«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ет жемейтін әйел»

«Ет жемейтін әйел»
Ашық дереккөз
Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2024 жылғы Нобель сыйлығын Хан Ганның «Вегитариан әйел» туындысы жеңіп алды. Оқиға желісі ет жеуден бас тартқан қарапайым әйел Ён Хенің үрейлі өмірімен өрбиді. Ол күйеуіне махаббатпен тұрмысқа шыққан жоқ. Арадағы өзара келісіммен отау құрып, бірге тұрады. Екеуінде де алыпұшып тұрған сезім жоқ. Күйеуі материалдық жағдайын жасап, жоқшылық көрсетпейді. Ал әйелі болса үйде отырып, дәмді тағам әзірлеп қояды. Әдеттегі түндердің бірінде Ён Хе қорқынышты түс көреді. Сол сәттен бастап тоңазытқыштағы еттерді қоқысқа тастап, өзі ет жеуден бас тартады. Күйеуін күн сайын түрлі аспен қарсы алатын әйел демде өзгеріп кетеді. Оңтүстік кореялық жазушы мұны көргендер оны есінен алжасты деп ойлайды.

Сырттан қарағанда бұл жай ғана түс болып көрінуі мүмкін. Алайда бір ғана сұмдық түс бүтін болмыстың күл паршасын шығарған жоқ па?! Хан Ган романда қорқыныш пен зорлық, психология мен философияны нәзік түрде үйлестірген. Басты идея – әйел. Адам шикі болмыс болса, әйел одан да нәзік болмыс. Мына қоғамда әйел затына байланысты қатып қалған қағидалар өте көп. Айтпағым, шынайы өмірде де кездеседі. Бала сүйіп, ұрпақ тәрбиелеуді санамағанда, туған-туыстарына, күйеуіне тіпті бейтаныс жандарға неге екені белгісіз «борыштар» сияқты. Ал өмір олар үшін төртбұрышты рамка. Одан шықсаң, есіңнен алжасқан адам атанасың. Басты кейіпкердің әлсіз тұсы осы. Өз бетінше шешім қабылдап, қалауын орындап еді, күйеуінен бастап, әке-шешесіне дейін қарсы шықты. Мейлі ол қандай түс көрсін, екінші тараптың қолдауына мұқтаж болды. Жанжағынан көрген қысым психикасына әсер етпей қоймады. Ешкім Ён Хенің ішкі жарақатының жазылуын күткен жоқ. Романның екінші және үшінші бөлімдері шиеленіске толы. Адам кейпінен ағашқа айналуды тілеген әйелдің санасында шешілмеген үлкен түйін бары жасырын емес. Бейсаналы әрекеттерінің салдарынан талай опық жеді. Ён Хе – көңілдегі қорқынышымен күрескен күрескер. Ет жемеу арқылы тығырықтан шығамын деп ойлады.

Шынтуайтында, туыстарын алаңдатқан «маған бағынбайды» деген қорқыныш, агрессия. Дегенмен осы тұста әйел жанының өміршеңдігін аңғаруға болады. Сырттан келген кез келген қысымға төтеп беріп, ойынан айнымады. Еттен бас тартуға жануарлардың қатысы жоқ. Санадағы жағымсыз ойлар мен мазасыздықтан құтылуды көздеді. «Қал» деп аталатын бөлімінде жездесінің ерсі қылықтары сөз болады. Сондай-ақ оқиға жездесінің көзімен баяндалады. Өмірден өз орнын таппай жүрген суретші балдызына көз салып, өнер және құмарлықты байланыстырады. Үшінші бөлімде Ён Хе жындыханада жатады. Әпкесі күнде келіп, өмірге құштарлығын оятуға тырысқанымен, онысынан түк шықпайды. «Мен неге өмір сүруім керек?» дейтін сұрақ апалы-сіңлінің арасында шиеленіс тудырады. Ағашқа айналғысы келетін әйелдің жүрегінде балалық шағындағы жарақаты мен зорлық-зомбылықтың ізі жатыр. «Ағаш» – соңғы үкім. Бұл роман жөнінде белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы «Сонымен 2024 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы менен екі жас кіші замандасым оңтүстік кореялық жазушы Хан Ганға бұйырды. Осыдан сегіз жыл бұрын 2016 жылы ол «Ет жемейтін әйел» романы үшін Букер сыйлығын алған еді. Жаңалықты ести салысымен Литрес Книги сайтынан Хан Ганның екі кітабын «Человеческие поступки» (Адамдық әрекеттер) және «Вегетарианка» (Ет жемейтін әйел) тауып алып, түні бойы ұйықтамай оқып шықтым. Бұл жолғы Нобель сыйлығы өз иесін тауып, лайықты жазушыға берілген. Роман өте шебер жазылған», – деген еді. Хан Ганның көтерген мәселелері – әрбір әйелдің басында болатын жағдай. Күнделікті күйбең тірліктен байқамайтын да шығармыз. Адамды өміріңнің соңына дейін танып, білу мүмкін емес. Себебі жаратылысы сол, әрдайым құбылып отырады. Ең дұрысы – түсіну.

Әсем АСЫЛБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар