Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Бәсекеге қабілетті жастар – жарқын болашақ кепілі» атты өңірлік форум өтті. Осымен екінші мәрте өткізіліп отырған шараға бес жүздей делегат қатысты. Жастар саясатын жергілікті жерде іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жастармен және осындай ұйымдармен диалогін, өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, жүктелген міндетті іске асыру мәселелерін талқылау, жетілдіруге қатысты ұсынымдар әзірлеу мақсатында өткен алқалы жиын екі бөлімнен тұрды. Форумның бірінші кезеңінде «Қазақстан жастары – білімнен инновацияға дейін», «Жастар кәсіпкерлігі – экономикадағы стратегиялық ресурс», «Жастарды жұмыспен қамту – әлеуметтік-экономикалық дамудың кілті» және «Саламатты жастар – тәуелсіз ел тірегі» тақырыптары бойынша секциялық жұмыстар жүргізілді. Ауқымды шараның екінші бөлімі «Made in Taraz», «Жас ғалым – 2018», «Жас кәсіпкер: жыл таңдауы – 2018» сияқты байқау қатысушыларының көрме жұмыстарымен басталып, пленарлық отырыспен жалғасты. Іс-шараны ашып жүргізген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен пленарлық отырыс тәртібін түсіндіріп өтіп, жиылған қауымды келер жылдың «Жастар жылы» аталуымен құттықтап өтті. Ал «Жастар-зерттеу» ғылыми-зерттеу орталығының төрайымы Парида Мамедова 14-29 жастағы азаматтар жайлы сан-деректерді сөз етіп, Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде кейбір білім ұяларында оқушыларға «Сынаққа қатыспай-ақ қой, сен тапсырсаң, мектебіміздің деңгейі төмен болып қалуы ықтимал» деп, қолхат жаздырып алатын жайттардың барын жасырмай, ондай олқылықтардың алдын алуды ұсынды. Кезекті сөз тізгінін алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек: «Қазақстандық жас дегеніміз кім, ол қандай болуы керек? Арамызда мүмкіндігі шектеулі бола тұра 12 мүшесі сау азаматтардан да күш-жігері мол жастар жетерлік. Демек, рухы биік осындай азаматтарымызды насихаттай білуіміз керек», – деген ол мектепті 11 жыл оқып, бітіргенінде қандай мамандық аларын білмейтін оқушылардың қынжылтатынын жеткізді. Ең негізгі саналатын осындай мәселелерді көпшілік алдына ұсынған Уәлихан Болатбек, сондай-ақ Президентіміздің сиясы кеппеген «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын да тілге тиек етті. Форумның қонағы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ақжүрек Таңатаров жастарды жұдырықтай жұмылып, артылған міндеттерді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара атқаруға үндеді. Ал «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы аймақтық дамыту және үйлестіру басқармасының басшысы Луиза Узарова алдағы жылға республика көлемінде әртүрлі іс-шаралар, жобалар өткізілу жоспарланып жатқанын айта келе: «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша Жол картасы, «Ел ертеңі – болашақ жастар қолында» сынды түрлі жобалар әзірленіп жатыр. Мәселен, аталған жобада 11 бағыт ұсынылады. Атап айтсақ, жастар үшін инфрақұрылымды құру, сапалы білім алу, саламатты өмір салтын нығайту, жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру, дарындыларды қолдау, жастардың үкіметтік емес ұйымдары және бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту көзделуде. Осындай ауыр жүкті арқалайтын «Жастар жылы» Елбасымыздың тікелей қатысуымен бастау алады», – деп жиылған қауымды келе жатқан «Жастар жылымен» құттықтады. Ал облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев: «Әлемдегі бірнеше ел жойылып кету алдында тұр. Басты себеп – бәсекеге қабілетсіз, қиындықтарға төтеп бере алмауда. Сондықтан кім болсаң да, қандай маман иесі болсаң да бәсекеге қабілетті болуың қажет. Қазіргі жастарға бір ғана мамандықпен шектелмей, 3-4 мамандықты игеруіне тура келеді. Өйткені техника дамыған сайын кейбір мамандықтар да жойылу үсінде. Ол кезде жұмыстан босап қалған жұмысшы келесісін емін-еркін алып кетуі тиіс», – деді. Форум аясында өңірдегі бірқатар белсенді жастарға Алғыс хат табысталды. Сондай-ақ қазан-қараша айларында басқарманың ұйымдастыруымен өткізілген үздік инновациялық, ғылыми және бизнес стартап жобаларына облыс әкімінің сыйақысын тағайындау жөніндегі және «Made in Taraz», «Жас ғалым – 2018», «Жас кәсіпкер: жыл таңдауы – 2018» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Жастар осындай жобалар өздерін қамшылай түсетіндігін айтады. Мәселен, «Made in Taraz» байқау-көрмесінің жүлдегері, жас ғалым Дамир Әуесжанов бұл туралы ойын былай жеткізді: «Келер жылдың «Жастар жылы» деп аталғанына қуаныштымын. Қатысушылар айтып өткендей, әлі де атқарылуы тиіс біраз мәселелер бар. Осы түйткілдер 2019 жылы өз шешімін табады деп ойлаймын». Ауқымды шара соңында облыс жастарының Үндеуі қабылданды.
Альмира Омарова
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді