«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биыл 4 мектеп, 7 балабақша, 1 колледж пайдалануға беріледі

Биыл 4 мектеп, 7 балабақша, 1 колледж пайдалануға беріледі
ашық дереккөз
Биыл 4 мектеп, 7 балабақша, 1 колледж пайдалануға беріледі

Биылғы жылдың соңына дейін облысымызда 12 білім нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Оның 85 пайызы тамыз айының ішінде жаңа оқу жылына сақадай-сай болуы тиіс. Өткен аптадағы аппараттық кеңесте облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков облыстық білім, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары мен аудан әкімдеріне осындай тапсырма берген болатын. Қазір нысандардағы жұмыс қарқынды жүргізілуде. 

Жалпы, ағымдағы жылы өңірде жаңадан соғылған үш бірдей білім нысаны есігін айқара ашты. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының Түрксіб ауылындағы 280 орындық балабақша, Шу ауданының Бәйдібек ауылындағы М.Мәметова атындағы 150 орындық және Қордай ауданының Кенен ауылындағы 600 орындық №42 орта мектептері жас өрендердің шаттығын шалқытып, мерейін тасытты. Еліміздің экономикалық әлеуеті артқан сайын жаңа нысандардың да қатары көбеюде. Бүгінде облыста 27 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Соның 12-сі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Олардың қатарында 4 мектеп, 7 балабақша, 1 колледж бар. Ал, келесі жылы 15 білім нысаны, яғни 11 мектеп пен 4 балабақша пайдалануға берілмек. Айрықша атап өтерлігі, алғашқы кезекте апатты жағдайдағы мектептердің ахуалы түзелуде. Облыста апатты жағдайда деп танылған 23 мектеп бар екен. Биыл олардың қатары үшеуге азаяды. Қордай ауданының Алға ауылындағы 180 орындық, Шу ауданының Сауытбек ауылындағы 150 орындық орта мектептер мен Жамбыл ауданының Жаңаөткел ауылындағы 50 орындық бастауыш мектебінің құрылыстары биыл аяқталады. Алдағы жылы пайдалануға берілуі жоспарланып отырған 11 мектеп те апатты жағдайдағы нысандардың орнын алмастырады. Сол сияқты 1 мектеп 2014-2015 оқу жылында қайта құрылады. – Қайта құрылатын мектеп Талас ауданында орналасқан. Көктөбе ауылындағы бұл Б.Әлменұлы атындағы орта мектеп бастауыш мектепке айналады. Мектеп негізінен екі ғимараттан тұрады. Оның біреуі апатты жағдайда. Бастауыш сыныптағы оқушылар екінші ғимаратта оқытылады. Ал, 5-11 сыныптағы 35 оқушы 3,5 шақырым қашықтықта орналасқан Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепке тасымалданады. Қалған 8 мектептің мәселесі 2016-2017 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде 5 мектептің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Қалған үшеуінің де ЖСҚ дайындауға қаржы қарастырылуда, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ерік Есмаханов.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар