Бүлікшілер кейбір әлеумет тік желіні пайдаланып отыр

Бүлікшілер кейбір әлеумет тік желіні пайдаланып отыр
ашық дереккөз
Бүлікшілер кейбір әлеумет тік желіні пайдаланып отыр

Білім мен білік – әр адамға қажет-ақ. Әсіресе асыл діннің атын жамылып, жат ағымның жолында жүргендермен күрес барысында сауатты болғанның сауабы мол. Себебі бүлік шығарғыштар да білімді келеді. «ДАИШ» экстремистік және лаңкестік ұйымының қатарында жүрген бұрынғы қазақстандықтар қазіргі таңда түрлі әлеуметтік желілерді пайдаланады. Атап айтсақ, «WhatsApp», «ВКонтакте», «Telegram», «Instagram», «Facebook» және өзгелер. Бұл желілерде кейбіреуі ресми ал енді біреулері жасырын аттармен тіркелген. Олардың ғаламторды пайдалануларының мүмкіндіктері жоғары деңгейде екендігін байқадық. Бұл мақалада олардың әлеуметтік желідегі парақшаларын сараптап, қандай мақсатта пайдалануды көздейтіндерін аңғарсақ. Террорлық ұйым мүшелері Wi-Fi және Turk Тelekom cынды байланыс қондырғыларының арқасында ұялы телефонның көмегімен ғаламторға кіреді. Шекарасы жақын маңдағы елдерге жақындап, солардың байланыс қондырғыларын пайдалану оларға қиын соқпайды. Лаңкестік ұйымдағылардың әлеуметтік желілерге тіркелген нөмірлеріне қарасақ, әртүрлі мемлекеттерге тиесілі екендігін байқаймыз. Мысалы: +639, +380, +90, 891, +229 және осы нөмірлерден басқа, өзіміздің елге тиесілі байланыс нөмірлері бар. Олардың еліміздегі нөмірлерге қол жеткізу мүмкіндігіне осы жақтағы таныстарының көмегі тиген. Өйткені олардың радикалды сипатта ашылған парақшалары, құзырлы мекемелердің әрекетімен бұғатталып отырады. Сондықтан байланыс желілерін туыстарымен сөйлесуге немесе діни насихаттарын тарату үшін пайдалануда. Олардың біреуінің өзінде бірнеше байланыс желісі бар. Әрқайсысы өз мақсаттарына қарай және белгілі бір мүдде үшін әлеуметтік желілерге тіркеледі. Біздің елден аттанған содырлардың «ВКонтакте» желісіндегі парақшаларына тоқталсақ. Олардың біреуінің парақшасын тауып алып, оның аккаунтындағы жазбаларын немесе тіркелген бірлестіктерін зейін қойып қарасаңыз, террорлық ұйымен байланысы бар әлеуметтік желідегі көптеген тіркелушілерді табасыз. Зерттеулердің арқасында басқа мемлекеттерден аттанған лаңкестік топтағы содырлардың да парақшалары табылып жатады. Біз сіздерге олардың аты-жөндерін толық жарияламай, бастапқы әріптерін ғана ұсынуды жөн көрдік. Мұны террорлық ұйымдарға қызығып жүрген, немесе кеткісі келгендердің байланысқа шықпауы үшін жасалынған қауіпсіздік шарасы деп түсініңіз. Қазіргі таңда «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «ДАИШ» экстремистік және лаңкестік ұйымындағы бұрынғы қазақстандықтардың ресми тіркелген парақшалары: «А.А.», «A.M.», «Б.С.», «N.А.», «С.Е.» «Ш.К.», «Б.Б». Бұлардың кейбіреуінің ресми тіркелмейтіндігін де айттық. Оларды ішіндегі жазбасы арқылы және жарияланған суреттерінен танып, бұрынғы қазақстандықтар екендігіне көзімізді жеткіздік. Қазіргі кезде әлгілер «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде былай тіркелген (бастапқы әріптері): «А.Ш.», «S.T.», «У.О.», «У.Х.», «У.Д.», «А.А.», «А.Ш.». Осы парақшаларға тіркелушілердің кейбіреуімен біздің мамандарымыз хат алмасу жолын тапты. Алайда бірқатарының әлеуметтік желіге кірмегеніне шамамен 2-3 жылдың уақыты болып қалған. Олар өмірден өтіп кеткендер болуы да мүмкін. Бірақ біз байланысқан террорлық ұйымдағылардың бәрі өздерінің ісін дұрыс көретін болып шықты. Осы іс-әрекеттеріне өкінген бірде-бір азаматты таба алмадық. Сондықтан болар әлеуметтік желідегі парақшалары діни насихаттарға толы жазбалар. Мұндай насихаттардың басым көпшілігі орыс тілінде жазылған. Мағынасына зейін қойып қарайтын болсақ, қолыңызға қару алып, Таяу Шығыс елдерінде болып жатқан соғыстарға қатысуға үндейді. Өзіңіз тұрып жатқан аймақты кәпір санатқызып, мемлекеттік мекемеде қызмет жасайтын қызметкерлерге аяушылық танытпауға шақырады. Өзге діндегілер мен өздерін қолдамайтындарға қатаң айыптар тағады. Бұлардың көбісі әлеуметтік желілерге автомат асынған суреттерін жариялап, ол суреттерге «достары» «Пусть Аллах примет твою шахаду! Шахид, ИншаАллах!», «Бауырым, Аллах шахаданды қабыл етсін!» деген сынды және өзге де ойларын жазған. Осындай сөзден-ақ олардың іс-әрекеттерінің қаншалықты қауіпті екендігін көреміз. Осы аталған тырнақшаның ішіндегі тұлғалардың суреттерін әлеуметтік желіден көрген боларсыз. Мүмкін, ол кісілер сіздің бұрынғы таныстарыңыз болып қалар?! Себебі бұлар еліміздің әрбір түкпір-түкпірінен лаңкестік ұйымға аттанғандар екендігін айта кетейік. Мұндай парақшаларда кішкентай балалардың да суреттері жарияланған. Террорлық ұйымға аттанғанда көбісі бүлдіршіндерді пайдаланған екен. Жай ғана отбасы болып, саяхатқа шығып бара жатқан «турист» ретінде көріну үшін осындай әрекетке барған. Құзырлы мекемелердің күдіктенбеуі үшін қолға алған шаралары бұл. Алайда көбісі бала-шағасымен бірге лаңкестік ұйымның қатарынан бір-ақ шықты. Осылайша балаларының да суреттерін жариялап, кейбір суретте террорлық ұйымға қатысты киімді де кигізіп қойған. Келесі суретте қару асынған бір жігіт өзінің отбасымен ғаламтор арқылы сөйлесіп жүр екен. Біздің мамандар ол жігіттің достығына тіркелген парақшаларды қарап еді, тегі бірдей бір азаматшаны тапты. Ол кісі туған қарындасы болып шықты. Олар еліміздің батыс өңірінен. Ағасы 2014 жылы террорлық ұйымға аттанған. Қарындасына ғаламтор арқылы «қайтпаймын» деп айтқан. «Алайда сөйлескен сайын дауысы дірілдеп шығады, ағамның елді сағынып жүргендігі байқалады», – дейді ол. Осы азаматшаның ағасымен «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы байланысқа шығып көрдік. Ағасы өзінің ісін дұрыс санайды. Ата-анасы баласының қайтуын өтініп, көмектесуге болатындығын айтқан. Әзірге ұлы отбасының бұл өтініштерін қабылдамапты. Көптеген мемлекеттерден халықаралық лаңкестік ұйымдар қатарына аттанған азаматтардың біразы әртүрлі әлеуметтік желілерді пайдалануда. Ол жақта бір-бірімен өте жақын дос болып кеткен. Біздің мемлекетімізден аттанғандар – әр облыстың бұрынғы тұрғындары. Жоғарыдағы суреттерден олардың кездескенін, бірге суретке түскендерін байқадық. Сирия мен Ирак мемлекеттерінің әскеріне қарсы соғыстарға қатысып үлгергендері бар. Қазіргі кезде әрқайсысы лаңкестік ұйымға тиесілі әрбір аймақта өмір сүруде. Өздері негізінен қайда жүргендерін нақты айтпайды. Әйткенмен біреуі әлеуметтік желіге қайда жүргені туралы мәліметтер жариялап қойған. Біраз азаматтар қазіргі кезде қаза тапқан. Ондай ақпараттарды сонда жүргендердің өздері растайды. «Шахид болды!» деп, ғаламтор арқылы өлгені үшін қуанғандарын жасыра алмай қалады. Бұлардың іс-әрекеттері ешнәрседен тайынбайтындығын көрсетеді. Әртүрлі елдерден барғандар бір-бірімен достасып, шаңырақ құрып та үлгерген. «ДАИШ» (ИГИЛ) террористік және лаңкестік ұйымындағылар бір-бірін ұлттарға бөлмейді. Керсінше, өздерінің бұрынғы елдерін айыптайды және осы «халифатты» бүкіл әлемге таратамыз дейді. Сонда тек қана өздерінің басшыларына ғана құлақ асады. Бұлардың тіркелген әлеуметтік желілері арқылы басқа мемлекеттерде террорлық жайттар орын алған кезде өздерінің діни насихаттарын күшейтетіндігін байқадық. Және де әртүрлі суреттерді пайдаланады. Ол суреттермен өздерін тура бір «батыр», жасаған істерін ерлікке теңестіреді. Ресей Федерациясын және Сирия үкіметін, тағы басқа елдерді, онымен бірге өздерінен басқа ірілі-ұсақ топтарды айыптап жатады. Ондай айыптауларының әртүрлі себептері бар. Мысалы, әуеден жасалған соққыдан балалар да, бейбіт тұрғындар да өлді деуі. Бұлардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан өздерінің бұрынғы мемлекеттеріндегі болып жатқан жаңалықтарды оқып жүргендерін көруге болады. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде ақпарат тарататын БАҚ бірлестіктеріне де тіркелген. Террорлық ұйымдағылармен «ВКонтакте» арқылы хат алмасып көргенде, олардың қастарына бару мүмкіндігі жайлы сұрап білгенбіз. Дені әлі күнге дейін жол ашық екенін айтады. Әйткенмен шекараны күзеткен сарбаздардың қолына түсіп қалу қаупінің зор екендігін жасырмапты. Біздің басқарма жат ағымның жетегіне кеткендермен күресті үзбей, дәстүрлі діннің нығаюы, елміздің тыныштығы жолында еңбек ете бермек.

Жангелді ОМАРОВ, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар