Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев кеше химия өнеркәсібінің көшбасшысы саналатын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Минералды тыңайтқыштар» зауытына бас сұқты. Себебі филиалдың республикада алар орны ерекше. Ол ауыл шаруашылығы үшін минералды тыңайтқыштар, азықтық фторсызданған фосфаттар шығаратын химиялық зауыт болып табылады. 449,2 гектарды аумақты алып жатқан кәсіпорын құрамына фосфорлы-азотты тыңайтқыштар – аммофос (ди-және моноаммонийфосфат қоспасы), қарапайым суперфосфат, сульфоаммофос, нитроаммофос, азықтық үшкальцийфосфат және азықтық кальцийнатрийфосфат сияқты негізгі өндірістер кіреді. Атап айтқанда, азотты-фосфорлы тыңайтқыштар, азықтық фосфаттар шығаратын, күкірт қышқылын өндіретін, қуат күшімен қамтамасыз етуші, өлшеп-бақылау аспаптары мен автоматты аппаратуралар, жөндеу және шаруашылық-тұрмыстық цехтары жұмыс жасайды. Оларда жұмысшыдан бастап, инженер, электр, механик тәрізді 1000 маман қызмет етуде. Зауытта бірнеше жылдан бері еліміздің ауыл шаруашылығы саласын тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін оны қаражаттандырудың мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеуде. Дайындалған өнімнің негізгі бөлігі ішкі рынокта сатылады. Тыңайтқыштар, сондай-ақ Өзбекстан, Қытай, Украина, Белоруссия, Тәжікстан нарығына да шығарылады. Мұнда Ауғанстан, Қырғызстан, Румыния, Чехия, Болгария, Иранның фосфорлы тыңайтқыштар рыногын игеру үшін де үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Іссапармен келген Жоғарғы палата депутаттары кәсіпорынның жұмысын барлап, зертхана ғимаратын аралап көрді. Халық қалаулыларын жұмыс барысымен таныстырған «Минералды тыңайтқыштар» зауыты Тараз филиалының директоры Төлепбек Исаев: «Шығаратын шикізатымыз қайсыбір жылдары науқан кезінде де өткерілмей қалушы еді. Ал қазір жыл-он екі ай бойы тоқтаусыз жұмыс атқарса да, өнімдерімізге сұраныс көп», – деді. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауыты Тараз филиалының өндіріс бөлімі басшысының орынбасары Талғат Рысқұловтың айтуына қарағанда, филиалдың негізгі өнімдері аммофос өндірісінің жылдық қуаты 300 мың тоннаны құрайды. Енді аммофос цехының бір бөлішесі қайта құрылса, минералды тыңайтқыштарын елімізден өзге Өзбекстан, Тәжікстан, жақын және алыс шетелдер де тұтынатын кәсіпорынның өндіріс қуаты 500 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Осындай мағлұматтарға қаныққан Мұратбай Сматайұлы мен Абдалы Тоқбергенұлы зауыттың басты нысанасы саналатын зертхана жұмысымен де танысты. Өндіріс барысында шикізаттан шығатын шаң мен газдың мөлшері анықталып, түрлі үлгілер алынып, зерттелетін шикізаттың салмағы өлшенетін ғимаратта тиісті бөлмелермен қатар, қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Ондағы жүйелі жұмыстармен танысқан сенаторлар жұмысшылардың айтар ой-пікірлері болса тыңдауға әзір екендіктерін де жеткізді. Алайда жалақыларын уақтылы алып, жұмыс жасауға барлық жағдайы қарастырылған мекеме қызметкерлерінің тарапынан ешқандай шағым, ұсыныстар айтылмады. Халық қалаулылары жұмыс сапары барысында осылайша Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Жуалы аудандары мен Тараз қаласының бірқатар нысандарын аралап қайтты.
Альмира ОМАРОВА
Тараз қаласы.
Суретті түсірген Юрий Ким.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді