«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бақылау – бес әлеуметтік бастама баянды болсын дейді

Бақылау – бес әлеуметтік бастама баянды болсын дейді
ашық дереккөз
Бақылау – бес әлеуметтік бастама баянды болсын дейді

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстан Республикасы Президентінің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы наурыз айында жария еткен Бес әлеуметтік бастамасы халық арасында тұрмыс пен табыс сапасын жақсартуға серпін беретін мән-мағынасына қарап, бүгіндері оны Берекелі бес бастама деп айтатын болды. Әлеуметтік бірліктің жаңа деңгейге көтерілуіне бағытталған бұл бастаманың орны шын мәнінде ерекше деп есептеймін. Ал Елбасының ең басты мақсаты – мемлекетімізді қарқынды дамыта отырып, Қазақстанды әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосуға бағытталып отыр. Нарық жағдайындағы заманда адамдардың әртүрлі мүмкіндіктерін ескере отырып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету аса қажетті мәселе. Бір кісілердің дәулеті асып жатса, кейбір еңбек адамдарының тезірек аяғынан тік тұрып кетуі үшін қолтығынан демеп, жолын ашуға жәрдемдесудің, әрине, маңызды екенін айтуға тиіспіз. Оның ішінде, қаржылай көмектесу шешуші рөл атқарады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында көрсетілген әрбір мәселенің белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асуы да құнды. Бүгінде осы бағдарламаның орындалу барысына қоғамдық бақылау жасау мақсатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанынан арнайы құрылған комиссия өз жұмысын жүргізіп келеді. Бұл міндеттерді орындауға тікелей қатысты әрі жауапты мекемелер мен лауазым иелерінің есептері тыңдалып, туындаған сұрақтардың шешімін табуына әрі адамдардың жан-жақты хабардар болуына мән беріледі. Өмірде сұрақтар болмай тұрмайды. Сондай жағдайда заңды талаптардың байыбына барып түсіндіру аса қажет деп білеміз. Айталық, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыратын «7-20-25» бағдарламасы да халықтың сеніміне қуат беріп, үмітін жалғап отыр. Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады, тұрғын үй алудың шарттары және ипотека беретін банктердің талаптары түсіндірілді. Осы мәселеде жергілікті атқару органдарына жүктелген міндеттер де сараланып, оны жүзеге асырудың іс-шаралары жан-жақты қолға алынуда. Жас отбасылар үшін мемлекет тарапынан қаншама жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жасаудың іргетасы қаланды. Мысалы, бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғын үй алуға 46 адамнан өтініш түсіп, олардың 34-нің құжаттары дайын болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын күшейтіп, алдағы уақытта тиісті іс-шараларды орындау қажет. Ал бас партияның бастамасымен құрылған өңірлік комиссияның ендігі мақсаты – осы жұмыстардың дәйекті жүруіне қоғамдық бақылау жасап, жемісті аяқтаумен ерекшеленбек. Мұны партия алдында тұрған жауапты міндет деп білеміз. Бұған Елбасы-Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастаманы жариялау барысындағы: «Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады», деген сөзі халыққа дәлел бола алады. Бүгінде Елбасы Жолдауы мен бес бағалы бастамаға үн қосқан біздің облыста да көптеген мақсатты жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылдың мамыр айында құрылған біздің комиссия бірнеше мәрте өз отырысын өткізді. Сын және өзара сын тұрғысынан өткізілген комиссия отырыстарында бірқатар басқарма басшылары мен мердігер компаниялар жетекшілерінің есептері тыңдалып, нақты ұсыныстар берілді. Ең бастысы, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталып, айқындалған міндеттер мүлтіксіз орындалуына қоғамдық бақылау жасау – ортақ міндет. Әрі бірлесіп атқарудан артық абырой жоқ.

Ұқсас жаңалықтар