«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа мәдениет ошағы

Жаңа мәдениет ошағы
ашық дереккөз
Жаңа мәдениет ошағы

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Шоқпар ауылдық округінің тұрғындары сәулетті мәдениет ошағының салынуын армандап жүретін. Міне, Конституция күні қарсаңында осы бір жақсы істің тиянағы келтіріліп, жүз адамға арналған ауылдық клуб тұрғындар үшін есігін айқара ашты. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп, жаңа нысанның ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Қайрат Досаев шоқпарлықтарды құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізді. – Құрметті, ауыл тұрғындары! Сіздерді жаңа мәдениет ошағының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ел болашағы өскелең ұрпақтың қолында дейтін болсақ, олардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жөн. Сол себепті де ең әуелі ауылдағы жастарға жағдай жасау біздің басты міндетіміз болмақ. Міне, бүгінгі ауылдық клубтың ашылуы да осындай жарқын істерге бастар баспалдақ деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұның да жемісін көреміз деген сенімдемін, – деді Қайрат Әскербекұлы. Шара барысында құрылысты жүргізген «Шағыноил-7» мердігер компаниясының өкілі Досымжан Қозбақов Шоқпар ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Әйгерім Әлжановаға нысанның кілтін салтанатты түрде табыстады. Аудан басшысы Қайрат Досаев пен ауданның Құрметті азаматы Төлеухан Шаймерденов ғимараттың лентасын қиды. Бұдан соң келген қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңа нысанмен танысты. Ұзындығы – 44, ені 16 метрді құрайтын зәулім ғимарат заманауи құрылғылармен жабдықталыпты. Құрылыс жұмыстары бір жылға жетер-жетпес мерзім ішінде аяқталған ауылдық клубтың алғашқы қабатында Шоқпар ауылдық округі мен ауыл азаматтарының өткенінен сыр шертетін мұражай және жүз адамдық көрермен залы орналастырылған. Бұдан бөлек, әкімшілік бөлмесі мен жеке бөлмелер де бар. Ал екінші қабатта қоры 7416 кітапты құрайтын заманауи кітапхана орын алған. Оған қоса, оркестр бөлмесі мен би залы және қолөнер үйірмесі тұрғындар үшін жұмыс істейтін болады. Айта кету керек, аталмыш мәдениет ошағының құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 206 миллион теңге қаражат қарастырылған болатын. Өз кезегінде, бұл да өңір басшыларының рухани салаға деген қарымды қамқорлығының айқын дәлелі екені сөзсіз. Салтанат соңында қуаныштан мәре-сәре болған шоқпарлықтарға аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, ауылдық клубты ән мен жырға бөледі.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар