Кіндік бір кескен көркем де мекен, Көз салып тұрмын қыраттан
- author «Ақ жол»
- 8 қараша, 2018
- 506
ЖИЫРМА БЕС
Жиырма бес! Қайран менің дүрмегім. Дүбірлеткен күндерім, Бір күніңе тати ма, Мың жыл өмір сүргенім.
Жиырма бес! Ешкім басып озбасым, Қайта қолын созбасым. Сағынышым, аңсарым, Мөлт-мөлт еткен көз жасым...
Жиырма бес!... Неге бұлай еске алдым?.. Қуанғам да құшқам мұң. Елесі боп қаларсың, Ерте кеткен достардың...
Жиырма бес! Қайран менің уақытым, Жайдан түскен жақұтым. Сынсыз,мінсіз шабытым, Сыйсыз, күйсіз бақытым! Жиырма бес! Қайран менің кезеңім, Өтпейтіндей кез едің. Енді елес кеземін, Неткен, неткен, тез едің...
Жиырма бес! Алау атқан арманым! Мәңгі неге қалмадың. Сендім саған, самғадым, Ал сен мені алдадың...
Жиырма бес! Ессіз күнім – бос секең, Есіл-дертім басқа екен. Дұшпаным да досқа тең, Ессіздігім жақсы екен. Жиырма бес! Сенен өтіп кеткен соң, Шарадай бас – шақша екен!
ЕЛГЕ СӘЛЕМ!
Армысың елім, армысың аймақ! Қабыл ал, бейбақ – ерке едім. Желіккен едім, жел айдап бейуақ, Желпілдеп кеткен желкенім... Қабыл ал, елім, қанайын аунап, Мейірімге байтақ иен тегін.
Асығып көптен, аңсарым кеткен, Тиіп тұр өкшем қыратқа. Ауылдың үні – бал шағым өткен, Келіп тұр, әне, құлаққа. Туған жер, пай-пай, сағыныш неткен, Жауап жоқ осы сұраққа.
Кіндік бір кескен көркем де мекен, Көз салып тұрмын қыраттан. Бал күнге кіріп кетер ме екем, Жасасам енді бір аттам. Тамырым сенде, теперіш көрсем, Сен бар деп көңіл жұбатқам.
Бейкүнә аулым – дала дастаным, Сол күнді жылт-жылт маздатып. Шыға келердей бала достарым, Даланың шаңын боздатып. Құс әнін баяу салады аспаным, Іштегі шерді қозғатып.
Бетімнен жұпар жел келіп өбіп, Қиялым тартты өткенге. Қайда еді сол қыз, тағдырға еріп, Ұмытып мені кеткен бе? Білгейсің жаным, ән болып келіп, Елес боп тұнам көктемде.
Алсам да қанша заңғарды самғау, Сен екен – елім, биігім. Еркелеп Талас тулаған, ан-ау, Балалығымдай иірім. Мәңгілік жұмақ – өзіңде қалмай, Таңдаппын тағдыр қиынын.
Арманның жолы жетелеп кеткен, Басталып осы қыраттан. Қабірлер анау – көкелер өткен, Мұңайып мені ұзатқан. Бақыт жоқ оңай төтелеп жеткен, Жебеді-ау, солар сынақтан. Алай да дүлей ұйытқиды-ай, дауыл, Жанымда жасап жарылыс. Титімдей құстың ұясындай, бір, Аялы еді-ау, жазы-қыс. Жұмыр – жүректей кеудемдегі ауыл, Мәңгілік сенсің, сағыныш.
Қия алмасам да, сыя аламай саған, Қайтейін, қайта аттандым. Ұзармын самғап, қияңды шарлап, Сені аңсап, тағы жатармын... Жүрмейін қайда, санамда, ойда, Өзің деп шығып, батар күн...
МЕН ТАЛАСТЫҢ ҰЛЫМЫН
Мен Таластың ұлымын – таймен келгем, Кім теңесер, шық енді, «бай», «мен» деген! Көңіл-кеудем осылай, мені есірткен, Құның қанша, білмеймін, қайран да өлең.
Нәсібімді әу баста таратқанда, Құры етпеген – жүректен, таланттан да. Ақ періштем – аяулы арман-жырым, Мың шүкірлік етемін Жаратқанға. Естіп пе едің Қағанның Үгедейін, Жан емеспін мен одан күні кейін, – деп көсілсем, қайтесің – сыйлай сал, дос, Күмпілдесін ақының күбідейін. Байлығым да сөз, өлең шайлығым да, Қамсыз жүзгем шалқар саз айдынында. Қаламдастан ұқпаса, Жан алмасқан ұғар біреу ғасырлар айрығында.
Мен осылай өзімді алдап алып, Бұған сене қоймаған жанға налып. Оңашада отырам толғап жұтып, Өлеңімді ащылау – балға малып.
ДАЛАНЫ САҒЫНСАМ...
Мен даланы сағынсам; Тұлпар мінген тұяқты, Сол далада әлі де Әкем жүрген сияқты.
Мен даланы сағынсам; Желге тосып бетімді. Сол далада сол қалпы, Анам жүрген секілді.
Мен даланы сағынсам; Сол баяғы шақтардай Бүкіл ауыл баллары Шуылдасып тақырда, Асық атып жатқандай.
Мен даланы сағынсам; Сыздап кеуде сол жағы Ерте кеткен бала дос, Жүргендейін сонда әлі.
Мен даланы сағынсам; Ол бір ғажап замандар, Елес берер сол күйі Есіл ескі адамдар.
Мен даланы сағынсам; Мұңым мұңға ұласып. Жаңа адамға жалтақтап, Қайтам көңлім құлазып.
Түзсіз демі тарылған, Көкбөрідей – Арлан. Тағыңды да тәрк етіп, Мен даланы сағынам.
Мен даламен Ұлымын, Мен даланың ұлымын!
КӨБЕЛЕКТІҢ ҒҰМЫРЫ
Неге келдім өмірге, неге кеттім, Адам деген деймін ғой кереметпін. Жапон жақта таң туып, кешке өлетін, Бәлкім, өмірі бір күндік көбелекпін.
Дәл сол күні-ақ, өркендеп гүлденетін, Тағдыры да сан түлеп түрленетін. Дәл сол күні-ақ, барлығын бастан кешіп, Ғұмырынан баз кешіп үлгеретін. Мен де сондай шалқитын, шалқаятын, Мақтанатын, мал жиып марқаятын. Адам деген шерменде емеспін бе, Түсте жас, түстен кейін қартаятын.
Мен де солай шалқыппын, шіреніппін, Қиқулатып атбасын жіберіппін. Ақыры мәреме кеп тіреліппін, Қайтейін, күні біткен күні өліппін... Енді-енді адам болғанда құлап-тұрып, Ес жиып, ереуілге құлақ түріп. Екіндіде енді күн батқалы тұр, Өйткені өмір деген бір-ақ күндік...
ТАЛАНТ КЕТІП БАРАДЫ...
Талант кетіп барады байқалмай-ақ, «Талант ем» деп ешкімге айталмай-ақ. Ал сен оған күлесің «Мықты ғой» деп, Сыртынан сан құбылып сайқалдай-ақ. Паң, ардақты, жан-жақты данадай-ақ, Қарағансып қоясың оған аяп,
Мүсіркеген боласың: «Жазғыш болған, түріңе болайын», деп – жалаңаяқ.
Рас, білсең «жазғыш» бар, жазатын бар, Сол «жазғыштар» жылпылдап жағатындар. Білесің бе, жарыста, шын жарыста, Жалаңаяқ жүгіреді – озатындар.
Сен ол жайлы түк білмес керең шалдай, Күлесің: «О, келді!» деп,«өлеңші ағай». Ол күлкі емес, күйініш, ей, шерменде! Өйткені ішің өрт те, өрең солай.
Сен қандайын жазған-ау, талант қандай, Орыныңды білсейші мазақ болмай. Тұлпарлының қасында мәстек міну, Білеміз ғой, айтпайсың – азап қандай.
Бір-біріңді жиналып арық-тұрық, Мадақ арнап жатасың қарық қылып. Шын талантты білесің, бірақ, бірақ, Танымағансисың-ау, танып тұрып.
Талант, кетіп барады еленбестен, Марапатқа, мадаққа бөленбестен. Білесіңдер, барлығың білесіңдер, Қалмайтынын талант пен өлең көштен!..
ӨКСИДІ ҒАРІП
Батысты бетке алып ұзап, Бір уақ самғайсың кері. Кетесің, кетесің, бірақ, ұмыта алмайсың мені...
Мен деген – жеңілген ғайып, Тағдырдың төбелесінен. Бөлінген, жел қуған қайық, Өмірдің өр кемесінен...
Күндейін алаулап байып, Секілді кемерге сіңген. Тербелер сен кеткен Жайық, Көңлімнің терезесінен... Тағдыр – бұл, түк те жоқ айып, Бәрі уақыт жеребесінен... Көрінбес нүктеге айналып,
Көзімнің қарашығында... ұзаған кемедесің сен.
Ең соңғы жалқын – жалындай, Жалғасып жағасынан мұң. Жайықтың толқындарындай, Жарға ұрып аласұрарсың. Тынарсың, ебіл де дебіл, Жайық боп Каспийге барып. Жыларсың, ағыл да тегіл, Ғайыптан бұлт боп оралып. Көнейік, заңына өмір, Өстиді... ...Өксиді ғаріп.
ӨМІР – ӨЗЕН
Талас, Талас, Тәңірсу – дарқан мұра, Шалқар толқын сыйладың жанға бұла. Сенің үнің кеудемде күмбірлеген – Серілігім, Салқам саз-сал домбыра.
Талас, Талас, өрт шағым – жыңғыл-қайың, Көзсіз, сөзсіз сезінген қыз ыңғайын. Жүзіп жүріп суыңа суып кеткен, Жүзік – жылымды іздеймін ізім-ғайым.
Талас, Талас, жағаң-ды сейілдейтін, Ол ма, мен бе, білмеймін бейімдейтін. Қапелімде деміміз түйісіп қап, Қайда сол қыз, дірілмен «кейін» дейтін...
Талас, Талас, тұнығым – үндемесім, Саған салғам көктегі – Ай, Күн кемесін. Желкен - сәуле сол күнгі – жүрегімді, Жаныштайды жадымда жүрген есім...
Талас, Талас, ақ көбік атқан саба, Бойың бай-құт, жазира, жатқан сала. Тау биікке тәуелді екенбіз біз, Сенмен, Менмен кімдер де мақтанса да.
Талас, Талас жайлауым, бауырларым, Бауырластық дертімен ауырғанмын. Тамырын да тарихын сеніменен Толғап тартып отырар ауылданмын.
Талас, Талас,Тағдырым – өмір-өзен, Кейде өзіңдей толқиды-ай, көңіл көзем. Өр толқыннан тұратын Сен де, Мен де, Тылсым-ғайып тербеген егіз-өлең.
Талас, Талас, Тауарих, өмір, өлім, Тіршіліктің тірнегі төңірегің. Өзегімді талдырған өлерменге, Өлмейтіндей қайтейін, көрінемін...
Талас, Талас, Тайталас жалған мына – Сені, Мені шайқалтты-ай, жарға да ұра. Сағыныштан, жанымды алып ұшқам, Мен өзіңе өмірде барда мына...
СЕНІ САҒЫНАМЫН
Іздедім сол бір күнді тыншымадым, Жастық шақ, пәк махаббат нұр шуағын... Қол бұлғап, сол күн – елес берер ме екен, Жұптасып гүл терейік, жүрші, жаным!
Аяулым ақ маралдай жаны мүсін, Сен менің жаралғансың – әнім үшін. Көңілдің құлазыған сәттерінде, Сарғайып сені ойладым сағынышым.
Сағыныш самалы өбіп жан гүлімді, Қозғады кеудемдегі ән – жырымды. Сен менің өмірімнің жазы екенсің, Өзіңмен ала кеткен бал күнімді.
Көз ілсем елесіңмен жолығамын, Сен менің жүрегімнен орын алдың. Жатсаң-тұрсаң жаныңа тыным бермей, Мен сені сағынамын, сағынамын...
ПЕНДЕ ДЕГЕН ШЕРМЕНДЕ
Ақырзаман адамымен арбасып, Ауыздандық, ақ тазыдай қар басып. Атақ жинап, жиған сайын – Ар қашып, Кішілікке, қу кісілік алмасып, Ұмтыламыз мансап атқа жармасып – Тастаса ғой бәрімізді «дарға» асып...
Қаша тұрып ұрынудан оспақтан, Неге сонша дәметеміз қаспақтан... Тақымға сай тепең торы тұрғанда, Құлағанды ұнатамыз қоспақтан...
Зұлымдығы атанға жүк – нас батпан, Қайран менің күндерім-ай, дос тапқан.
Анау, мені сүріндірмек ниетте, Ал ана дос – айтар боп жүр, жиі өкпе. Мықтымсынып түкіргенмен тиекке, Шертетінім күйкі – тірілік, күй өтпе... Дәмеменен телмірем де «сүйекке», Қарап қоям күн бататын жиекке...
Қол жетпеске қолды созып келеміз, Ана достан, биік тұрсақ дегеміз. Біле тұрып, жете тұрып өреміз, Жеңіл жол деп ібіліске ереміз. Биіктерге ұмтыламыз, өлеміз, Құлау барын ойламаймыз неге біз...
Арды былғап арам, ант-су жұтқасын, Амал бар ма, аға іздейміз ықтасын. Мейлі, бізді ел, құптамасын, құптасын, Біреу ұқсын, біреу мейлі ұқпасын, Мына өмірдің тұрлауын айт, тұтқасын – Қайтар жол жоқ, ақ теңізге шыққасын...
Жетемін деп, өліп-өшіп шенді елге, Шекпенімді сыздырдым да шеңгелге. Қолым солай жетті әркімге «Сен» дерге, Кілтін бұрап қозғап қойған шеңберде – Пенде деген шырт түкірген шерменде... ...Бұдан артық сөз таппадым, сендерге.
ЖАҒАДАҒЫ ОЙ
Жалғыз қайың және мен жағалауда... Асау толқын жағаны сабалауда. Қайың – маған, беймәлім, не ойда тұр, Толқын – ойлар мені кеп қамалауда.
Қыз-қайыңның кешегі, дала ғашық, Жапырағын жел ойнап ала қашып... Әкетті, әне! Соңғысын ағыс жұтты, Кетті, кетті толқынмен араласып.
Толқындардай жүйіткиді көңіл – дөнен, Бұл не деген ұқсастық сезімменен... Бал дәуреннің басымнан өткендігін, Сезбеппін-ау, сезбеппін кезінде мен... Буырқанып ақ көбік басыла алмай, Жартасты ұрар өр толқын өші бардай. Арпалысып толқынмен кетті-ау, өмір, Ғашықтығын ғаламнан жасыра алмай... Толқын жауып кеткендей, ғаламат-ты, Көз алдымда теңселіп дала жатты. Арпалысып өмірдің толқынымен, Ақ арманым бірге ағып бара жатты... КІНӘЛІ, БӘРІ КІНӘЛІ
Махаббат... сенің жолыңда, Үлесім бар-ды менің де, Күресім қалды менің де, Күнәсі барды оның да... Періште едім дей алман!.. Лүп етпе жастық, ей, арман, Қызылды-жасыл дүние, Сезімге мендік кім ие? – Жылт етсе, лап-лап оянған.
Махаббат, сенің жолыңда, Жымыңдап тұрған жанары – Жұлдыздар-дағы жалалы. Ақындар айтты, аһ ұрып, Адасқан мені шақырып: – Ақырын жүзген айдында, Кінәсі бар, – деп Айдың да. Шіркіндер кінә табады: Ақ балтыр болса... айыпты, ақ қайыңға да жабады. Оларға салса алалы... жөңкіле көшкен бұлттар да.., арқалап күнә барады.
Сыңсыған сағым – мұң әні, Қайтқан құс – ол да кінәлі. Мерт болған аққу сыңары, Ырғайлы сайдың бұлағы, Сырнайлы көлдің құрағы, Теңселген таудың шынары – Кінәлі... бәрі, кінәлі!.. Бәрі де ақын қолында: Махаббат, сенің жолыңда, Қия алмай тұрған даланы – Киік те – күйік, жаралы. Толқып кеп ұрған жағаны, Толқын да жаза алады... Тербесе жанды жазалы – Жұпарлы жаздың самалы, Күнә артып... ол да алады. Ақындар деген, айтыңдар! Ақымақ па осы, саналы?.. Махаббат, сенің жолыңда, Бағым да емес, сорым да, Бәрі де көшіп сағымға Айналып жырға, соңында, арманым ғана қалады... ОРАЛШЫ
Сен ғана жоқсың, Оралды неше күткендер. Орнады бақыт, Оранды гүлге бөктерлер. Сабылып көктен, Қиқуға басты көктемдер. Сағынып жеткен, Жыр еді, неткен жылы еді, Қанатымен құстың жеткен жел.
Сен ғана жоқсың, Оралды бәрі. Оралшы. Боранды жолдан, Олжалы қайтты сонаршы. Оралды ол да, Қиуаға кеткен жолаушы. Қиыспас уақыт, Қимасымды ұрлап, тонаушы, Қырқада тұрмын, Құстарды күтіп – хабаршы. Сенімен кеткен, Оралсын көктем, оралшы, Сағынған сен де боларсың. Оралшы жаным, Аңсадым, жүрек езілді. Көктемдей кәусәр, Іздедім мөлдір көзіңді. Қайтпаспын деп ем, Қауқарым қанша, сезілді. Сынарсың... сірі, Мендегі қанша төзімді. Оралшы жаным, Оралтып со-нау, кезімді.
Оралшы жаным, Оралды ғашық не түрлі. Жаныма күрең, Күз келіп мықты бекінді. Күлкісі дағы, Түр-түсі дағы сол қалпы, Көңлімде қалды, Көктемдей кезің, кекілді. Сен келсең бітті, Мәңгілік менің аңсарым, – Көктемім келер секілді... Құстар да қайтты, Сүреңсіз әуез, құладың. Сындырған ба, әлде, Қос қанат еді-ау, сыңарын... Ақкөлден ұшқан, Оқ тиген құстың қанатын, Сағынышымның сабағынан мың құрадым. Сен жайлы бірақ, Жетпеді желмен жылы ағын... Бұлттардан көшкен сұрадым, Аққудан қайтқан сұрадым. Жырменен бірге жыладым, Жұлдыздай жауһар тұмарым, Жұлдыз боп аққан сен едің, Жұлдыздан мен де құладым. Оралшы жаным, оралшы...
МЫҚТЫ БОЛУ...
Мықты болсам демегем, ел мақтанар, «Бұларың не?», демеспін, деп жатсаңдар. Дәрменімше дүбірге дүбір қостым, «Дүмбілез ед», десеңдер, нем кетті одан.
Тегін адам болмадым мен әйтеуір, Менмен де іштей таласты талай тәуір. Көрінгенді қайталап қалғаным жоқ, Қай жерде де өз үнім, өз айтарым.
Айтқанымда ұққанға болатын мән, Аяғыма көп содан оратылған. Таяқ жесем ол дағы талантымнан, Бар кінәм сол, – мықты боп жаратылғам.
Мінезім де керемет мәз емес-ті, Сонымнан да пысықтар жаза кесті. Балағымды жыртқандар шәуілдесті, Адалымды ұққандар таза десті.
Құдай да емес, Құдайдан бұлай да емес, Зормен тура тап келді талай егес. Қырандардың шайқасы зәу биікте, Өмір сүру мықты боп оңай емес..
СЫР Сенесің бе, Көзің сұмдық, тұңғиық. Түпсіз – әлем, тылсым – өлең тұр құйып. Инеңнен бе, сүйгеннен бе, білмедім, Дегбір кетті, бір суыдым, бір күйіп.
Ешқашан да, ешкімнен де көрмеген, Сенесің бе, сезім кетті селдеген... Сенен өзге мені ешкім де жеңбеген, Және еш жан емес мені емдеген... Не көрмегем, мына өмірде – өлмегем... Мен емделсем – сенен ғана емделем!..
Бәлкім, мұны құптамайсың, құптайсың, Сезімсің бе, мөлдір кәусар шықтайсың... Бүйректі қой, бүлк етер де басылар, Сен деп жүрек – жұлым-жұлым, ұққайсың.
Емім де сен, өмір де сен – қорғаным, Үкімін айт, қолдамын ғой, қолдамын... Біз жақта – күз, сенде – көктем... Ол да мұң, ...Ұмытпағын бір көктемде, әйтеуір... Сен деп соққан бір жүректің болғанын...
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді