Құран-кәрім түскен түн қала жұртшылығын имандылыққа ұйытты
- author «Ақ жол»
- 26 шілде, 2014
- 352

Шілденің 23-інен 24-іне қараған түні әлемдегі барша мұсылмандармен бірге облыс жамағаты да қасиетті де сүйікті Қадір түнін қарсы алды. Бұл түні Тараз қаласындағы орталық «Һибатулла Тарази» мешітіне шамамен төрт мыңға жуық адам жиналды.
Қасиетті түнде тарауих намазы хатым Құранмен жүргізілді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев Қадір түнінің ғибадаттарын жамағатпен бірге атқарды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қасиетті түнде көпшілік ортасынан табылып, құлшылық жасады. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров жиылған жамағатты Қадір түнімен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Рамазан айының күндiзі де, түнi де қасиеттi болып есептеледi. Әсiресе, соңғы он күні ерекше бағаланады. Өйткені, соңғы онкүндікте адам баласының бiржылдық тағдыры белгiленетiн ерекше түн – Қадір түнi бар. Осы түнде Алла Тағала Қасиеттi Құран Кәрімдi түсірген. Міне, осы түні орталық мешітте ақшам уақытынан таң атқанша имандылық жайлы уағыздар айтылып, құлшылық жасалды. Қадір түніне арналған бағдарламаға сәйкес жамағатқа сұрақтар қойылып, олардың діни сауатын аша түсуге мүмкіндік жасалды. Дұрыс жауап берушілерге сыйлықтар ұсынылды. Тағы бір атап өтерлігі мешітке келген жас жеткіншектердің де қарасы қалың болды. Кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен оларға бес жүз балмұздақ, бес жүз тәтті мақта таратылды. Сонымен қатар мешіт ауласында құрылған «батут» та бүлдіршіндерге таңға дейін тегін қызмет көрсетті. Таң атқанға дейін қалың жамағат таһажуд, нәпіл намаз, Құран оқып, құлшылықпен өткізді. Екі мыңға жуық адамға мешіт асханасынан сәресі беріліп, жамағат таң намазын оқып, тарасты.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді