Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды

Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды
ашық дереккөз
Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды

Халқымыздың біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қайтыс болғанына ертең – 22 тамызда 25 жыл толады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өз заманының заңғар ұлы» атты мақаласында «Дінмұхамед Ахметұлы – Қазақстан тарихында ірі тұлға, көрнекті қайраткер болып қалары даусыз» деп әділ бағасын берген кемеңгер басшының есімі мен ісіне деген құрмет-ықылас осы уақыт ішінде еш ортайған жоқ. Өйткені «Елдің үлкен-кішісі болмайды» деген қағиданы ұстанып өткен Дінмұхамед Ахметұлы билік басында жүрген кезінде республиканың облыстарын жыл сайын аралап, халықпен емен-жарқын жүздесіп, қаншама адамның жүрегіне жарқын із, жақсы әсер қалдыра білді. Аға ұрпақ өкілдері тарапынан ол туралы небір тамаша естелік­тер айтылып келе жатқан­дығының да сыры осында.

«Таласта тумаларым тұрады» деген Димекең жарықтықтың осы ауданға жолы түскен сайын ертеде өткен ата-бабаларының әруағына құран бағыштап, бет сипамай кеткен кезі болмаған екен. Осыған қарап қасиетті Әулиеата өңірінің Димекең үшін ерекше ыстық болғанын аңғарамыз. Кешегі күндей күркіреп өткен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстан үкіметі басшысының орынбасары қызметінде болған Дінмұхамед Ахметұлы Қаратау кен-химия комбинатының құрылысын жеделдету жөніндегі республикалық комиссияны басқарды. Кейін бейбіт дәуірде республиканың бірінші басшысы ретінде облысымыздың барлық салада үлкен жетістіктерге жетуіне қолдан келген көмегін аяған жоқ. Оның тікелей қамқорлығымен кешегі Жамбыл, қазіргі Тараз Жібек жолы бойындағы сәулеті келіскен қалаға айналды. Үлкен химия орталығы ретінде даңқы шетелге де жетіп жатты. Облыс экономикасының жетекші саласы – ауыл шаруашылығында да зор табыстарға қол жеткізілді. Облыс туына сол кезгі ең жоғары марапат – Ленин ордені тағылғаны Димекең ел басқарған жылдары еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Қазақ елін әлемге танытқан кемеңгер басшының көрегендігі мен орасан зор еңбекқорлығы ардагерлердің естеліктерінде аз жазылған жоқ. Солардың ішінен ұзақ жылдар үзеңгілес серігі болған, бүгінде арамызда аман-сау жүрген көрнекті мемлекет қайраткері, өзімізбен телефон арқылы пікірлесіп отыратын Кеңес Аухадиев ағамыздың: «Біздің республикамыздың Кеңес одағы бойынша Ресей Федерациясы мен Украинадан кейінгі, кейбір жағдайда экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан олармен иық теңестіретін дәрежеде болуы Димаш Ахметұлының аса ірі ұйымдастырушылық талантына тікелей байланысты болды» деген сөзінің өзі-ақ жеткілікті. Қазақстанды осындай биікке көтерген, әлемге танытқан Дінмұхамед Ахметұлын Колбин билік құрған жылдары қаралау науқаны басталғанда алдымен араша түсіп, үн көтерген Әулиеата жұртшылығы екені тарихтан жақсы белгілі. Көзі тірісінде-ақ елі тұлғаға теңеген кемеңгер басшыға деген жамбылдықтардың ықылас-құрметі емес пе, оның есімі Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы, ірі елді мекендердегі орталық көшелерге берілген. 2002 жылы қаңтарда Тараз қаласында, ал маусым айында Ақкөл аулында ескерткіші тұрғызылды. Қордай, Жуалы, Талас аудандарында кемеңгердің аты берілген орта мектептер мен гимназиялар бар. Шу ауданындағы іргелі ауыл Қонаев есімін алған. Жамбыл жұртшылығы Димекеңнің 90 және 100 жылдық мерейтойларын кеңінен атап өтіп, үлгі танытты. Біздің облыста Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі республикада алғашқылар қатарында 1996 жылдың қараша айында құрылған еді. Осы бөлімшенің ұйытқы, ұйымдастырушы болуымен жыл сайын Дінмұхамед Ахметұлының туған және өмірден озған күндері Тараздағы ескерткішіне гүл қою, еске алу шаралары өткізіліп, кемеңгерді көзі көрген қариялардың басын қосып әруағына құран бағышталып, ас беріліп келеді. Сондай-ақ футболдан, бильярдтан Дінмұхамед Ахметұлын еске алуға арналған спорт жарыстары тұрақты ұйымдастырылып жүр. Еркін күрестен «Тараз-Арена» спорт сарайында жыл сайын ересектер арасында өткізілетін халықаралық турнирге АҚШ, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Өзбекстан, Дағыстан сияқты ондаған елдерден спортшылар келіп қатысады. Өткен жылы облыста Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 105 жыл толуы мен қайраткердің атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің құрылғанына 20 жыл толуы бір мезгілде лайықты аталып өтті. Кезінде көзін көрген, сұқбаттасқан ардагерлердің естеліктерінен және отбасылық мұрағаттарда қастерленіп сақталған фотосуреттерден тұратын «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» атты кітап «Сенім» баспа орталығынан қор бөлімшесінің демеушілерден жинаған қаржысына шығарылды. Кітапқа сұраныс күткендегіден өте жоғары болды. Сондықтан жергілікті әкімдіктің қаржы бөлуімен жоғарыда аталған баспадан тағы да мың данасы жарық көрді. Оны облыстың барлық кітапханалары алды. Қазіргі таңда «Дінмұхамед Ахметұлы және Әулиета өңірі» естеліктер жинағының екінші кітабы баспаға толық әзір. Облыс әкімдігі білім басқармасының қолдауымен Қонаев мұражайына мектеп оқушыларының, жоғары оқу орындары мен колледждердің білімгерлерінің тегін экскурсияларын ұйымдастыру жолға қойылды. Оларға арнап жергілікті баспадан «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» деген атпен өмір тарихын, қызмет жолын қысқаша қамтыған деректер енгізілген кітапша-брошюро шығардық. Оны қор бөлімшесіне келгендерге тегін беріп келеміз. Біздің облыстағы жоғары оқу орындары республиканы Д.Қонаев басқарған жылдары ашылды. Солардың бірі – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының аясында Д.Қонаев атындағы халықаралық қоры облыстық бөлімшесінің төралқа мүшелері мен жастардың ерекше форматтағы кездесуі өтті. Осы оқу орнында өткен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 105 жыл толуына арналған тағы бір тағылымды шара – «Дәуірдің ұлы тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бірлесіп өткізді. Басқосуда алдымен «Жамбыл облысының тарихы. Құжаттар мен материалдар» кітабының бірінші томы (1939-1945 ж.ж.), таныстырылды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев алғашқы болып сөз алып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасайтыны анық ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» деген ақжарма лебізі ешқашан өз мәнін жоғалтпайтыны, бүгінгі қазақ қоғамы кемеңгерге құрмет көрсету арқылы ұлтымыздың мәртебесін көтеріп, келешегіне сенім артатыны жөнінде айтты. «Мәңгілік Ел» идеясынан қуат алған Ұлы Дала елі Елбасы ұсынған рухани жаңғыру дәуірінде тұрған шақта Димаш Ахметұлының өнегесін жас ұрпаққа үлгі етуді көздеген конференцияның орны бөлек екеніне тоқталды. Қор бөлімшесі ғылыми-тәжірибелік конференцияның еңбектерін кітапша етіп шығарды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі №236 Қаулысымен қор бөлімшесімен бір аумақта орналасқан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Қонаев есімі берілген еді. Жастар арасында Димекеңнің өмір жолын насихаттауға осылайша кең өріс ашылды. Кітапханаға Д.Қонаевтың есімі берілуіне арналған «Дәуір данасы» атты тұсаукесер шарасы өтті. Оған жиналған зиялы қауым өкілдері, қор мүшелері алдымен қайраткердің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Кітапханада көпшілікке Д.Қонаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Шын аты оның Тектілік пен Тазалық» атты кітап көрмесі таныстырылды. Көрмені айтыскер ақын Дидар Апбасов жырмен таныстырды. Шараға арнайы қонақ ретінде шақырылған Оңтүстік Қазақстан облысындағы Д.Қонаев қорының төрағасы Асанбай Әлсейіт құттықтау лебізін білдіре келе, кемеңгер тұлғаның өнегелі өмірі мен халқына сіңірген еңбегін кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға «Дінмұхамед Қонаевтың 105 жылдығы» медалін тапсырды. Облыс тарихында тұңғыш рет Д.Қонаевқа арналып жазба ақындар арасында мүшәйра өткізілді. Оған еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагерлерден бастап, мектепте оқитын қауырсын қалам ұстаған жас талапкерлерге дейін қатысты. Олардың бірде-бірі елеусіз қалған жоқ. Қор бөлімшесі тарапынан ақшалай сыйлықтарға ие болды. Жастарды ынталандыру, жаңа шығармалар жазуға шабыттандыру мақсатында мүшәйраға қатысқандардың өлең-жырлары «Заманның заңғар тұлғасы» деген атпен кітапша етіп шығарылды. Әулиеаталық жас талап иелерінің өлеңдері Алматының «Эдельвейс» баспа үйінен шыққан «Жастар таныған Димаш ата» кітабына енді. Қор бөлімшесі бұл кітапты да мектептерге, кітапханаларға сыйға тартты. Сонымен бірге Д.Қонаевтың өнегелі өмір жолы мен халқына сіңірген қызметін насихаттап келе жатқан қор бөлімшесінің қазіргі тыныс-тіршілігін бейнелейтін бейнеролик түсірілді. Демеушілердің күшімен қор ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тарихи қаламызға туристердің көп келетіні ескеріліп, қор кеңсесінің маңдайша жазуы жаңартылды, сондай-ақ ғимараттың көше жақ қабырғасына Дінмұхамед Ахметұлының қысқаша өмірбаяны қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылып, ілінді. Қордың жас ұрпақты Д.Қонаевтың өмірі мен өнегесі үлгісінде тәрбиелеу мақсатында қолға алғалы отырған жаңа жоба-жоспарлары да баршылық. Алда да насихат жұмыстарын өрістетіп, тағылымды шаралар ұйымдастыруды көздеп отырмыз. ...Көрнекті жазушы, мемлекет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, марқұм Әбіш Кекілбаевпен Астанада өткен қуныш-тойлардың бірінде танысып, сұхбаттасқаным бар. Содан бері кітаптарын, ол туралы жазылған мақалаларды оқып отырамын. Әсіресе ой-толғамдарының әсері ерекше. Солардың бірінде «Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды» деп жазыпты. Халық жүрегінен мәңгілік орын алған, бейнесі жыл өткен сайын тұлғалана түсетін Дінмұхамед Қонаев туралы дәл осылай айтуға болады.

Аманкелді КАРЕНТАЕВ, Д. Қонаев атындағы халықаралық қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар