Қаратау қаласында аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбековтің төрағалығымен Сарысу және Талас аудандарының отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік нысандарының 2014-2015 жылдардағы жылыту маусымына әзірлігі туралы облыстық штабтың жылжымалы кеңесі өтті. Онда облыс әкімдігінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Төлеулиев хабарлама жасады.
Ол өз сөзінде Сарысу ауданында білім саласы бойынша 27 мектеп, 7 балабақша, 6 мектептен тыс мекемелер, оқу өндірістік комбинаты, 3 колледж және 4 спорт мектебінде қазандықтарды жөндеудің өз деңгейінде жүргізіліп жатқандығын баяндай келе, Сарысу орта мектебінің жылыту пешінің санитарлық құрылыс нормаларына сәйкес келмейтінін, пайдалануға жарамсыздығын, сондықтан ол жерге жаңа қазандық салу қажеттігін алға тартты. Сол сияқты аудандағы Жаңа талап орта мектебі мен Жаңатас қаласындағы Абай мектебіне облыстық бюджеттен 130 миллион қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, мектептің қазандығы ішінде қалып, оны қысқа дайындаудың жүргізілмегенін сынға алды. Бұдан бөлек қаладағы көпқабатты 11 тұрғын үйдің инженерлік құбырлары тез арада жөндеуді қажет етеді екен. Жалпы алғанда мәдениет саласының қысқа дайындығы 60 пайыз, денсаулық сақтау саласы бойынша 68 пайызға орындалған. «Жаңатас Су-Жылу» қазынашылық мемлекеттік кәсіпорыны бойынша жылу беру маусымына дайындық бекітілген іс-шаралар бойынша жүргізілген. Дегенмен де бұл мекемеде коммуналдық қызметке дебиторлық қарыз 29997,0 мың теңгеге жеткен. Қысқы кезеңге 11620 тонна мазут, 5525 тонна көмір, 228 тонна дизель отынын дайындау қажет. Бұл жұмыс біршама атқарылуда. Талас ауданының қысқы жылу маусымына даярлық барысына келсек, аудандық білім бөліміне қарасты 59 мекемеге қажетті қаражаттар қаралған. Мұның ішінде көмірмен жылытылатын 38 мекемеге 4800 тонна көмір алуға 46500 мың теңге, дизельдік отынмен жылытылатын 4 мекемеге 13500,0 мың теңге қаралыпты. Сонымен қатар, 8 мекеменің қазандықтарын газдандыруға жобалық құжат дайындалып, құжаттар аудан әкімдігінің құрылыс бөліміне тапсырылған. Аудан бюджетінен бөлінген 14646,0 мың теңге қаржыға мектеп ғимаратының сыныптарына, жылу жүйелеріне, шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, мектептердің қысқы әзірлігіне аз қаражат бөлініп отырған жоқ. Соған қарамастан С. Шәкіров ауылындағы Ш. Смаханұлы атындағы орта мектеп, Ойық ауылындағы Д. Қонаев атындағы орта мектеп, Алғабас және Көктал ауылдарындағы орта мектептердің ғимараттары көмірмен жағылатын тұрмыстық пештермен жылытылады. Пештердің жылу қуаттылығы өте төмен, әрі санитарлық-құрылыс нормаларына сай емес. Мәжіліс залдары мен дәліздерді жылытуға күші жетпейді. Тіпті, Ойық ауылындағы Қонаев атындағы орта мектептің 3 бөлігі сыртта орнатылған шағын, тозығы жеткен пештермен жылытылып келген. Биыл ғана аталған мектептердің жылу қазандықтарын алмастырып, жылу желілерін жөндеу қажеттігіне негізделген жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілген. Сонымен қатар Ақкөл ауылындағы орта мектептің қазандығының насосы, Майтөбе ауылындағы А. Дәулетбеков атындағы орта мектепте қазандықтың шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, суды айдайтын насос жөндеуден өтпеген. Баяндамашы одан әрі Қаратау қаласының қысқа дайындығын жан-жақты сөз етіп, бірқатар жұмыстардың атқарылғанына рет-ретімен тоқталды. Штаб отырысында Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Қ. Әукенов қысқа дайындықтың барысы жөнінде айтып, жіберілген кемшіліктердің таяу арада түзейтіндіктеріне сендірді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбеков ауданның қысқы дайындығына қатысты әлі де атқарылатын жұмыстардың қыруар екендігін баса айтты. – Сарысу ауданы бойынша дебиторлық қарыз 29 миллион теңгеден асып отыр. Әне-міне дегенше қыс та келеді. Қарызды жинап үлгере аласыздар ма? – деді ол. Бұл сауалға Жаңатас қалалық жылыту мекемесінің басшысы Е. Қозыбақов бізде дебиторлық қарыз 8 миллион теңге деп анықтама берді. Облыс басшысының бірінші орынбасары бұл цифрды дәйектеуді тапсырды. Штаб отырысында ауданның «Жаңғырту» бағдарламасы бойынша көп қабатты тұрғын үйлерді қалпына келтірудің де өз дәрежесінде емес екендігі сөз болды. «Оған қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайындау жұмысы жеделдетілуі тиіс» деді Бекболат Серікбекұлы. Талас ауданының қысқа дайындығы жөніндегі есеп берген аудан әкімінің орынбасары С.Дадабаев нысандарды жөндеуге тиісті қаражаттардың бөлініп, көптеген жұмыстардың атқарылып жатқандығынан хабардар етіп, үстіміздегі жылы 8 елді мекендегі мемлекеттік әлеуметтік нысандар көгілдір отынмен жылытылатын болады деп сендірді. Отынмен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен жеткілікті қаражат қарастырылған. Оны тасымалдау жұмысы да кестеге сай жүргізілетін болады. Б. Орынбеков өз кезегінде ауданда қысқа дайындық бойынша жұмыстың жүргізіліп жатқандығымен, Қаратау қаласындағы жұмыстың сапасына көңілі толмайтындығын жеткізді. Осы орайда, қаладағы лицейді жөндеу аяқталғанына қарамастан осы күнге дейін қабылдау актісіне қол қойылмай отырғандығын сынға алды. Қаладағы «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының басшысы Р.Сейдәлиевке жаңадан қосылуға тиісті қалаішілік жылыту құбырлары құрылысының сапалы жүргізілуін қадағалауды және аудан әкімдігіне көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағытында бөлінген қаржының өз мақсатында жұмсалынып, уақытысында игерілуін назарға алуды тапсырды. Штаб отырысында қаралған мәселелер бойынша шешім қабылданды. Тапсырмаларды өз дәрежесінде орындамағандарға қатаң шара қолданылатыны ескертілді.
Сәулембай Әбсадықұлы «Ақ жол».
Қаратау қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді