«Қазақ балаларының әлемнің үздік университет теріне түсуіне көмектескім келеді»

«Қазақ балаларының  әлемнің үздік  университет теріне түсуіне көмектескім келеді»
ашық дереккөз
«Қазақ балаларының әлемнің үздік университет теріне түсуіне көмектескім келеді»
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="82752,82753,82754,82755,82756,82757"]

«Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам» деп ақын Сұлтанмахмұт жырлағандай, бүгінде арманшыл, талапшыл, алғыр қазақ жастары аз емес. Олар өз таланттары мен білімінің арқасында талай биіктерге, асқар асуларға жетіп, ел мақтаныштарына айналуда. Жалынды жастар тек елімізде ғана емес, шетелдерде, әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып, жарқын болашаққа нық қадам басуда. Солардың бірі – жерлесіміз Жанат Болатұлы Жаппаров. Ол он бес жылдай білім қуып, Түркия мен АҚШ-тың белді оқу орындарында оқып, жемісті еңбек етіп жүр. Оның алға қойған мақсаты – айқын, арманы – асқақ. Жуырда елімізге, туған өңіріне келген Жанатпен болған аз-кем әңгімеміздің барысында осыған көз жеткіздік.

– Жанат, алдымен өзің туралы кеңірек айтып өткенің ләзім шығар. Өңіріміздегі қай жоғары оқу орнын оқыдың? Біліміңді жетілдіруді қай елден бастадың? – Мен Тараз қаласындағы қазақ-түрік экономикалық колледжінің түлегімін. Бұл оқу орнын аяқтаған соң білім қуып Түркияға аттандым. Онда Стамбул қаласындағы Босфор университетіне (Boğaziçi Üniversitesi) оқуға түстім. Түбі бір туысқан ел болғандықтан ба, ол жаққа тез-ақ бауыр басып қалдым. Мен оқыған оқу орны Босфор бұғазының еуропалық жағында орналасқан. 1863 жылы Сириус Хэмлин мен Кристофер Роберпен негізін қаланған. Ол АҚШ-тың сырт елдегі алғашқы американдық жоғары білім беру институты болып табылады. Бүгінгі таңда Түркиядағы ең беделді білім ордасы саналатын ол Утрехт Еуропалық қауымдастығының және Жерорта Университеттері одағының мүшесі. «Times Higher Education» журналының мәліметі бойынша, әлемнің 200 үздік университеттерінің тізіміне кіреді. Сондықтан да бұл жоғары оқу орнында оқығанымды мәртебе деп білемін. – Білуімізше, Ұлыбританиядағы белгілі университетке «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түскендердің бірісің... – Түркияда оқып жүргенімде Англияға барып Оксфорд брукс университетіне «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түстім. Онда сегіз айдай білім алдым. Бірақ Босфор бұғазының жағалауындағы оқу ордамды сағынып, қимай Стамбулға қайтып оралдым. Кейіннен АҚШ-қа аттандым. Жат елде алдымен ағылшын тілін жетік меңгеруге тырысып, Пенсильвания штатындағы Питтсбург қаласында 2-3 айдай арнайы курсқа қатыстым. Магистратураға құжат тапсырдым. Оқып жүріп Массачусетс штатының Садов қаласындағы білім ошақтарының біріне мұғалім болып қызметке тұрдым. Бүгінде сонда математика, физика, информатика пәндерінен сабақ беріп келемін. Қазір Гарвард университетінің математика ғылымдарын үйрету мамандығы бойынша магистрантымын. – Өзің елден жырақта жүрсің. Салыстырмалы түрде көп нәрсені бағамдап, үйренген де боларсың. Қазақ жастарына қандай өзгеріс керек деп ойлайсың? Онда қазір қандай шаруалармен айналысып жүрсің? Алға қойған мақсат, арманың қандай? – Мен негізінен американдық жасөспірімдерді математика ғылымына баулимын. Басты бағытым да сол. Ендігі арманым – қазақ жастарын математика ғылымына бейімдеу, үйрету. Осы тақырып аясында кітап жазу. Осыдан екі-үш жыл бұрын сол жақтағы қазақ жастары, сонда орныққан қазақ отбасылары бірігіп, «Мирас» Бостон-Қазақ ұйымын құрдық. Ондағы мақсатымыз – ұлтымыздың ділін, тілін, дәстүрі мен болмысын сол жақта өсіп келе жатқан балалардың бойына сіңіру болды. Өйткені көп жастар мен жеткіншектер қазақша сөйлеуді ұмытып бара жатқанын байқадық. Аталған ұйым мүшелері Қазақстандағы кез келген жаңалықты қалт жібермейді. Тәуелсіздік күні, Наурыз секілді ұлттық мерекелерде бас қосып, атап өтіп, тойлауды дәстүрге айналдырудамыз. Ай сайын 1-2 мәрте жиналып балаларға қазақ тілінде сабақ береміз. Одан өзге жеке компаниям бар. – АҚШ-та жүріп жеке компания аштыңыз ба? Ол қай бағытта жұмыс жасайды? – Иә, Алмат деген досым екеуміз жеке кеңес беру мекемесін құрдық. Сұраныс бойынша виза, көші-қон салаларындағы түрлі құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетіп, сол арқылы табыс табамыз. – «Бай болсаң – еліңе пайдаң тисін» дейді ғой халық даналығы. Жаны қазақ, қаны қазақ жігітсің. Елдегі білім қуған іні-қарындастарыңа жол көрсетіп, бағыт сілтеу ойыңда жоқ па? – Өзім де осы ойдың жетегінде жүрмін. Компанияны ашқанымызға көп бола қоймаса да, алдымызға үлкен мақсаттар қоя білдік. Бүгінде менің шетелде жүргеніме он-он бес жылдан асып бара жатыр. Әлі күнге өз ұлтыма ешқандай пайда әкелетін іс атқармаппын. Соңғы кездері осы ой жиі мазалап жүр. Алғашында Қазақстанға келіп оқытушылық іспен айналысып, бірқатар оқушыларымның биік жетістіктерге жеткенін, жаһанның ең үлгілі жоғары оқу орындарына түскенін қалайтынмын. Бірақ өмір иірімдері оған мүмкіндік бермеді. Ал бертін келе «Мен өз еліме қандай пайдамды тигізе аламын?» деген сауалға жауап іздей бастадым. Ендігі мақсатым – еліміздегі білімді, дарынды жасөспірімдерді тауып, әлемнің ең озық Гарвард, Стэнфорд, Принстон секілді университеттеріне түсуге жәрдемімді берсем деймін. Бізде дарынды, талапты балалар аз емес. Тек олардың көбі ең үздік жоғары оқу орындарына қалай бару керектігін білмейді. Оның өзінің белгілі жолдары бар. Ол үшін тек ақылды болып қана қоймай, сол жолды, сол бағытты меңгеру керек. Қазақтың дарынды балалары көбіне өзін толықтай көрсете алмай жатады. Сол жағын үйретсем деймін. Озық ойлы, білікті жастар болса, олардың сол оқу орындарына түсуіне дейін өзім көмектесіп, қаражат жағын да мүмкіндігінше тауып беруге тырысатын боламын. Компаниямның табыстарының бір бөлігін соған арнауға бел буып отырмын. Өзге де қолдау тетіктерін қарастыруға болады. Қазір бұл бағытта жүйелі жұмыстарды бастап та кеттік. Жобасын дайындаудамыз. Тиісті орындармен арнайы келісімшарттарға қол қоймақпыз. Еліміздің кейбір қалаларына барып дарынды жастарды анықтау мақсатында өзара оқушыларға тестілеу ұйымдастырудамыз. Бұйыртса болашақта мен сенім артқан өрендер асқар асулардан асып, биік белестерден көрінеді деп сенемін. – Жаңа бір сөзіңізде математика ғылымдарын үйрету туралы кітап жазғым келеді дедіңіз. Бұл игі істі қашан қолға алмақшысыз? Еліміздегі осы пән, осы мамандықты оқыту бағдарламасы сіздің көңіліңізден шыға ма? – Қазақстанның қазіргі кез келген саласында қарқынды даму бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Оның ішінде білім саласын да атап айтуға болады. Бірақ салыстырмалы түрде айтар болсақ, бізде беріліп жатқан кітаптардағы бағдарламалар, методикалар жеткілікті емес. Әсіресе математика бағытындағы оқулықтардың бағдарламалары көңілімнен шықпайды. Бұл, әрине, менің жеке пікірім. Біздің оқыту бағдарламамыз жан-жақтан келген тәжірибелермен толықтырылуда. Олардың қайсысы қазақстандық оқушыларға лайық немесе еліміздегі шарттарға сай келе ме дегендей сауалдар туындайтыны сөзсіз. Мен жоғарыда айтып өткен кітабымды осы тұрғыда жазсам деймін. Әзірге, ойымды жинақтаудамын. – Елге оралу ойыңызда бар ма? – Әрине, докторантураны бітірген соң елге келіп, осы саланың дамуы жолында сүбелі еңбек етсем, қазақ балаларының биіктен көрінуіне тамшыдай болса да үлесімді қоссам деген жоспарым бар. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ.

Ұқсас жаңалықтар