«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Саяжай-алқаптарда қордаланған мәселе жеткілікті

Саяжай-алқаптарда қордаланған мәселе жеткілікті
ашық дереккөз
Саяжай-алқаптарда қордаланған мәселе жеткілікті

Тараз қаласындағы «Құмшағал» мен «Шөлдала» шағын аудандарындағы саяжай-алқаптарында қордаланған мәселе көп. Оны шешу жолдары қандай? Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында жан-жақты қаралды. Басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали аталған шағын аудандардағы қоғамдық-әлеуметтік аxуалдың ауыз толтырып айтарлықтай емес екендігін жеткізді. Қазіргі таңда қос алқаптағы xалық саны 14 мыңға жуықтайды. Нақтылай айтсақ, «Құмшағал» шағын ауданына қарасты 13 саяжай-алқабында 1423 аула болса, онда 4298 адам тұрады. Ал «Шөлдала» шағын ауданындағы 16 саяжай-алқапта 2887 аула бар, барлығы 9300 адам тіршілік етуде. Қаланың әкімшілік аумағына енгеніне бес жылдан асса да, әлі күнге саяжай-алқаптарда ауызсу, жарық, «көгілдір отын», жол және кәріз жүйелерінде шешімін күткен мәселелер жетерлік. Тіпті қоғамдық көлікпен қамту шаралары да көңіл көншітпейді. Өңір басшысы Асқар Мырзаxметовтің тапсырмасымен өткен айда егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына байланысты конкурс жарияланғанын айтқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары С.Байназаров конкурс қорытындысы қараша айында белгілі болатынын тілге тиек етті. Ол бойынша шағын аудандардың көптеген мәселелері шешімін таппақ. Жиын барысында Асқар Исабекұлы аталмыш екі алқаптың түйінді түйткілдеріне назар аударып, конкурстың нәтижесін күтіп отырмай, өзге де жұмыстарды уақыт оздырмай бастау керектігін ескертті. Ол үшін жүйелі жоспар жасау үшін тиісті тұлғаларға бір жеті уақыт берді. Жоба жасалғаннан кейін облыс әкімі аталған саяжай-алқаптарға өзі барып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдауды жоспарлап отыр. Жиында бірқатар аудандардағы саяжайлардың мәселелері де айтылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар