бар ізгілік – ананың ақ ниетінде

бар ізгілік –  ананың ақ ниетінде
ашық дереккөз
бар ізгілік – ананың ақ ниетінде

Президент Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» – деп, отбасындағы қыздар тәрбиесіне баса назар аудару қажеттігін ескерткен болатын. Жалпы, әйел мен әлем ұғымын өзара астаса сабақтастырудың өзіндік мәні бар. Сәбиге ана сүтімен, арғы тегі арқылы келетін адами құндылықтар болады. Ал оның жас ұрпақтың бойында беки түсуіне жанұядағы тәрбие әсер етеді.

Өмірдегі бар ізгілік ана махаббатынан нәр алып, ананың ақ ниетімен көктейтіні белгілі. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеу арқылы ұлт тәрбиешісіне айналған әйел-ананың, елдің көркі — ару қыз-келіншектердің қоғамда алатын орны биік, мәртебесі асқақ. Қазақ – қай заманда да қыздарына айрықша құрмет көрсетіп, аналарын ардақтай білген халық. Оларға тең дәрежеде қараған, кейбір елдердегідей әйел құқығына шектеу қоймаған. Осылайша ғасырлар бойы мамыражай, бейбіт күндермен қатар алмағайып замандарда, небір қиын кездерде де ерлермен бірге ел жүгін көтеріскен. Қазақ қыздарының табиғатынан ержүрек, өжет келетіні жөнінде тарихи деректер көп. Мәселен, шетел зиялысы Э.Вульфон: «Қыз – жігіттердің ойын-сауықтарында емін-еркін араласуы жөнінен қазақтар басқа мұсылман халықтарынан өзгеше: әйелдері жүздерін жасырмайды, ерлерден тығылмайды... қазақ әйелдері еркектермен бірге атқа шауып, ән салып, көңіл көтеріп жүре береді және өз адамдарын да, жат жерліктерді де жатырқамайды», – деп өз уақытында шынайы бағасын да берген. Ежелден-ақ қазақ әйелдерінің ізеттілігі мен ақылдылығы, өжеттілігі мен тапқырлығы, ерлігі еуропалық ғалымдардың өзін бейжай қалдырмағаны байқалады. Тарихшы, этнограф ғалым Лев Гумилевтің «Көне түріктер» деген еңбегіндегі «Түріктер әйелдерді сал-серідей қатты құрметтейді. Баласы үйге кіргесін әуелі шешесіне иіліп, тәжім еткен. Содан барып әкесіне сәлем берген» деген сөзі дала қазақтарының қыздары мен анасын ардақтап, әйелді сыйлай білетін халық екендігін көрсетсе, орыс ғалымы Г.Потанин қазақ қыздарының саусағынан өнер тамған шетінен шебер, іскер, еңбекқор екендігі жөнінде сүйсіне жазады. Осынау тарихи деректер – әлем жұртшылығының қазақ қыздарына, әсіресе олардың еркіндігі мен ерлігіне, өжеттілігіне қайран қалғанының куәсі. Тарих – ұлтты тәрбиелейді. Түзу тарихпен тәрбиелеген тұлға бойында өзін де, өзгелерді де қадірлей білетін тектілік қалыптасады. Айталық, Қазақстанда 1937-38 жылдары жүргізілген жаппай қуғын-сүргін саясаты кезінде Алаш қозғалысының басшыларын жазалау шаралары барысында қазақ зиялыларының дені жауапқа тартылып, олардың басым бөлігі құрбан болды. Осы жылдары халқымыздың аяулы қыздары да қуғын-сүргін көрген. Ақмола қаласының қасында орналасқан сол кездегі ресми түрде ГУЛАГ-тың 26-нүктесі деп аталған АЛЖИР-де бас бостандығынан айырылған әзиз аналар тағдырдың тауқыметін тартты. Олар С.Қожановтың жары Күләнда Қожанова, Т.Жүргеновтің зайыбы Дәмеш Жүргенова, С.Сейфуллиннің өмірлік жұбайы Гүлбахрам, Қ.Сарымолдаевтың әйелі Майнұр Сарымолдаева, Б.Майлиннің әйелі Күнжамал Майлина,Т.Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова, Шахзада Шоманова тағы басқалары. Ал Ұлы Отан соғысында ше?.. Қан майданда қазақ қыздары керемет қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Осы соғыста Орта Азия елдерінің ішінен Кеңес Одағының Батыры атағын қазақ қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың алуы осы сөзімізді айғақтай түседі. Олардың есімдері тек Қазақстан ғана емес, ТМД елдеріне жақсы мәлім. Ұлты мен ұрпағы үшін қан майданда қайсарлық танытып, иманды ісімен халқының қадір-қасиетін арттырған батыр қыздарымыздың ерлік рухы ел тарихымен біте қайнап, бірге жасап келеді. Солай болуы заңды да. Себебі әйел ұлтжанды болмай, ұлтжанды ұрпақ өсіру мүмкін емес. 2013 жылы 8 қыркүйекте республикада Елбасы Жарлығымен тұңғыш рет Отбасы күні аталып өтілді. Содан бері қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтетін атаулы күннің маңызы арта бастады. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің мәні де осында. Соңғы уақытта біздің қоғам отбасылық құндылықтардан ажырап қалғаны жасырын емес. Ал бұның салдары түрлі келеңсіздіктердің көбеюіне әкеліп соғуда. Еліміздегі нарықтық экономиканың қарқынына ілесу үшін көптеген отбасыларда бала тәрбиесі әлсіреп, тіпті еріксіз қолдан шығарып алдық. Соның әсерінен қоғамда орны толмас олқылықтар пайда болуда. Ал ата-ана өз міндетін атқару барысында жіберілген кемшілігін қоғамға, білім беру мекемелеріне арта салды. Десек те ата-ананың өз ұрпағы алдындағы міндеттері мен құқықтарын ешкім бөліп атқара алмайды. Баласы үшін әке-шешеге қаншалықты жауапкершілік жүктелетіндігі елімізде заң жүзінде қарастырылған. Ұлттық білім беру жүйесін отбасының білім беру үрдісіне қатысуынсыз модернизациялау мүмкін емес. Бүгінгі таңда отбасының жас буынды тәрбиелеуде әлеуметтік міндеті артып отыр. Жеке тұлғаның қоғаммен өзара әрекеттестігін қалыптастыратын негізгі орта да осы отбасы. Тәуелсіздік алған 26 жылдың белесінде еліміздің білім беру жүйесі мен педагогикалық ғылымы әлемдік білім кеңістігінен орын алып, дами бастады. Өркениетке қадам басқан тұстағы біздің басты міндетіміздің бірі – ұлттық тәлім-тәрбие мен сапалы білім беру. Ал ол үшін жастарға білім мен тәрбие беретін заман талабына сай жаңа тұрпатты мұғалім даярлау керек. Осы тұрғыдан алғанда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушыларына жүктелер жауапкершілік жоғары. Тәуелсіз Қазақстанның кемел болашағы білім мен тәрбиені тең ұстаған, ұлтын шексіз сүйетін, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін жалынды жастардың қолында десек, сол жас буынды қоғамның игілігіне бағытталған рухани құндылықтар қалыбында тәрбиелеу керек. Ал тәрбие үдерісін дәстүрмен сабақтастыра отырып, жаңашыл бағыт-бағдар негізінде жүйелеу қажет. Біз жастардың санасына білімділіктің мәдениетке бастайтын сара жол екенін ұғындыруға тиіспіз. Ғылым мен білім, нанотехнология адамзат үшін қызмет ететінін естен шығармаған жөн. Білім мен тәрбиенің мақсаты біреу – ол елін сүйетін, оның болашағының жарқын болуы үшін еңбек ететін ұлтжанды ұрпақ, яғни ұлттық тұлға қалыптастыру. Жалпы, белгілі бір қалыптар мен құндылықтар әрбір халықтың мәдени өрісі шеңберінде өзіндік сипатымен айқындалатын болғандықтан, бүкіл адамзатқа бірдей тұжырымдалған мәдениет кодексін ұсыну мүмкін емес. Алайда қоғамдық ынтымақтастық, үйлесімдік пен келісімді де жоққа шығаруға болмайды, яғни тұлға үшін ортақ мақсаттардың болуы аса қажет. Сол себепті жастарды мүмкіндігінше жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін меңгеруге, отандық және әлемдік рухани қазыналардың, әдебиеттің терең мұраларын жете танып-білуге, ұлтымыздың рухани құндылықтарынан қол үзбеуге, имандылыққа, өнертапқыштыққа, жаңашылдыққа, шығар-машылыққа, саламатты өмір салтына баулуға міндеттіміз.

Лескүл Ибраимова, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті Өнер және мәдениет факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Ұқсас жаңалықтар