Орынбасар оза шапты

Орынбасар оза шапты
ашық дереккөз
Орынбасар оза шапты

Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Бұл сайысқа Тараз қаласы мен аудандардан 17-29 жас аралығындағы 11 үміткер қатысып, бақ сынады. Байқауды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп ашып, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде Елбасының бастамасымен жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқау басталмас бұрын аталған колледждің студенттері Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен әндерінен құралған театрландырылған көрініс көрсетті. Бұл өнер додасына қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозасынан және Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ақынның поэзиялық шығармасынан үзінділер оқу талабы қойылды. Алғашқы талап бойынша Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» повесінен үзінді оқыған мойынқұмдық Алуа Үмбетқұлованың, «Қар қызынан» үзінді оқыған құландық Салтанат Қарасаеваның, О.Бөкейдің «Жанар» шығармасынан үзінді оқыған меркілік Венера Ынтықбайдың, Оралханның махаббат тақырыбындағы шығармасынан үзіндіні жан тебірентіп оқыған жамбылдық Орынбасар Бақытұлының өзгелерден шоқтығы биік екенін аңғардық. Келесі айналымда Мағжан Жұмабаев жырларын оқу барысында сарысулық Әлімжан Қабылов, шулық Аружан Әбихан ерекшеліктерімен көзге түсті. Бізді өнерпаз жастардың көркемсөз оқу шеберлігімен қатар көркем әдебиетке деген құштарлықтары қуантты. Көпшілігінің көрермен назарына ұсынған шығармасын бойына әбден сіңіргендері байқалып тұрды. Қазылар алқасының шешімімен Жамбыл ауданынан келген қатысушы Орынбасар Бақытұлы бас жүлдені иеленсе, Шу ауданы, Алғабас орта мектебінің 11- сынып оқушысы Аружан Әбихан жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды. Сарысулық Әлімжан Қабыловқа жүлделі екінші орын берілсе, меркілік Венера Ынтықбайға жүлделі үшінші орын бұйырды. Байқауды қазылар алқасының төрайымы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Рахат Саламатова қорытындылап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар