Өрт қауіпсіздігі айлығы басталды

Өрт қауіпсіздігі  айлығы басталды
ашық дереккөз
Өрт қауіпсіздігі айлығы басталды
Өңірімізде облыстық ТЖ департаментінің іс-шаралар жоспарына сәйкес тұрғын үй секторларындағы, жем-шөп сақтау орындары мен автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Осыған байланысты облыстың тұрғын үй секторында өрт улы газбен улану оқиғаларының, олардың туындауы салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу мен болдырмауға бағытталған кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Арнайы бекітілген іс-шаралар жоспары аясында департамент қызметкерлерінің қатысуымен тұрғындарды өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша оқыту және өрттің алдын алу жұмыстары да жүргізілмек. Бұл жұмыстар мерзімді басылымдарда мақалалар жариялау, жергілікті теледидар және радио арналары арқылы хабарламалар беру, кино, теле және бейнефильмдер көрсетуді ұйымдастыру, тұрғын үй аулаларында, көшелерде, елді мекендерде, әлеуметтік қамсыздандыру нысандарында, көлік және байланыс кәсіпорындарында, емдеу және білім беру мекемелерінде конференциялар, нұсқаулықтар, кеңестер беру және тақырыптық лекциялар оқу, сондай-ақ оқушылар мен студенттер үшін өрт қауіпсіздігі техникалық орталығы базасында, білім беру мекемелерінде интерактивті сабақтар, конкурстар мен викториналар өткізу және ашық есік күнін ұйымдастыру арқылы іске асырылатын болады. Өрттің алдын алу және оған жол бермеу бағытында жүргізілетін үгіт-насихаттық шараларды жоспарлы, біркелкі және жүйелі түрде тереңдете өткізу азаматтарымыздың өрт қауіпсіздігіне деген көзқарастарының деңгейін арттыруға және тұрғын үй қорларының өртке қарсы қорғанысын күшейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Айлық барысында арнайы киімдегі азаматтық қорғау қызметкерлері қызметтік куәліктерін көрсету арқылы тұрғын үй секторларын аралау жұмыстарын жүргізетіндігі облыс тұрғындарының әр кезде де жадында болғаны жөн. Бұл ретте туындайтын мәселелер бойынша департаменттің 45-57-20 сенім телефоны арқылы хабарласа аласыздар. Мақсат ӘКІМБАЕВ, облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар