Ауылдың ардақты ақсақалы

Ауылдың ардақты ақсақалы
ашық дереккөз
Ауылдың ардақты ақсақалы

Қайыңдының үлкен-кішісі Әбділдә Наржановты тегіс құрметтейді. Алдынан кесе-көлденең өтпейді. Оның себебі неде десеңіз, Әбекеңнің үлкен-кішіге бірдей көрсететін құрметінде, адалдығында, ауылдың әр тұрғынын бөліп-жармай, бірдей бағалай білетінінде. Әйтпесе, әр ауылда жасы үлкен кісілер аз емес қой. Әбекеңнің ісі – қарияға лайық. Қайыңдыға «көгілдір отын» жеткізерде тыным таппады. Ауылға ертерек «көгілдір отын» кірсе екен деген ниетте жүрді. Ол үшін әр үйге кіріп, ақша да жинады. Онысын біреу түсінеді, біреу түсінбейді. «Жасы келгенде осыған не жоқ?» дейтіндер де кездеспей қалған жоқ. Жинап жүрген ақшасы да аз қаржы емес. Әр үйден 400 мың теңгеден қаражат жиналуы керек еді. Бір жағынан осы кезде Әбекеңнің ауыл тұрғындары алдындағы абыройы көрінді. Өзгеге төрт теңгесін қимайтындар Әбділдә қарияға 400 мың теңгесін санап беріп жатты. Нәтижесінде Қайыңдыға газ келді. Рахат! Әсіресе жас келіндердің жұмысы жеңілдеді. От жақпайды, күл шығармайды. Бір шырпыны тұтатса, көгілдір алау лап ете қалады. Қайыңдының қариясының игі ісі мұнымен бітпейді. Ауылдың ең үлкен ақсақалы Базат қария мен Аягүл әже 90 жастың шыңына шықты. Сол кісілерден кейінгі қазыналы қарт – Әбекең. Әбділдә Наржанов «Қайыңды» кеңшарында 35 жыл бас мал дәрігері болған. Өз жұмысының нағыз маманы болды. Бектенбай Қойшыманов деген білікті директордың қарамағында еңбек етіп, зор тәжірибе жинады. «Ол кезде кеңшарда 48 мың қой, 1200 жылқы, 980 сиыр бар еді. Б.Қойшыманов 1965-1972 жылдары директор болды. Осы жылдар ішінде 25 гектарға алма көшеттерін егіп, ауылға саябақ орналастырды. Көше жолдары Тереңөзек ауылына дейін жөнделіп, айнадай жалтырап жататын», – деп өткен жылдарды еске алады Ә.Наржанов. 1969 жылдың саршұнақ аязында кеңшардың малы біраз шығынға ұшырайды. Сол кезде Әбекең кеңшардың бас зоотехнигі Жылкелді Әбдірахманов екеуі Ресейдің Саратов қаласынан 12 мың еділбай қойын, 100 ақ бас сиыр сатып әкеліп, мал шаруашылығының қайтадан дамуына себепкер болады. 1987 жылы кеңшарға Виктор Гюнтер деген кісі директор болып келеді. Жаңа басшы бас мал дәрігерімен және тауарлы қой фермасының меңгерушісі Оразалы Батырбековпен бірге «Ойжайлау» және «Көлжайлау» жайылымдарын аралап барады. Сол жолы мал шаруашылығының мамандары директорға: «Төрт жыл болды, осы жайлауға 125 шақырым жол жүріп, Жамбыл, Талас қалаларын айналып өтіп, қойшылардың үйлерін көшіреміз. Байқасаңыз, шығын шаш-етектен. Ал ауыл тұсынан осы жайлауға «Жалғыз арша» арқылы жол салсақ, қашықтығы небәрі 35 шақырым болады. Жолдың ұзақтығы 85 шақырымға қысқарады», – деп түсіндіреді. Сонда: «Директор жолдас, маған бір «С-101» тракторын бөлсеңіз, осы жұмысты өзім бітірер едім», – дейді Әбділдә Наржанов. Сол кезде Әбекең 47 жаста екен. Директор Әбекеңнің ұсынысын қолдап, жанына Эдик Фрайбер деген неміс жігітін қосып берген екен. Әбекең директорға берген уәдесінде тұрады. Көмекшісіне «Сырғанақтың кезеңі», «Бала жүрек», «Шымбұлақ», «Ойжайлау», «Сарқырама», «Мамайдың қыры», «Чоң қайқы» жолдарымен «Көлжайлауға» шығатын ойпаңды екі жыл көрсетіп жүріп, «Ойжайлаудан» «Көлжайлауға» шығатын жолды салып шыққанын ауыл адамдары жыр қылып айтады. Сол жылдары Әбекеңнің бұл ерлікке пара-пар ісіне кеңшар директоры Виктор Гюнтер де, кеңшар партия ұйымының хатшысы Асқанбай Назарбеков те дән риза болған. Әбекең жұбайы Роза апай екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 13 немере сүйіп отыр. «Қарттың сөзін қапқа сал» дегендей, Әбділдә қарияның әр сөзі, әр ісі жас ұрпаққа үлгі.

 

Есет ДОСАЛЫ Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар