Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында құрылған қоғамдық кеңестер бүгінде атқарушы билік пен бұқараның арасын жалғаған көпір іспеттес. Қазына қаржысының қайда жұмсалғанын, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын бақылап, халық алдында есеп беруші мемлекетті қалыптастырудың тиімді тетігіне айналып отыр. Аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты басқосуларының өңіріміздегі шешімін күткен өзекті мәселелерді талқылап, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларының атқарған жұмыстары жөнінде толыққанды есептер алып, қолға алынуы тиіс шараларды белгілеп, сын-ескертпе жасап, белсенділікке шақырып, аудан әкімдігінің де қаулыларын қарап, олардың қоғамдық кеңесте мақұлдануы – соның дәлелі. Кеңес жұмысын жандандыру ең әуелі, билік пен халық арасын алшақтатпаудың бірегей жолы екенін айта кету керек. Мәселен, аудандық қоғамдық кеңес құрылған уақыттан бастап, оның мүшелері жергілікті жердің қоғамдық өміріне белсене араласып, маңызды мәселелерді билік органдарымен бірлесіп шешуге үлес қосып келеді. Кеңестің биылғы жұмысы алғашқы тоқсанға арналған жоспарға сәйкес, 19 ақпанда өткен аталған байқаушы орған отырысында аудан әкімі Қайрат Досаевтың «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2017 жылғы қорытындылары туралы» есебін тыңдаудан басталды. Ал екінші тоқсанда «Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік жағынан қорғау туралы» аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагерлер мен мүгедектерге қызмет көрсету секторының меңгерушісі Ж.Бекқұлованың және Шу қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Г.Іңкәрбекованың, аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Г.Тельбаеваның хабарламалары тыңдалды. Нәтижесінде аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың сырқатына байланысты санаториялық-курорттық емделу жолдамасын беру және тегін дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету жолдары қарастырылып, қолдауды қажет ететін балаларға кедергісіз орта қалыптастыру, олардың жүріп-тұруын өзгелермен бірдей қамтамасыз ету мақсатында білім алуына «кедергісіз аймақ», яғни пандустар орнатуға қажетті қаржы бөлу мәселелері қаралды. Бұған қоса, жаңадан салынатын жолаушылар көлігіне арналған аялдамалар құрылысын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар дайындау кезінде пандус орнату жұмыстарын ескеру, аудандағы жаяу жүргіншілер көп өтетін жерлерге зағиптар мен саңыраулар үшін дыбысты және жарық қондырғыларын орнату, жол белгілерін қою жұмыстарын жандандыру жөніндегі ұсынымдар да қабылданды. Осындай басқосулар барысында қабылданған ұсынымдардың орындалуын бақылау қоғамдық кеңес мүшелеріне жүктелді. Сонымен қатар орган мүшелерінің талқысына түскен барлық мәселелерге қатысты жобалар мақұлданып, бекітуге ұсынымдар беріледі. Атап айтар болсақ, «2018-2019 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу туралы», «2018-2019 жылдарға арналған қалалық және ауылдық оркугтердің бюджеттеріне өзгерістер енгізу туралы», «2018 жылға арналған өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруға жататын өсімдік шаруашылығы өнімдерінің түрлері бойынша егіс жұмыстарының басталуы мен аяқталуының оңтайлы мерзімдерін белгілеу туралы», 2018 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын және ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы», «Әлеуметтік көмек беру туралы», «Шу ауданы бойынша бірыңғай тіркелген салық мөлшерлемелерін белгілеу туралы» аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 20 тамыздағы №43-9 шешіміне өзгеріс енгізу сынды мәселелер де кеңес назарынан тыс қалған жоқ. Иә, аудандағы кез келген тұрғынның пікірін жан-жақты ескеріп, олардың мүддесін қорғау үшін қоғамдық кеңестің жұмыс бағыты көп тарапты болуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттік органдар атқарған жұмыстардың ашықтығы қамтамасыз етіліп, қарапайым халықтың мүддесі өз деңгейінде қорғалатын болады.
Ерболат ДОСЫМБАЕВ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді