Халық қалаулыларының өз құзыреттерін орындаудағы негізгі құқықтарының бірі – депутаттық сауал жолдау. Жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, бұл депутаттардың сайлаушылар алдындағы уәдесін орындауға қол жеткізетін бірден-бір тетік. Осы орайда депутаттық сауалды тәжірибеде қолданудың тиімділіктері туралы облыстық мәслихат аппараты басшысының орынбасары Біржан Күзембековпен сұхбаттасқан едік.
– Біржан Мықтыбекұлы, алдымен депутаттық сауалдың не екенін анықтап алайық. Оның ерекшелігі неде, сонымен бірге ол кімге бағытталуы мүмкін?
– Егер бюрократиялық тілмен айтсақ, онда депутаттық сауал – ол ресми акті, оның құқықтық күші заңмен қамтамасыз етіледі. Ол мәслихаттың сессиясындағы ресми үндеу болып табылады. Депутаттық сауал – депутаттың аумақта орналасқан мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзырына енетін сұрақтар бойынша негізделген түсініктеме немесе жағдай туралы мәліметті талап етуі. Сауалды депутат немесе депутаттар тобы жазбаша немесе ауызша түрде беруі мүмкін. Сауал, оған берілген жауап және сауалды қарау нәтижесі бойынша мәслихаттың қабылдаған шешімі депутаттар мен сайлаушылардың назарына жеткізіледі. Осы айтылғандарды қарапайым тілмен түсіндірсек, онда депутаттық сауал дегеніміз – бұл атқарушы органдардың жұмысына бақылау құралы болып табылады. Сонымен қатар, бұл – жариялылық мінбесі. Егер мәселе шешілмесе немесе дұрыс жасалмаған жағдайда халық қалаулысы «тыныштықты бұзушы» болуы керек. Ол үшін оның құзыреті бар. – Осындай жағдайларда депутат тек қарапайым сұраушы болып көрінбейді ме? – Неге? Ол да билік иесі ғой. Сондықтан мемлекеттік және өзге де органдар депутаттың сайлаушыларының тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмысына ықпал етулері керек. – Халық қалаулыларының аталған сауалдарына мониторинг жасаған кезде сіз назарды неге аударар едіңіз? – Алдымен статистиканы айта кетейін. Бесінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының сайланғанына шамамен 2 жыл өтті. Осы мерзім ішінде әртүрлі инстанцияларға 40-тан астам сауал жолданды. Орташа есеппен әрбір жұмыс жасаған жылға 20-дан келеді. Біздің депутаттар корпусы қатарында 35 депутат бар. Есептеу қиын емес, олардың әрқайсысына шаққанда шамамен бірден кем болмайды. Ал, егер бұл істе белсенділік танытатындары санаулы екенін ескерсек, онда одан да аз келеді. Яғни, халық қалаулыларының тіпті жартысы мемлекеттік органдарға депутаттық сауалмен шықпаған. Ал, керісінше депутаттарымыз Асаубай Майлыбаев, Совет Қалманбетов, Сембек Сейдәзімов, Дария Қожамжарова, Гүлсін Орынбаева, Валерий Сергеев, Асқар Бекбауовтың әрқайсысы 3-5 сауалдан жолдаған. Депутаттық сауал беру – бұл жеке мақсатты көздемейтінін айта кеткен жөн. Тағы да бір дерек: бұрын негізінен коммуналдық проблемалар немесе қызмет көрсету мәселелерін шешуге байланысты ұсыныстар болса, ал қазір реформаларды тереңдету, біздің қоғамымыздың экономикалық, саяси және құқықтық жүйелерін жетілдіру, экологияны жақсарту, тұрғындардың жұмысбастылығын жоғарылату сияқты сұрақтар қойылатын болды. – Сауалдардың нақты шешілгені туралы мысал келтіре аласыз ба? – Әрине. Облыстық және Жуалы аудандық мәслихаттары депутаттары әрекеттерінің арқасында ауданның сегіз елді мекенін газдандыруға қазынадан 400 миллион теңгеден астам қаржының бөлінуіне қол жетті. Бүгінгі күні бұл жоба жүзеге асуда. Сарысу ауданы тұрғындарының да сұраныстары депутаттар тарапынан қолдау тапты. Қазіргі кезде бұрынғыдай «Тараз-Қаратау-Жаңатас» бағытындағы қалааралық пойыз жүре бастады. Бұл рейс әлеуметтік маңызды мәртебеге ие болды. Сондықтан сессияда келесі жылдың қаржылық бюджетін қарастыру кезінде тасымалдаушыларға олардың шығындарының орнын толтыру үшін демеуқаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Былтырғы жылы Жуалы ауданында болған оқиға баршаға белгілі. Суару кезеңінің орта тұсында біздің көршілер Жуалы шаруаларының егістіктерін суғаруға арналған суды жібермей, тоқтатып қойған. Халық қалаулыларымыз бірінші болып дабыл қағып, ел Үкіметіне тағы да бір су қоймасын салып, көршілер суына тәуелділіктен арылу туралы ұсыныспен шықты. Нәтижесінде қазіргі кезде Көксайда жаңа канал салынуда. Сіздің назарыңызды тағы бір депутаттық сауалға аударғым келіп отыр. Шындығында ол әлі шешімін тапқан жоқ. Шу ауданының аумағында «Қазақмыс» корпорациясының кеніштері орналасқан. Олардың кен қазу жұмыстарынан кәсіпорынға жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары радиациялық сәулеленуге душар болып отыр. Бұл жерде, облыстық мәслихат депутаттары мәжілісмен Қожахан Жабағиевке депутаттық сауалдарында жазғандай, нәрестелердің кемшілікпен туылған оқиғалары жиілеп, ауру саны өсуде. Сонымен бірге, бұрынғы өсімдіктер мен жануарлардың бай дүниесінен тіпті түк қалмаған. – Айтыңызшы, стандарттан тыс сипаттағы депутаттық сауалдар болды ма? Мысалы, Парламенттің кейбір депутаттары көп әйел алуды заңдастыру деген сияқты сұрақтар көтеріп жүр ғой. – Бізде ондай оқиғалар болған жоқ. Бір кездері депутат Халит Базаралиев: «Неге «Тараз» футбол клубы облыстық бюджеттен қаржыландырылады? Әлемдік тәжірибеде мұндай мақсаттарға клуб иелерінің қаржысы бөлінеді емес пе?» деген сұрақ қойған болатын. Оған «бізде ондай бай демеушілеріміз жоқ» деп жауап берілді. Көрші Ресейде де осындай жағдай. Ал, футбол – бірінші нөмірлі спорт болып табылады. Біздің орталық стадионда «Тараз» командасының ойындарына бестен он мыңға дейін көрермен жиналады. Яғни, бұл жоба қаржылық емес, әлеуметтік маңызға ие. Сондықтан шығындар болуы сөзсіз. Тағы да айта кететіні, біздің өкілетті органның барлық іс-шаралары ашықтық пен айқындық сипатта өтеді. Әрбір сессия жұмысы жергілікті теледидарда көрсетіледі, сессия материалдары облыстық «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерінде жарияланады. Сондықтан, депутаттық сауал – мәслихаттың басқа да іс-әрекеті сияқты бұл да ашықтық мінбесі болып табылады. Әңгімелескен Сағатулла Қалымбетов, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді