енді оған жеңіл қол жеткізетін болды
Мемлекет басшысының биылғы наурыз айында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі жарияланғаны белгілі. Оның бірінші бағыты халықты баспанамен қамтудың «7-20-25» ипотекалық тұрғын үйді кредиттеу бағдарламасына арналған еді. Айта кету керек, мұндағы 7 саны бастапқы тұрғын үй сатып алудың мөлшерлемесі 7 пайыз екенін білдіреді. Ал 20 саны – алғашқы жарна 20 пайыз болатынын, 25 саны үй бағасының қалған 80 пайыз сомасы 25 жылға бөліп төленетіндігін көрсетеді. Ең бастысы – олардың барлығы да ұлттық валютамызбен есептеледі. Тұрғын үй сатып алудың қалыптасқан ең жоғары сомасы Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін 25 миллион теңге болса, Жамбыл және өзге өңірлердегі оның шекті деңгейі 15 миллион теңге деп бекітілген. Мұның мән-жайы әрбір отбасына баспана алуға жаңа мүмкіндіктер беретін аталған бастаманың ережелері мен ипотекалық тұрғын үй несиесін алушыға қойылатын талаптарды түсіндіру мақсатында жексенбі күні өткен жиын барысында да таратыла айтылды. Тараз қалалық әкімдігі «Жеңіс саябағында» аймақтағы екінші деңгейлі банктермен бірлесе акция түрінде ұйымдастырған «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын ақпараттық түсіндіру іс-шарасына жиналған қауымның қарасы да мол болды. Оларға қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов пен Ұлттық банк, «Халық банкі», «Центр кредит банкі», «Цесна банк» және «АТФ» банктерінің облыстағы филиалдарының басшылары өңірдегі баспана мәселесіне қатысты «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылуы тәртібімен кеңірек таныстырды. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда қала орталығында, сондай-ақ 13, 14, 15-шағын аудандарында да жаңа үйлер бой көтеруде. Бір ғана Сүлейменов көшесінің соңындағы 15-шағын ауданда тұрғызылып жатқан көп қабатты және жеке тұрғын үйлердің аумағы 362,2 гектарды қамтып отыр. Болашақта бұл аумақ Тараздың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығына айналмақ. Соған сәйкес мұнда 5-12 қабатты 40 ірілі-ұсақты коммерциялық ғимарат пен әлеуметтік-ғылыми кластерлік нысандар салынады деп күтілуде. Қазір негізінен инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде су-құбыр жүйесінің 70, электр желісінің 50 пайызы тартылған. Жалпы алғанда, 10 жыл ішінде 40 мың адам 289 көп қабатты және 969 жеке үйге қоныстанады деп болжануда. Әрбір тұрғынның өздерінің отбасылық жағдайына қарай бастама шарты қандай болатынын, ай сайынғы төлемі қаншадан айналатынын тереңірек білгісі келетіні белгілі. Осы тұрғыда бұл күні тиісті мекемелер өкілдері толығырақ жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кеңес берушілердің айтуына қарағанда, банктердің бәрінде талап бірдей. Нақтырақ айтқанда, бағдарламаға кәсіпкерлік немесе еңбек қызметі бойынша расталған кірісі бар, бұрынғыдай меншік құқығында соңғы 2-5 жыл ішінде баспанасы болмауы керек дегендегідей емес, тек құжат тапсырған мезетте үйі және ипотекалық қарыздары жоқ ел азаматтары қатыса алады. Ал бұрын баспана алам деуші міндетті түрде белгілі бір топқа кіруі тиіс еді, қазір ондай шарт жоқ. Ескеретін тағы бір маңызды жай – егер несиеңіз болса, оны қандай да бір себептермен төлемесеңіз я кешіктірсеңіз, құжат тапсырарда оның салқыны тиюі әбден мүмкін. Ал баспаналы болудың 5 қадамына тоқталып өтсек, біріншіден, клиент баспана табады, екіншіден, банк заемшінің 10 түрлі құжатының дұрыстығын тексеріп, кредит беруді мақұлдайы. Үшіншіден, үй алушы сатып алу-сату жөніндегі келісімшартқа отырып, құрылыс жүргізушіге немесе банкке бастапқы жарнаны төлейді. Төртіншіден, банк оған заем беріп, үй салушы атына аударады. Соңғы қадамында клиент ине-жіптен шыққандай су жаңа баспанаға қоныстанады. Ұғынықты болуы үшін есептеу жүйесін де көрсете кетсек. Алда-жалда сіз үйіңіздің облыста бекітілген ең шекті сома 15 миллион теңгенің үйін таңдасаңыз, оның 3 миллион теңгесін банкке бастапқы жарна ретінде төлейсіз. Мерзімін 25 жылға шақсақ, 12 миллионы максималды заем есебінде беріліп, сіздің бұл қарызды өтеу үшін банкке ай сайын 85 мың теңге салып отыруыңызға тура келеді. Егер баспанаңыз 10 миллион болса, айма-ай 71 мың теңге құясыз. 7 миллиондық үй бойынша бұл төлемақы мөлшері – 50 мың, 5 миллиондық үй бойынша 35 мың теңгеден айналады. Көпшілікті осындай маңызды ақпаратпен құлақтандыру мақсатында өткен акцияны ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай іс-шараларды түрлі формаларда жалғастыра беруді ұйғарып отыр.
Альмира ОМАРОВА
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді