Туған жерге туыңды тік
облыс орталығында жерлестер форумы табысты өтті
Адамзатты бір-біріне жақындастыра түсетін өзара ортақ құндылықтар бар. Соның ішінде елге, туған жерге деген сүйіспеншілік әрдайым атойлап алда тұрары анық. Әсіресе, туып-өскен өлкені сағынып келгендегі, аңсап жеткендегі сезімді айтсаңызшы. Адам баласының бастан кешер ең ғажап, алабөтен күйі де осы шығар, сірә. Балаң шақта аттанып, көпті көріп, көкейге түйіп, дана болып оралсаңыз да, еркелігі басылмаған баладай күй кешеріңіз күмәнсіз. Тіпті осы сәтте ішкі толқынысыңызды іркіп қалуға ешнәрсе кедергі бола алмас. Бүгінде есімі елге танылған, еткен еңбегіне қарай марапат, қошеметке кенелген, Астана, Алматы қалаларынан Жамбыл жеріне арнайы келген айтулы азаматтарды «Баласағұн» орталық концерт залының үлкен фойесінен жолықтырғанда осыны анық түйсіндік.
Алқалаған топтың ортасынан ауылының қариясын көріп қалған белгілі кәсіпкер қос қолын бірдей созып, «ағалап» балаша құшағына еніп кетті. Тәуелсіз Қазақстанның ең жоғары марапаттарының бірі – Еңбек Ері атағын алған ардақты ұстаз Аягүл Миразова да алдыңғы толқын ағаларына еркелей тіл қатып, кей кісілердің алдында әдеп сақтап тұр. Оның сыры да жоқ емес. Бұл болмыс-бітімінің өзінен нағыз педагог екені бірден байқалатын мәртебелі мұғалімнің туып-өскен төркіні мен өсіп-өнген қайын жұртына қатар келгенін бір сәтке де естен шығармағаны ғой. Туындысын жұрт таласа-тармаса оқитын жазушының да, ақынның да, білікті экономистің де, қоғам қайраткерінің де кішік мінез танытып, кісілігін көрсеткені – өскен елге, жерге деген сүйіспеншілігі емей, енді не?! Ендеше туған жердің қадір-қасиеті де осы емес пе?!
Көрген-баққанымызды жіпке тізгендей суреттеуіміздің өзіндік мәнісі бар. Облыстық ішкі саясат басқармасының Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Таразда тұңғыш рет «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумын ұйымдастыруының мәні де осында. Бұл шара ұрпақтар сабақтастығын жалғап, Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасының жалпыұлттық патриотизмнің негізгі өзегіне айналуын, еңбегімен елге елеулі болған азаматтарды шақыру арқылы Отанға деген қалтқысыз қызмет пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілікті қалыптастыруды көздесе, ол мақсат өз үдесінен шықты деп айтсақ, артық болмас. Форумға шақырылған азаматтардың, туған жердің топырағын түлетуде әрқашан бастамашыл ісімен алда жүрген тұлғалардың ісі мен сөзінің үйлесім тапқанын көріп, жамбылдық жастардың мол тәлім алғаны анық.
– Таяуда ғана Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау еліміздің орнықты дамуы мен өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бағдаршамындай болды. Қазіргі кезде осы Жолдаудың басым бағыттары аясында саяси реформа, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру және рухани жаңғыру сияқты маңызды үдерістер жүзеге асырылуда. Өйткені біздің мақсатымыз – әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
Ал саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі – рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болатыны белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру – біз үшін өзекті міндеттердің алдыңғы қатарында тұр.
Елбасы «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, жаңғырудың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Бұл алты бағыттың барлығы өзекті және заман талаптарына нақты жауап береді. Жалпы алғанда, ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту мақсатында көп ұлтты қазақстандықтардың алдында ортақ міндеттер тұр. Сол міндеттердің алғышарты – Отанға деген қалтқысыз қызмет пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік екендігі ақиқат.
Ғасыр жасаған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың атын иемденген ежелгі Әулиеата жері – күміс көмей әншілер мен дәулескер күйшілер, ел басқарған тұлғалар мен бірегей тумалар, халық ардақтылары мен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері түлеп ұшқан өңір. Сондықтан да бүгінгі «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумының да мәні терең, маңызы бөлек, сипаты сырлы. Өйткені еліміздің өркендеу мен даму жолына ерекше атсалысып, оның қарқынды дамуына қомақты үлес қосып, әлемдік ареналарда көк Туымызды көкке желбіретіп жүрген жерлестеріміздің жетістіктері – туған жердің топырағымен тамырлас болары ақиқат!
Олай болса, жерлестерге туған топыраққа қош келдіңіздер дей отырып, баршаңызды бүгінгі форумның өтуімен шын жүректен құттықтаймын,– деді қоғам қайраткері, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев жерлестер форумында сөйлеген сөзінде.
Иә, Жамбыл жері қай жағынан алсақ та, құтты мекен. Тарихы терең, өткенін ұмыт қалдырмаған өлке тұрғындары жас ұрпаққа өнегелі ісімен үлгі көрсетіп келеді. Баяндамашы атап өткендей, бұл мекен – халық өнерінің асылы, жыр алыбы Жамбылдың, күміс көмей дүлдүл ақын Кенен Әзірбаевтың кіндік қаны тамған киелі жер. Қазақтың ұлы үш биінің бірі – Төле би дүниеге келген аймақ. Ақтанберді, Қылышбай, Бөлтірік шешен, Ноғайбай би, Ұлбике мен Сауытбек секілді ұлттық ауыз әдебиетінің аса ірі тұлғаларының мекені. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы, сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов, оқ бораған жау пулеметін кеудесімен жапқан жаужүрек Ағаділ Сухамбаев бастаған өр жауынгерлерді өмірге әкелген топырағы қасиетті өлке. Осы жерден елге танылған ақын-жазушы, ғалымдарымыз бен мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары, спорт саңлақтарының көптеп шығуы заңдылық та секілді. Тәуелсіз Қазақстанның ең жоғары марапаты – Еңбек Ері атағының үш бірдей жамбылдыққа берілуі де тегін емес. Өйткені ұрпақтар сабақтастығын сақтаған өңірдің азаматтары әркез «Намыс», «Абырой» деген құндылықтарды алға ұстап, халық атына таңба түсіргісі келмеген.
Жерлестер форумына қатысып, өмір сабақтарынан сыр шертіп, туған жерді көркейту үшін өнегелі іс жасауға шақырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ерлері Аягүл Миразованың, еңбекпен өсіп, ер атанған, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіровтің, сондай-ақ туған ауылын түлеткен белгілі кәсіпкер, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевтың, әлеуметтік тұрғыда қолдауды қажет ететін жастардың тегін білім алуына жағдай жасап жүрген облыстық мәслихаттың депутаты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықовтың еңбек жолы – қашанда жастарға үлгі. Білікті экономист, белгілі меценат Азаматхан Әміртай, «RUMI GROUP» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы, кәсіпкер Қуаныш Шоңбай, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алып, бір мәрте «Еуразия барысы» халықаралық турнирінде топ жарған Бейбіт Ыстыбаев – осындай алдыңғы толқынның ізін жалғаған лайықты ізбасарлар. Жастарға қамқорлық көрсетіп, туған жерді түлетуге барынша атсалысып жүрген патриоттар кім десе, осы азаматтарды атауға болады.
– Біз ауыл жастарына кәсіппен айналысып, өнер үйренуіне мүмкіндік беруіміз керек. Адамды аздыратын да, азғыратын да – жұмысы жоқтық. Қолы бос болған соң, тұрақты табыс таба алмаған соң оң-солын танып үлгермеген бозбалалар бұзақылыққа барады. Сондықтан біз, әсіресе ата-аналар жеткіншектердің білім алуына, түрлі білім бәсекелеріне дайындалуына жағдай жасап, қолдау көрсетуіміз керек. Өзім де ауылда өстім ғой, содан білемін, алға ұмтылған, білім алғысы келген балаларға әке-шешесі кедергі жасайды. Осындай жайттарды ескере келе биыл ауылға барып, 48 жасты өзіммен бірге Алматыға ілестіріп кетіп, кәсіппен айналысуына жол аштым, – деген жас кәсіпкер Қуаныш Шоңбай алдағы 2 жылда мыңға жуық жамбылдық жастың шетелге барып, кәсіп үйренуіне қолдау көрсетуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жастарға мүмкіндік беру керек деген кәсіпкердің пікірін балуан Бейбіт те қоштады.
Форум соңында жыл ішінде қайырымдылық іс жасап, мұқтаждарға қамқорлық жасаған жандарға «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталды. Волонтерлік қызметте өзінің ерікті көмегімен үлес қосқан Жамбыл ауданындағы «Айналайын» қоғамдық қорының төрайымы Айгүл Разақова «Ерен еріктілік», Анжелика Сарьян басқаратын «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қоры» «Жылдың үздік ұйымы» аталымына ие болды. Жанболат Бекмұсаев – «Жылдың үздік меценаты», Сайрамбай Дөненбаев «Жыл тұлғасы» атанса, «Туған өлке» номинациясы бойынша Ерболат Саурықов марапатталды.
Сондай-ақ осы шарада мемлекеттіліктің орнықты дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Несіпбек Дәутайұлына, тарихшы Бекқұлы Әліұлына, спортшы, суда жүзу шебері Зүлфия Ғабидуллинаға, қайырымды ісімен көрінген Әсия Мамраимоваға, кәсіпкер Сайрамбай Дөненбаевқа, «Асыл ана» ансамблінің жетекшісі Владимир Сорокинге «Аманат» қоғамдық тану сыйлығы тапсырылды.
Жерлестер форумы Президент оркестрінің әншісі Досымжан Таңатаров шырқаған патриоттық әнмен түйінделді.
«Аq jol»-дың
тілшілер тобы:
Ардақ Үсейінова,
Есет Досалы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді