«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Зайырлылық ұғымын әлі түсіне алмай жүргендер бар

Зайырлылық ұғымын әлі  түсіне алмай жүргендер бар
ашық дереккөз
Зайырлылық ұғымын әлі түсіне алмай жүргендер бар

Облыс әкімдігі дін істері басқармасы құқық қорғау саласының қызметкерлері мен «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің сауатын арттыру мақсатында «Зайырлылық және дінтану негіздері» атты облыстық семинар ұйымдастырды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өткен жиынға белгілі ғалымдар, ғылыми- зерттеу орталықтарының қызметкерлері шақырылды.

Семинар жұмысын облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров сөз сөйлеп ашып, діни сауаттылықтың қоғамның дамуына ықпалы зор екенін айтып өтті. «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің алдында «Нұр-Мүбәрак» Қазақстан-Мысыр Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, теология ғылымдарының докторы Мұхиддин Паттаев «Зайырлылық негіздері» тақырыбында баяндама жасап, жан-жақты ой қозғады. Ол зайырлылық қағидаты негізінде мемлекеттің дінге, діннің мемлекет ісіне араласпайтынын, алайда бұл екеуі бір-біріне ықпалдасатынын, себебі дінді ұстанатын да мемлекеттің басты құндылығы саналатын адам екенін айтты. – Дін – аса қастерлі, аясы кең сала. Қазақ халқының кең пейілі, көркем мінезі, дархандығы, салт-дәстүрлері ислам талабына сай келеді. Дін – бір Аллаға, жаратылысқа деген махаббат. Оны тек Құран оқу деп түсінуге болмайды. Физика, химия, биология, математика – дінді ұстанушыларға өте керек ғылымдар. Бұл пәндердің бәрі мектептерде оқытылады. Тәлім-тәрбие, жақсылыққа шақыру – дініміз құптайтын амалдар. Демек, балаларға білім мен тәрбие беретін мектеп – қасиетті орын. Діннің мақсаты – адамды қараңғылықтан құтқару. Біздің елде сауатсыз адам жоқ. Қазақстанның әр азаматы тегін орта білім алуға міндетті. Мектептерде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің даналыққа толы ойларын оқытса, Бұқар жыраудың жырларымен, Мәшһүр Жүсіптің ойларымен жас ұрпақ сусындаса, Абайды жаттап өссе, көзі ашық болар еді. Абайдың бір ғана «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, рас сөз ешқашан да жалған болмас» дегенінде қаншама тағылым, даналық жатыр десеңізші! Әр ұстаз шәкіртті баурай білуі қажет. Ұстаз бен шәкірт арасында қамал болмасын, – деді Мұхиддин Исаұлы. Мұнан соң «Нұр-Мүбәрак» Қазақстан-Мысыр Ислам мәдениеті университеті жанындағы «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, теология ғылымдарының докторы Мұхан Исахан «Елімізде тыйым салынған діни ұйымдар: «Мұсылман бауырлар», «Таблиғи жамағат», «Ат-такфируаль-хиджа», «Ислам мемлекеті (ДАИШ)» тақырыбында лекция оқыды. Ол әлемдегі діннің атын жамылған лаңкестердің әрекеті қауіпті екенін, ондай бүлікшіл топтарды қолдаушылар табылып отырғанын айтып, кейбір адасқан топтың жиһад үшін Сирияға кетіп жатқанын үлкен қасірет деп атап көрсетті. – Жиһадқа үндеушілер мұсылманшылық сезімді қоздыру арқылы жанкешті содырлардың қатарын арттыруда. Мысалы, олар «Таза исламды тек Сирия көтерілісшілері ұстанады» деген жалаң идеологияны құрал етеді. Сириядағы үкімет армиясының зорлық-зомбылығын алға тартып, олардан кек алуға үндейді. Жалған хадистерді дәлел ретінде ұсынып, шахид белбеуін тағуға шақырып, оның есесіне жұмақты уәде етіп алдап-арбауда. Ислам елдерінде жиһадқа үндейтін арнайы топтар жұмыс істейді. Олар көбіне ірі қалалардағы мұсылмандар көп бас қосатын орындарда өз үгіт-насихаттарын жүргізеді. Өздеріне бас иген азаматтарды арнайы дайындықтан өткізетін лагерьлерге аттандырады. Одан арғысы сіздерге де, біздерге де белгілі, – деді ол. Түскі үзілістен кейін семинар жұмысы жалғасты. Құқық қорғау органдарының өкілдері және дінтанушы мұғалімдердің алдында Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университеті жанындағы «Ясауи» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Досай Кенжетай «Зайырлы ел – қайырлы ел» тақырыбында тереңнен ой толғады. Ол мемлекет те, дін де адамсыз бос ұғым болып қалатынын атап өтті. – Қазір бізде зайырлылықты атеизм ретінде танытқысы келіп, мемлекетке, оның конституциялық құрылымына қарсы психологиялық наразылықтағы жастардың бар екендігі байқалады. Себебі оларда зайырлылықтың ұстаным екендігі туралы білім жоқ. Зайырлылық идеология да, идея да емес, ол – ұстаным. Сондықтан «Ол қандай ұстаным, оның негізгі қасиеттері қандай, қоғамға қай деңгейде пайдалы болады?» деген сұрақтарды нақтылап, жауабына қанып алған дұрыс. Демек, бұл тұрғыдан қарағанда, жеке тұлға, мемлекеттің азаматы ретінде әрі белгілі бір діннің өкілі, діндар әрі зайырлы болуы мүмкін. Себебі зайырлылық – дін емес, – деді ғалым. Мұнан соң Қоғамдық даму министрлігінің жанындағы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтану ғылымының магистрі Тұрар Әбуов «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – конфессияаралық келісім» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол қазіргі таңда елімізде 18 конфессия тіркелгенін, қазақстандықтардың 15 пайызы діндар, 75 пайызы Құдайдың бар екеніне сенетіндер екеніне тоқталып өтті. Соңында қонақтарға қатысушылар тарапынан түрлі сауалдар қойылды. Құландық ұстаз Айдос Қойайдаров пен таластық Нұрзат Сауытбеков мұғалімдердің мәртебесін көтеру жөнінде ой қозғаса, тараздық Аида Нүркеева, мойынқұмдық Бауыржан Әлібеков ауылдағы имамдардың біліктілігін жетілдіру жөнінде, ауыл баласының діни танымын кеңейту мәселесіне қатысты сұрақтар қойды. Бұл сауалдарға қонақтар тарапынан жан-жақты жауап берілді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар