармен қамтамасыз етіп келеміз. Бүгінде серіктестік 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның 5-еуі – мүгедек жандар. Олардың дені үйінде отырып-ақ тапсырыстар орындайды. Қазіргі уақытта ұлттық нақыштағы дүниелер жасап, нарыққа шығару – көптеген отандық қолөнершілердің де басты мақсатына айналып отыр. Бұл, сөз жоқ, көңіл қуантарлық жайт. Біз де түрлі қолөнер бұйымдары – ұлттық брендтеріміздің ұмытылмай, ұлықталуы, олардың шетелдерге де мейлінше танымал болуы жолында аянбай еңбек етудеміз. Әсіресе ұлттық болмысымызбен біте қайнасқан қазақы үйдің өзінде береке, кие барын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, мәдени мұра ретінде насихаттауды одан әрі де жалғастыра беретін боламыз. Туғанай ЖОЛАҚОВА, «Би-Дәулет» ЖШС-ның директоры.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар