Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін баса айтқан болатын. Жуырда өңір басшысының аталған салаға жауапты орынбасары Мұратхан Шүкеев жұмыс сапарымен Байзақ ауданына арнайы барып, Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыруда айрықша рөлге ие бірқатар шаруа қожалықтары мен өндіріс цехтарының жұмысымен танысты. Аудандағы жұмыс сапарын Қостөбе ауылдық округіндегі «Агали» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан бастаған Мұратхан Жүнісәліұлына осындағы сүт цехының бүгінгі жай-күйі баяндалды. Қожалық жетекшісі Нәби Ағалиев өндіріс жұмысы мен нарық жағдайына тоқталып, облыс әкімінің орынбасарынан салқындатқыш камерада ұзақ сақталған сары майды нарыққа қалай шығаруға болатыны жөнінде кеңес сұрады. «Бізде сүттен мәселе жоқ. Керісінше күн сайын 25 тоннаға дейін сүт қабылдай аламыз. Басты мәселе – өнімді өткізу. Біз енді ғана өз өнімдерімізді нарыққа шығара бастадық. Қазір цехта 20 тонна сары май тұр. Соны өткізу жағынан қиындықтар туып отыр», – деді қожалық жетекшісі. Бұдан кейін, Мұратхан Шүкеев сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын «Лесняк» жеке кәсіпкерлігіне атбасын бұрды. Аталған кәсіпкерлік басшысы сүт өнімдерін өндіру үшін шикізат алуда ешқандай мәселе де, кедергі де жоқ екендігін, керісінше алдағы уақытта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, дамытуды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары барған келесі нысан Бурыл ауылдық округінде орналасқан «Есенбаев М.» жеке кәсіпкерлігінің (жетекшісі Марат Есенбаев) зауыты болды. 2010 жылы іске қосылған кәсіпорын өсімдік майын шығарумен айналысады. Аталған цехты бұдан әрі дамыту мақсатында кәсіпкер биыл тағы 60 миллион теңге несие алыпты. Мұнда бас-аяғы 12 адам еңбек етуде. Ал келесі нысан басында Мұратхан Шүкеевке «Дулат» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Алашбаев ірі қара малын бордақылау үшін жемшөп бағасының өсіп кеткендігі туралы базынасын айтты. «Біздегі бір малдың шығыны әр ай сайын 10-11 мың теңге. Ал 4-5 ай байлауда тұрғанда шығын 50-60 мыңға бір-ақ шығады. Егер мемлекет субсидия беріп, көмектеспейтін болса, жағдайымыз мүшкіл болмақ», – деді қожалық жетекшісі. Мұнан соң Мұратхан Жүнісәліұлы 110 гектар аумаққа қант қызылшасының элиталық сұрпын өсіретін «Талап» шаруа қожалығының (жетекшісі Маут Фазулов) жұмысымен танысты. Алқаптың әзірге 40 гектарынан дақыл жиналыпты. Әр гектардан орта есеппен 350 центнерден өнім алынуда. Кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігімен танысып, мәселелерін білген Мұратхан Шүкеев жағдайды бұдан әрі де өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді. Аймақтық даму мәселелері бойынша өткізілген жиында облыс әкімінің орынбасары бірқатар бөлім басшылары мен жауапты мамандардың есептерін тыңдады. Айта кету керек, ағымдағы жылдың 9 айында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 23 миллиард 369 миллион теңгені құраған. Ал бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 миллиард 276 миллион теңгеге кем шығып отыр. Жиында Мұратхан Шүкеев аудандағы игерілмеген жер көлемі 1996 гектар екендігі шындыққа жанаспайтынын қадап айтты. Облыс әкімінің орынбасары, сондай-ақ ет экспортында да белең алған төмен көрсеткіштерді сынға алды. Ауданда ет өңдеу зауытына жоспарланған 130 тоннаның 34,4 тоннасы ғана жеткізіліпті. Басқа да индикаторлар бойынша игерілмеген қаражат бар. Басқосуда, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлері аумағын ұлғайту мақсатында суармалы егістік алқаптарының жай-күйіне, мал басының артуына байланысты қатты қалдықтарды жою мәселесі кеңінен сөз болды. Жиын соңында Мұратхан Шүкеев кездескен кедергілерді жою басты міндет екенін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Есен Өтеулиев
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді