«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құқық бұзғандардың 48-і – жеке және заңды тұлға

Құқық бұзғандардың  48-і – жеке және заңды тұлға
ашық дереккөз
Құқық бұзғандардың 48-і – жеке және заңды тұлға

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің арнайы тапсырмасына сәйкес, облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Аталған іс-шара барысында облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов соңғы 7 ай көлемінде атқарылған жұмыстар жайлы баяндап берді. Басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан есепті кезеңде облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында 83 тексеру жүргізілді.

Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жұмыс берушілерге 43 нұсқама берілген. Оның 35-і – еңбек қатынастарына, 7-еуі – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, ал 1-еуі – халықты жұмыспен қамтуға байланысты. Есепті кезеңде жеке және заңды тұлғаларға қатысты 48 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығарылып, 3,992 миллион теңге сомасында айыппұл салынып, оның 3,631 миллион  теңгесі өндірілген.

Жоспарлы шараларды іске асырудың нәтижесінде 101 бұзушылық анықталып, 76 азаматтың жазбаша өтініші қаралған. Осындай мәліметтерді алға тартқан Серғали Өмірзақұлы:

– Басқармаға барлығы 647 жеке және заңды тұлғалардан өтініш келіп түсті. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл тұрғыдағы көрсеткіш 16,2 пайызға өсті. ҚР Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағы 9) тармақшасына және облыстық үшжақты әлеуметтік-әріптестік, әлеуметтік және  еңбек қатынастарын реттеу комиссиясының  2015 жылдың 26 мамырындағы отырыстарының №2 хаттамасының негізінде біз еңбек қатынастары, ондағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жай-күйіне 93 кәсіпорында тоқсан сайын  20 көрсеткіш бойынша мониторинг жүргіземіз. Мұнда, негізінен ұжымдық және жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының, еңбек ұжымдарының жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуі, олардағы берешек жалақының бақылауда ұсталынуы, жазатайым оқиғалардың саны сияқты жайттар назарға алынады, – деді.

Былтыр 31 наурызда облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкенің төрағалығымен өткен облыстық әлеуметтік-әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында аймақтың өндірістік үдерісін, еңбек құқығын қамтамасыз ету және қызметкерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мәселелері туралы әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақтар арасындағы меморандумдар жасасу бойынша жұмыстарды жандандыру қаралған еді. Соған сәйкес бүгінгі күнге өңірде 71343 жұмысшыны қамтитын 3243 кәсіпорында меморандумдарға қол қойылыпты.

Брифингте басқарма басшысы, сондай-ақ құқықтық, әкімшілік шаралар, ұжымдық шарттардың қабылдануы, еңбек қатынастары, халықты жұмыспен қамту және міндетті зейнетақы жарналары жоқ жұмыскерлер, еңбек  қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. «Тамыз айына дейін 2796 ұжымдық шарт жасалынып, мониторингтен өтті. Оның ішінде 1481 ұжымдық шарт мемлекеттік мекемелерде, 1315-і жеке кәсіпкерлік нысандарда жүргізілді», – деген баяндамашы есепті мерзімде жұмыс істеп тұрған  мемлекеттік ұйымдардың саны 1610 болса, жеке сектор 6563-ті құрағандығын атап өтті. Осылайша, ұжымдық шарттар жасалуы көлемі аймақтағы әрекет етіп тұрған барлығы 8173 кәсіпорын мен ұйымның 34,3 пайызын құраған.

Баспасөз мәслихатының соңында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да жан-жақты жауаптар қайтарылды.

Альмира ОМАРОВА

Ұқсас жаңалықтар