«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ернар Әбдіразақ

Ернар  Әбдіразақ
ашық дереккөз
Ернар Әбдіразақ

Қызғыш

Тағдыр дедің... Үй көрдім, дала көрдім, Тағдыр дедің... Тағы үнсіз қала бердім. Тәңір дедім... Желдегі жапырақтай Тағдырымды қорғаштап ала бердім.

Содан сен түнге сіңдің, мұңға баттың, Күз көңіл, жайдары жан, мұз қабақтым, Қалың көрпе астында тәнің қалды, Жаның қалды түбінде құмсағаттың.

Бәрі де артта күндердің кешегі өткен, Одан бері алмасты неше көктем? Тасқа қашап тағдырдың жазбағанын Жазар едім... Жазбадым не себептен?

Кім едік біз тарихта, кім біз бүгін? Кеуде тұстан босатып мұң тізгінін. Қара аспанға қараймын бас көтеріп, Қайталаймын Тәңірдің мұңсыздығын.

Түн ұзартсам, түсіме сен кіресің, Мөлдір мұңның ішінен телміресің. Тағы есіме түсесің, тағдыр жайлы, Бастаса әлдебіреу әңгімесін.

Дала көрдім, үй көрдім, ана көрдім. Көшіне де ілестім қаралы елдің. Күздің желі қорқытқан жапырақтай, Тағдырымды қорғаштап қала бердім. Кешір...

Қызға хат

Сіз мені түсініңіз... Сүйкімді ару, Көркіңе көз, күлкіңе күлкім зәру. Өз ішімнен өзімді жоғалтып ап, Қиын боп жүр көңілдің кілтін табу.

Сары ала күз селкеудей жылға біткен, Уақыт жылжып барады бір қалыппен. Тілсіз-ақ қоштасалық, жассыз-ақ та, О, сосын ерге біткен мырзалықпен.

Мен кетейін жолыңнан... Білесің бе? Қиынырақ ұмыту күресуден. Ұмытылған Тәңірдің жоғын жоқтап, Күресейін жылдарға жыр есумен.

Есіңде ме, мен әркез салатын ән? Ессіз түндер ұйқысыз таң атырған? Сәлеміңді жеткізіп тереземнен, Сығалайтын аппақ ай жаңа туған.

Туған айдай шалқыңыз, көсіліңіз, Ұмытпаймын... Жадымда есіміңіз. Мен сүйетін ұйқассыз өлең сынды Ұйқаспады жолымыз, Кешіріңіз...

Бұл күнде сезім бөтен, өмір басқа, Қосағыңмен қоса ағар Тәңір қосқан. Маған кімсіз, білмеймін... Жалғыз тілек – Жолың болсын жалғанда тағдырлас жан.

Қайта-қайта қысқартып жол адымын, Мені есіңе ал, алғанда дала тыным. Үйретеді сізге де Өмір ағай Тек Тәңірді сүюге болатынын. Әлбетте...

Ертегі

Әлі есімде сыңғыры кешегі үннің, Күз келгелі астында көше мұңның. Бақ ішінде беймезгіл қайталаймын, Бітпей қалған бір жырын Есениннің.

Сол бір жыр аңыз жайлы, дастан жайлы, Кейіпкердің маңдайын басқан қайғы. Ертегілер бақытты біткенменен, О, бірақ, бақытты боп басталмайды.

Осы ой ғана жанымды жұбататын, Көремін деп көктемнің құба таңын, Әлсін-әлсін биікке қол созамын Бір жетермін... Сен де сәл шыда, жаным. «Сақтасын» деп Құдайға қолқа салып, Күн кешеді біз жақта барша халық. Сен де жүрсің шалғайда бар кінәні Тағдырменен Тәңірге арта салып.

Сен мені күт, сенгенім, барамын мен, Жалын кешіп, жыр жазған қаламыммен. Алақайлап алыстан жүгіремін, Жырын оқып Сергейдің балаң үнмен.

О, сонда тоқтар бәлкім көші мұңның, Әр әріпін қайталап есіміңнің, Ертегінің соңына нүкте қоям, Тағдырыңның ала алсам кешірімін.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар