Облыстық кәсіпкерлер палатасы қолға алған «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасына 18 бен 29 жас аралығындағы 65 азамат қатысып, біліктіліктерін жетілдірді. Бұл жоба жастарды кәсіпкерлікке баулуға, олардың мәртебесін, инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған. Қатысушылардың кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренуін, бизнес-жоспар дайындауда кеңес беру қызмет көрсетілуін, бизнес-жоспарларды қорғау алаңын ұйымдастыруды және «Идеялар жәрмеңкесі» байқауын өткізуді де көздейді. Оқыту барысында бизнестің қыр-сырын меңгеріп шыққан жас кәсіпкерлер өздерінің болашақта жүзеге асырғысы келетін жобаларын комиссия алдында қорғап шықты. Нәтижесінде төрт қатысушының жаңашылдығы, әлеуметтік маңызы жағынан талапқа сәйкес келетін «Қаралма» тау-шаңғы курортында туристік қызмет көрсету, «Жамбыл облысының тозған және сортаңданған жерлерінде фосфогипс және көң негізінде биомелиорант-өнімнің жаңа түрін енгізу», «Фетрден әзірленген балаларға арналған дамыту кітапшалары мен ойыншықтарын өндіретін шағын цех», «Пластикалық қалдықтарды қайта өңдейтін шағын цех» секілді жобалары іріктеліп алынды. Комиссия шешімімен 26 жасар Дәулет Егембердиевтің жобасы бірінші орынға ие болды және гранттық қаржыландыру бағдарламасына ұсынылатын болады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің докторанты топырағы тозған егістік алқаптары мен сортаңданған жерлерді қалпына келтіретін жаңа биомелиорант ойлап тапқан. Жалпы, елімізде ауыл шаруашылығы саласында 2 миллион гектар егістік алқабының топырағы тозғаны белгілі болып отыр. Міне, осындай алқаптарда биомелиоранттар мен органикалық тыңайтқыштардың қолданылуы жоғары тиімділікке де қол жеткізеді. «Сортаңданған жерлерде топырақтың құнарлылығын қалпына келтірудің тиімді әдістерінің бірі жаңа биомелиорантты пайдалану болып табылады, – дейді жоба қатысушысы. – Бұл әдісті жүзеге асырудың жолы өте қарапайым, энергия үнемдеуші компоненттер жергілікті шикізат ресурстарынан құралған. Бір килограмм биомелиоранттың өзіндік құны 16 теңге ғана тұрады». Жаңа құрылғыны пайдаланғаннан кейін егістік өнімділігі 30-50 пайызға дейін артады. Фетрден әзірленген балаларға арналған дамыту кітапшалары мен ойыншықтарын өндіретін шағын цех ашу жобасы да айрықша қызықты. Жоба авторы Сырғалым Тойбаева бүгінде декреттік демалыста екен. Бала күтіміне байланысты әзірге үйінде отырған жас ана киізден балалардың ақыл-ойын дамытуға бағытталған түрлі ойыншықтар тіге бастаған. Өнімдеріне балабақшалар мен ата-аналар тарапынан сұраныс көп-ақ. Қазір ол тапсырыс бойынша ойыншықтар мен кітаптар жасауда. «Біз 1000 теңгеден бастап 25000 теңгеге дейінгі қаражат аралығында ойыншықтар әзірлейміз. Яғни, тұтынушы қалтасының қалыңдығына байланысты кез келген тапсырысты қабылдаймыз» – дейді Сырғалым. Ол жас кәсіпкерлер мектебінде алуан түрлі тың идеялармен танысып, болашақ бизнесмен үшін қажетті қасиеттерді бір кісідей-ақ меңгеріпті. – Байқауға қатысушылардың қай-қайсысы да бұл сынға мұқият дайындалған екен. Есеп-қисаптары да маркетингтік тұрғыдан дәлме-дәл есептелінген, шығын мен кіріс, жобаны жүзеге асыру орны да тиімді таңдалған. Қысқасы, бизнес ісін бастауға қажет етілетін талаптардың барлығы жан-жақты қамтылған. Бұл, сөз жоқ, палата бизнес-тренері еңбегінің жемісі, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Түкпетова.
Ақбота БАТЫРБЕКОВА, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ел бақытын тербеткен күн
- 16 желтоқсан, 2024
Шындық жырын шырқаған жас қырандар...
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді