Әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселесі бойынша жергілікті әкімдіктерден түскен ұсыныстар облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссиясының кезекті отырысында қаралды. Басқосуда аудан әкімдері орынбасарларының хабарламалары тыңдалды.
Жиында әуелі Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрдос Тойбаев баяндама жасап, елді мекендердегі көшелерге атау беру, қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, Дихан, Жаңатұрмыс ауылдық округтері мен орысша немесе мәні ескірген атаулармен аталатын 5 көше, атауы жоқ 3 көшеге жаңа атау беру үшін ұсыныстардың түскенін тілге тиек етті. Бұдан кейін, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым және Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, Талас ауданы әкімінің орынбасары Кәдірбек Садубаев көше аттарын қайта атау жайлы ұсыныстарға байланысты өз пікірлерін білдірді. Отырыста қаралған 46 ұсыныс Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов және Талас аудандарынан түссе, оның 9-ы тарихи тұлға, 7-еуі жер-су атаулары және 30-ы дәстүрлі атаулар. Ұсынылған атауларды комиссия мүшелері бірауыздан қолдағанымен, елді мекен көшелеріне атау беру кезінде Аягөз, Жетісу, Отырар,Торғай атауларының орнына Ғазиз Байтасов, Ұлбике ақын сынды тұлғалардың есімдері насихатталса деген ойларын жеткізді. Жиын барысында зерделеу жұмыстары кезінде жасалған оң өзгерістер туралы айтқан облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова аудандарда атауы ескірген нысандарға байланысты жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығына тоқталды. – Қордай ауданында мағынасы ескірген 1 нысан (№5 Н.Крупская атындағы орта мектеп), Меркі ауданында 5 көше (МПС, Пролетарская, Совет, 60 лет Октября, 70 лет Октября), Т.Рысқұлов ауданында 1 көше (Фрунзе) бар болатын. Оның ішінде бүгінгі күні Қордай ауданындағы Н.Крупская атындағы орта мектеп аудан әкімдігінің 30.07.2018 жылғы №300 қаулысымен №5 орта мектебі болып өзгертілсе, Меркі ауданының 3 көшесі (Пролетарская, МПС, Совет), Т.Рысқұлов ауданының 1 (Фрунзе) көшесінің құжаттары бүгінгі облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылып отыр. Ал Меркі ауданындағы қалған 2 көше (60 лет Октября, 70 лет Октября) бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу барысында 3 аудандағы мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларынан бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, Қордай ауданынан барлығы – 76 мекеме (40 мемлекеттік мекеме, 36 мемлекеттік емес) қаралып, оның 35-нен (17 мемлекеттік, 18 мемлекеттік емес) кемшіліктер анықталды, деді ол. Отырыс соңында сын-ескертпелерден нәтиже шығару жауапты басшыларға міндеттелді.
Есен ӨТЕУЛИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді