Қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнінде «Һибатулла Тарази» атындағы орталық мешітке ізгі ниетпен қадам басқан жамағатта есеп болған жоқ. Құлшылық үйінің іші де, сырты да сәждеге бас қою үшін келген кісілерге лық толды. Олар бір-бірін Құрбан айт мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Бәрінің жүзі қуанышқа толы, шат-шадыман. Құрбан айт намазының алдында Құран сүрелері оқылып, әруақтарға бағышталды. Мұнан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев көпшілікті уағыз-насихатымен ұйытты. Мұнда Құрбан айттың ерекшелігі, адамдардың ара-қатынасы, кешірімді, мейірімді болу, сауапты іске асығу мәселелері кеңінен қаузалды. Меккеде қажылық сапарда жүрген жерлестерімізге Жаратқаннан жақсылық, амандық сұралды. Қасиетті Құрбан айт мерекесіне жиналған қауымның алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, жамағатты құттықтады. Ол Құрбан айт мерекесінің ерекше қастерлі мейрам екеніне, құрбан шалудың маңызы жоғарылығына тоқталып өтті. – Қасиетті Құрбан айтта сәждеге бас иіп, мерекелеуге жиналып отырмыз. Бұл – ізгілік пен тағылым мерекесі. Елбасының сарабдал саясатымен еліміздің экономикасы өркендеп келеді. Әлеуметтік салада да қол жеткен табыстарымыз ұшан-теңіз. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында да жүзеге асқан игі шараларға өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Облыс басшысының іскерлігінің арқасында біздің өңірде де қомақты істер жүзеге асып, халықты қуанышқа бөлеп отырғаны белгілі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан сіздерді Құрбан айт мерекесімен құттықтап, әр отбасына береке, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Айттан айтқа жете беріңіздер. Айт мерекесі құтты болсын! – деді Бекболат Серікбекұлы. Мұнан соң бас имам айт намазының тәртібін жамағатқа түсіндіріп өтті. Барша көпшілік бас имамға ұйып, айт намазын оқыды. Содан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан құрбандыққа өгіз шалынды. Өзге де кәсіпкер азаматтар уақ мал сойып, сауапқа кенеліп жатты. Намазға келген жамағат «Һибатулла Тарази» медресесінің ауласында жайылған дастарқаннан дәм татып, осында ұйымдастырылған ойындарды тамашалады. Қатысушылар қазақ күресінен, кір тасын көтеруден, арқан тарту, қол күресі, асық ату, ләңгі ойындары бойынша сынға түсті. Кір тасын көтеруде медресе ұстазы Нұрлан Бақытұлы жеңімпаз атанса, арқан тартудан Жамбыл ауданы Бесағаш ауылының командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Олар шешуші ойында мешіт жастарынан құралған команданы ұтты. Ләңгіден Тараз қаласының тұрғыны Омар Қожахметов жеңіске жетсе, асық атудан орталық мешіт жамағаты Шона Рахымов топ жарды. Сондай-ақ қол күресі және қазақ күресі бойынша да жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Оларға «Һибатулла Тарази» мешіті әкімшілігі атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Бұл күні «Әбдіқадыр» мешітінде Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов құрбандыққа қой шалды.
Есет ДОСАЛЫ
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді