Қордайлықтарды қалтыратқан қарақшылар қамауға алынды

Қордайлықтарды қалтыратқан қарақшылар қамауға алынды
ашық дереккөз
Қордайлықтарды қалтыратқан қарақшылар қамауға алынды
Қордайлық ерлі-зайыпты зейнеткерлердің үйіне түсіп, өздерін өлімші етіп сабап кеткен қарақшылар қолға түсті. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінде өткен брифингте департамент бастығы Арман Оразалиев мәлімдеді. Полиция полковнигінің айтуынша, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бұрын сотты болған Қордай ауданының екі тұрғыны және Алматы қаласының бір азаматы қолға түскен. «Полиция қызметкерлерінің жедел әрі жүйелі жұмыс істеуінің арқасында үш азамат анықталды. Күдіктілер соңғы жылдары Алматы қаласында тұрғандығы белгілі болды. Бүгінде қылмыскерлер өз кінәларын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда қарақшылық, бопсалау және адам өлтіру баптары бойынша соталды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді А.Оразалиев. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылғы 20 шілдеде Қордай ауылы Қордай көшесінің тұрғыны В.И.Бойко және оның жұбайы Л.И.Милиди өз шаңырақтарында соққыға жығылған болатын. Қорғансыз қарттарға жасалған бұл қастандық қоғамда қозғау туындатып, тұрғындар құзырлы органдардан қылмыскерлерді ұстауды талап еткен-ді. Брифинг барысында осы айдың басында шаһар көшелерінің біріндегі жекеменшік үйге шабуыл жасап, қарақшылықпен айналысып жүрген 4 азамат қамауға алынғаны белгілі болды. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын анасы мен қызын байлап, матап, құны 4 жарым миллион теңгені құрайтын бағалы заттарды қолды еткен қаскөйлер бұл іске алдын ала жіті дайындалыпты. Оларды тұтқындау барысында арнайы киім, бетперде және өзге де құрал-саймандар тәркіленген. Есен ӨТЕУЛИЕВ

Ұқсас жаңалықтар