Бүгінде облыстың әлеуметтікэкономикалық жағдайы қарыштап дамып келеді. Бір ғана мысал, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 72 пайызға артқан. Бұдан бөлек облыс экономикасының өсім үлесі – 118,4 пайызды құрап отыр. Бұл туралы бірер күн бұрын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде белгілі болды. Жалпы, жиын барысында 2026 жылдың қаңтарнаурыз айларындағы облыстың әлеуметтікэкономикалық даму қорытындылары қаралды.
Басқосуда ең әуелі облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. Оның айтуынша, есепті кезеңде экономика лық өсімнің оң динамикасы барлық салалардағы өндіріс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіліпті.
– Есепті кезеңде өнеркәсіп бағытындағы кәсіпорындар 355, 5 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл оң нәтижелерге негізгі салалардағы өсім есебінен қол жеткізілді. Атап айтқанда, тау-кен өндіру саласы 13,3 пайызға ұлғайып, 54,4 миллиард теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі 21,5 пайызға өсті. Электрмен жабдықтау саласы 11,1 пайызға артып, 71,9 миллиард, ал сумен жабдықтау саласы 16,6 пайызға жетіп, 2,2 миллиард теңгені құрады. Жалпы, өнеркәсіп көлемінің 63,9 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 227 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны бойынша облыс республикада көшбасшы бестік қатарына енді. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы 45,6 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Саладағы өсім мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемінің артуы есебінен қалыптасты. Негізгі капиталға 218,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 214,3 миллиард теңгеге жетті. Сонымен қат ар құрылыс саласында 60,7 миллиард теңгеге жұмыстар жүргізілді. Есепті кезеңде 150,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 1,7 пайыз деңгейінде қалыптасты. Өңірлер арасында барлық аудандарда өсім байқалады. Биыл тұрғын үй құрылысына 14,9 миллиард теңге бюджет қаражаты қарастырылған. Қазіргі уақытта жалпы 2 941 пәтерлі 66 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 үйдің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін республикалық бюджет е себінен 4,9 миллиард теңгеге жалпы 350 пәтер сатып алынады, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.
Мұнан соң Нұржан Сәбитұлы биылдан бастап енгізілген облыс әкімдігіне қарасты басқармалар, аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің жұмысына мониторинг жүргізудің жаңа жүйесін қысқаша түсіндірді. Ол өз сөзінде аталған жүйе бірнеше облыстың озық үлгілері негізінде облыс әкімі аппаратымен бірлесіп әзірленген арнайы методика бойынша жасалғанын жеткізді. Айта кетейік, бұл методология 5 негізгі бағыт пен 76 көрсеткіштен тұрады. Осы мониторинг нәтижесі бойынша мемлекеттік органдардың жұмысына баға беріліп, қорытындысы облыс әкімінің назарына ұсынылмақ. Соның нәтижесінде тиісті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары баяндамашының есебінде қамтылған бірқатар кемшіліктерге де тоқталды.
– Меркі ауданында өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 48,5 пайызды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай төмен деңгейге қол жеткізілген. Дәл осындай жағдай Жуалыда да орын алып отыр, әсіресе тау-кен өнеркәсібіндегі көрсеткіштің төмендігі байқалады. Байзақ ауданы мен Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде де көңіл көншітпейтін тұстар бар. Ал Жамбыл ауданында ірі қара мал саны 5,1 пайызға төмендеген, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Бұдан кейін бірқатар аудан әкімдері бұл мәселенің мәнжайын, жағдайды оңалту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын баяндады. Мәселен, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов көрсеткіштің төмендеуіне «Меркі қант зауытының» қаңтар-наурыз айларында жұмыс істемеуі себеп болғанын жасырмады. Қазіргі таңда зауыт 40 мың тонна шикізатқа (тростник) келісімшарт жасап, өңдеуді бастаған. Бүгінгі күнге 7520 тонна шикізат жеткізіліп, 6 144 тоннасы өңделіп, 5 215 тонна қант өндіріліпті.
Аудан басшылығы бірінші жартыжылдықта көрсеткіштерді толық қалпына келтіруге уәде беріп отыр. Ал Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, күн электр стансасының жарықты аз өндіруінен көрсеткіш төмен деңгейде қалыптасыпты. Сол секілді Байзақ ауданы әкімі Олжас Баққараев көрсеткіштің төмендеуіне аудан аумағындағы бірқатар кәсіпорындардың, атап айтқанда Қызыл Жұлдыз ауылындағы макарон цехының, Талас ауылындағы сүт өнімдері мен шұжық цехтарының, сондай-ақ «Кастом Бокс» гофрокартон зауытының Тараз қаласының әкімшілік шекарасына өтіп кетуі себеп болғанын айтты. Бұған қоса жаңадан ашылған кірпіш зауытының шатыры қалың қарды көтере алмай құлап, жұмысы уақытша тоқтап қалған. Қазіргі таңда аталған зауыт жұмысы қайта жанданып, жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жоспарды орындау көзделіп отыр екен.
Сонымен қатар жиында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Нұрланұлы аудандағы өңдеу өнеркәсібінің төмендеуі «Аманкелді» газ өңдеу зауытына жеткізілетін шикізат көлемінің азаюына байланысты орын алғанын тілге тиек етті. Аудандағы өндіріс көлемінің 8 0 пайызы осы кәсіпорынға тиесілі екен. Бүгінгі күнге сәуір айында 10 мың тонна шикізат жеткізілсе, осы айда қосымша 7 мың тонна әкелінеді. Ал мал шаруашылығындағы кемшіліктерге жеке қосалқы шаруашылықтарда мал басының кемуі себеп. Қазіргі кезде бұл мәселе жаңа туған төлдерді есепке қосу арқылы шешіліп жатыр. Соның нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша мал саны қайта қалпына келеді деп күтілуде. Аудан әкімінің орынбасары осы жұмыстардың нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш толық орындалатын болады деп сендірді.
Сондай-ақ аталған жиынның күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек пен Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен қаржының игерілуі туралы есеп берді. Басқосу соңында Нұржан Календеров жүргізілген мониторинг талдауы бойынша бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен жауап алып, атқамінерлерге кемшілікті түзетуді тапсырды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Таразда 48 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі
- 30 сәуір, 2026
Үйде отырып-ақ ақша табуға болады
- 28 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




