Мемлекеттің болашағын бүгінгі жастарына қарап бағамдау ежелден бар тәмсіл. Еліміздің ертеңгі иелері саналатын жас өрендеріміз отансүйгіш, белсенді, білімді, бәсекеге қабілетті болса, мемлекетіміздің де келешегі кемел деген сөз. 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат еткен Елбасы Жолдауында да жастарға артылар жауапкершілік жүгі мол. Осынау ауқымды мақсат аясында «Нұр Отан» партиясының «Жас отан» жастар қанаты батыл бастамаларды жүзеге асырып келеді. Сондай жарқын жобаның бірі – «Сәтті қадам» деп аталады. Жаңа жоба негізінен жоғары оқу орындары түлектерінің жұмыс табуына қолдау көрсетуге арналған.
«Сәтті қадам» жобасы біздің облысымызда да жүйелі жүзеге асуда. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен биылғы мамыр айында М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, Тараз педагогикалық институтында, сонымен қатар, Тараз инновациялық гуманитарлық және Жамбыл гуманитарлық техникалық университеттерінде республикалық жобаның таныстырылымы өткізілді. Айту керек, «Жас Отан» жастар қанаты «Сәтті қадам» жобасы арқылы жас қазақстандықтардың еліміздің ірі өндірістік мекемлерінде, ұлттық компанияларында және мемлекеттік органдарда жүйелі түрде тағылымдамадан өтулерін ұйымдастыруда. Жыл сайын белгілі мөлшерде квота бөлу үшін аталмыш мекемелермен екіжақты меморандумға да қол қойылды. Жобаның негізгі мақсаты – жоғары оқу орнын бітіруші жастарға өз қызметтік сатысын еліміздің белгілі ұйымдарынан тағылымдамадан өту арқылы бастауына мүмкіндік беріп, алған білімдерін тәжірибе ретінде сынап көруіне қолқабыс ету. Мұның өзі жастардың кәсіби біліктілігін бағалап, тәжірибесін байқап және алдағы уақытта жұмысқа орналаса алу мүмкіндігін шамалауға септігін тигізеді. «Жас Отан» жастар қанаты тәуелсіз сарапшылармен бірге жобада лайықты үміткерлерді іріктеп, тағылымдаманың құжаттарын жинақтаудан бастап қорытынды мінездеме алғанға дейін басы-қасында болады. «Сәтті қадам» жобасына қатысушыларға қойылатын талап та қарапайым. Алғашқы іріктеу сатысы – түйіндеме мен жеке анықтама үлгісін толтыру. Іріктеудің негізгі талаптарына сәйкес келген жастар өздерін «Сәтті қадам» жобасының қатысушыларымыз» деп нық сеніммен айта алады. Осы орайда облыста жастар іс тәжірибесінен өту үшін бірқатар мекемелер және өндіріс орындарымен меморандумға қол қойылған. Жоба ережесінің талабына сәйкес, өткен жылы өңірде 23 үміткер түйіндеме тапсырған болатын. Оның ішінде әңгімелесу кезеңіне 17 үміткер қатысып, тоғызы жоба аясында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Солардың бірі – Арайлым Абдуалиеваның құжаттары облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасына жолданып, ол басқарманың студенттік жастар және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінде тәжірибеден өтті. А. Абдуалиева екі ай тәжірибелік жұмысы барысында өзінің ұқыптылығы және жауапкершілігімен, ізденімпаздығымен көзге түсіп, облыстық «Жастар орталығына» консультант болып жұмысқа қабылданды. Талапты жас Досхан Ибраимов та облыстық салық департаментінде тағылымдамадан өтті. Ол Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік технологиялық университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған болатын. Үш ай тәжірибеден өту барысында ол елгезектігімен мекеме басшылары мен мамандарының назарына ілікті. «Жас Отан» жастар қанатының ұсынымы бойынша Д. Ибраимов биылғы сәуір айынан бастап облыстық салық департаментіне келісім-шарт негізінде референт болып жұмысқа кірісті. Міне, жаңа жобаның осындай жақсылықтары жетерлік. Сондықтан да өз болашағына бейжай қарамайтын жастардың «Сәтті қадам» жасағаны абзал.
Жанәділ ОСПАНОВ, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді