«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұңғыш Президент күні – халық таңдауы

Тұңғыш Президент күні – халық таңдауы
ашық дереккөз
Тұңғыш Президент күні – халық таңдауы

Тұңғыш Президент күні елімізде бірнеше жылдан бері тойланып келеді. Азаттығымызды айшықтайтын, тәуелсіздігімізді әйгілейтін айтулы күнді атап өту туралы бастама 2011 жылдың 10 желтоқсанында басталған еді. Сол кезде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізіп, осы мерекені қосқан-ды.

Содан бері 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні ретінде аталып келеді. Бұл – азат елдің айбынын асырып, абыройын асқақтатқан дәуір дарабозына көрсетілген құрмет. Кеше Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараның жоғары деңгейде өтуіне облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мұрындық болды. Салтанатты шарада алғаш сөз алған облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтулы мерекенің мән-маңызына жан-жақты тоқталды. 1991 жылғы тарихи таңдау ел дамуының даңғыл жолын салғанын, бүгінде Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылықтың қазығын қаққан тәуелсіз мемлекетке айналғанын сөз еткен өңір басшысы Президенттің Семей ядролық полигонын жабу арқылы күллі әлемге татулықтың ғажап үлгісін көрсеткенін айтып өтті. Сондай-ақ аймақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сирия шиелінісін шешу жолдарын терең зерделегенін тіліне тиек етіп, 20 жыл бұрын іргесі қаланған Астана туралы толғамды ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған тапсырмалар өңірде өз деңгейінде атқарылып жатқанын әңгімеледі. Жұртшылықты осынау мерекемен құттықтаған Асқар Исабекұлы жамбылдықтарға толайым табыс тіледі. Соңынан облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан 15 азаматты «Астананың 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттады. Бұдан соң облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік сөз сөйлеп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев феномені туралы толғамды ойларымен бөлісті. Оратор азаматтың жалынды сөздері жүректерге жетті. Сондай-ақ шара барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Дина Көлбаеваның да толғамды ойлары елдің көңіліне қонды. Кейіннен облыстық ата-аналар қауымдастығы кеңесінің төрайымы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырзағали пікірін білдіріп, жұртшылықты Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады. Салтанатты жиын барысында сөз сөйлеген Байзақ ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Евгений Кравчук бұл мерекенің қазақстандықтар үшін маңызы зор екенін айта келіп, білім саласына Мемлекет басшысының ұдайы қамқорлық танытып келе жатқанын жан-жақты баяндады. Шара соңы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламамен түйінделді. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар