Қазақ поэзиясының Хан тәңірі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та қанша жасында бақилық болатынын анық сезгендей.
«Өзімнің есебімде, Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде. Кім біледі... Ендігі қалған өмір, Неше жылға жетерін, Неше күнге Ұмыт болып есебің де, өсегің де, Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, Қырықтың бесеуінде» дейді ол.
Тере берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Осыдан-ақ біз сөздің киесі болатынын айқын сезінгендейміз. Дүниеден ерте қайтқан «тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік» ақындар қазақта да жетіп артылады. Жүрегіне жүк артып, жан дүниесін мұң-мезгілмен тербеткен, Қасым жырдың, жасын жырдың жалғасы болған ақындар неге тым ерте бақилық болады? Жастай дүниеден озған ақындар Жамбыл жерінде тым көп. «Ел көзіне түскен соң ерте гүлдеп, мен жайында аңыз көп, ертегі көп», деп жырлаған Серік Томанов 47 жасында дүние салды. Өлеңі өмірдің өзіндей болған, «қызыл көйлекті қызға» жыр арнаған, ғажап лирик ақын Таластың емес, Алаштың ұлы еді. Серіктің «Эпитафия» (Құлпытастағы жазу) өлеңі жүрекке салмақ салатыны сөзсіз.
«Шаруа едім тірліктің көшіне ерген, Таусап таттым жердегі несібемнен. Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын, Топырағым бұйырды осы жерден.
Ата-бабам, бауырым, туысым да, Осы жерде: төбенің қуысында. Алып кеткен өзімнің ештеңем жоқ, Топырақ тек қалғаны уысымда.
Бір кісідей шайқап ем тірлігімде, Жалған дүние жалт етпей тұрды кімде?! Адамдарға айқайды салар едім, Амалым жоқ қайтейін, білдіруге.
Ей, тірілер! Өмір жоқ өлім барда. Тілегім сол:соқпасын жолың жарға, Қу тірліктің бағасын білгің келсе, Көз қырыңды салып қой қорымдарға»,
деген жыр жолдарынан терең мұң, қамығу аңғарылады. Айтары анық шымыр шумақтардың поэтикалық қуаты да зор. Біз неге ақынды осылай жырлауға мәжбүр еттік? Сауал бар, жауап жоқ. Ернімізді қан шыққанша тістелей береміз. Қазір оның өлеңдері, «Аузынан айдың түскен қыз» «Сезімді қайтем тулаған» секілді әнге жазған мәтіндері жүректің түкпірінен ойып тұрып орын алған. Өзімен емес, шығармасымен ғана сырласа аламыз... Қазақ поэзиясы хас таланттардан ешқашан тарыққан емес. Алаштың айтулы ақындарының бірі – Бауыржан Үсенов ше?! Өлеңі найзадай өткір, азаматтық поэзиясы мен лирикалық жырлары сарқырап аққан судың тұнығындай еді. Амал нешік, орда бұзатын жастан енді асқанда бақиға аттанып кете барды. «Әлі алдымда батпағым көп кешпеген, Көкейімде құпиям көп шешпеген. Шындық жайлы айта берсем, бір түнде, Қара машина ап кетердей сескенем»,
деп жырлаған Бауыржан Бейімбет, Ілияс, Сәкендердің рухын жадынан шығармай, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің қысымына қарамастан айтарын айтты. Қамықпады. Бауыржандай батырды сыйлаған Жуалы жерінің тумасы неден қорықсын?!
«Біздер жайлы мейлі өсек сөз борасын, Бөтен көрме даланың боз баласын. Қасқыр қуған еліктей жаутаңдайсың, Өртеп жүр мені осы бір көзқарасың»,
деп толғанған Бауыржан Үсенов бүгінде ортамызда жарқырап жүргенде әлі талай ғаламат шығармаларымен жүрек қылын шертуші еді. Амал нешік?! Ол... бар болғаны 21 жыл ғана ғұмыр кешті. Артығали қазақ поэзиясының көгінде жанған жұлдыз болатыны сөзсіз еді. Аққан жұлдызға айналды. Оның қасиетті қара өлеңі жанымызға жалау болғаны шындық қой. Теңіздің суы тобығынан келмей, кеудесін керіп жүрген талай ақыныңыз Артығалидың өлеңін оқыса, тәубесіне түсетіні ақиқат.
«Сәуірде жаңбыр жауады оңай, Дәуірге майса ауады маңай. Өрісі көкте көгенсіз еді, Қара жер бұлтты сауады қалай?
Көкжиек-көйлек сөгіліп оқтын, Сыбыры шықты шөбі ірі оттың. Ебіл де дебіл еріксіз шақта Менің де келді төгіліп өткім».
Артығалидың осы өлеңіне қарап-ақ оның өзгеше болмысын, өлеңдегі соны соқпағын түйсіне түсеміз. Сөзбен сурет салуды шебер меңгерген ақынның ырғағы да айрықша емес пе? Артығалидың жұмбақ өлімі – қазақ поэзиясы үшін орны толмас өкініш, трагедия. «Адамдар сияр табытқа, ақындар бірақ сыймайды», деп жырлаған, жауһар жырымен жүректерге жол тапқан ақын жалғанға сыймай, арамыздан алыстап кеткелі қашан?! Жиырма төрт жасында өмірмен қош айтысқан тағы бір таланттың бірі, Құланның құлжасы атанған Өрнек Құлекеев. Өрнек мінезді ақын болатын. Аудандық «Құлан таңы» газетінде еңбек етіп жүргенімде кабинетке кіріп келіп, өзі өлеңін оқып, маған тергізіп қойған. Сол кезде оның бұл дүниені, тіршілікті қабылдай алмай жүргенін аңғарған едім. Өйткені мен жазып алған өлең жолдарында: «Мерейім – ең соңғы өлеңім», «Шеше, мен сені артыңнан іздеп барам» деген секілді қорқынышты тіркестер ұшырасқан. Кез келген ортаны жарып шығатын Өрнекті 2007 жылы соңғы рет көремін деп еш ойлаған емеспін. Көзі мұңлы. Жарқырап келіп, арқырай сөйлесе де, жанарындағы мұңның табын жасыра алмаған. Қажып жүрген екен. Арада бір-екі ай өткенде ол бақилық болды деген суыт хабарды құлағымыз шалды. Иә, анасының жанына аттанды. Жұмбақ әлемнің иесі жан дүниесінің құлпын ашпастан, замандастарын фәни жалғанға тастап, өзі мәңгілік мекенімен қауышты. Ауыр қаза. Ауыр шешім... Кейіннен оның өлеңдерін жинақтаған ақын Маралтай Райымбекұлы «Мерей» атты жинағын жарыққа шығарды. Мерей – ақынның қызы. Өрнектің өлеңдерін Мерей оқыған кезде еріксіз жанарға жас үйіріледі. Ақынның қызын көрген сайын Өрнектің көзін көргендей күй кешеміз. Өлең тілінде біз «жанар», «қарашық» деп жырлап жүрген көзді ол «мұңтұнба» деп басқаша қолданып еді. Өлеңі де өзгеше болатын. Көптің бірі атанғысы келмейтін... «Қазақтың Шолоховы» атанған белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, табиғат тамыршысы, құландық шайыр Қуандық Шолақтың қызы Салтанат Абашова бар болғаны 19 жыл өмір сүрді. Салтанат бақилық болған кезде оның қалтасынан он шақты жыры табылыпты. Біз талтаңдап жүрген бұл жалғанмен тым ерте қош айтысқан ақынның «Кеткім келіп тұрады» атты өлеңін оқысаңыз, бойыңыз түршігеді.
«Аңқалаумен жете алмай арманыма, Ілінем бе қасірет қармағына. Кеткім келіп тұрады, өкпем кеуіп, Өмір – деген өзеннің ар жағына…
Тоңдырғасын тірліктің мұзы, қары, Қалмағандай мен үшін қызығары. Жапырағын жанымның жасын ұрып, Табанымнан төбеме сыз ұрады.
Тарылғасын кеудемнің тынысы анық, Көрінеді аймақтың қыры шаңыт. Күннен-күнге қисайып бара жатыр, Арман атты ақ бұлақ бұрыс ағып.
Шырмағалы кеудемді күдік табы, Қаша-а-а-а-н жаным үмітті ұмытқалы. Аспан ашық, күн жарық бірақ, бірақ, Суық бәрі сүйкімсіз, суық бәрі. Жүрегімді қариды мұңым тастай, Кештеу келген сен, шаттық шұғыл қашқай. Балауса едім, балғын ем кетер ме екем, Он екіде әлі бір гүлімді ашпай.
Көкірегім көк тұман, бұл іс анық, Түнге айналып күндізім жылыса ағып. Үсік ұрып, үркектеп, үрейі ұшып, Үмітімнің барады гүлі солып.
Қиын екен жетуі бақытқа адам, Бермеді ме мұрша әлде уақыт маған? Аңқам кеуіп, сұлбасы сағымданған, Кең дүниеге сыя алмай кетіп барам.
Көкірегімнің құлазып арғымағы, Өзегімді өкініш жандырады. Қара түнек – қара өлім, құшағыңды аш, Тұңғиығыңа кеп тұрмын қарғығалы»,
деп жырлаған Салтанаттың өлімі біз үшін жұмбақ. Салтанат 19 жасында артында санаулы өлең қалдырғанымен, саналы ақын екенін айқындап кетті. Өлеңдері төрт аяғын тең басқан. Жұмыр жердің жүрегіне сыймай кеткен таланттың қазір арамызда жүргенде талай ақынды шаңында қалдыратыны сөзсіз еді. Өйткені оның бойындағы поэтикалық қуат балаң шағында-ақ жанартаудай атқылаған. Осындай таланттарымызды неге жоғалтып ала береміз? Талай сөз зергерлерінің томағасын сыпырған Жамбыл жерінде өзге де талантты ақындардың көп болғаны сөзсіз. Бұлар – ерте сөнген жұлдыздар... Біз жоғарыда шығармашылығына тоқталған ақындар қазақ поэзиясының көкжиегінен ойып тұрып орын алуға тиіс еді. Бірақ ажал апаны оларды ортамыздан тым ерте алып кетті. Енді олардың есімін естен шығармау – азаматтық парызымыз болса керек. Серік, Бауыржан, Артығали, Өрнек, Салтанаттың есімін ел есінде қалдыру үшін қандай шаралар қабылдаған жөн? «Беймезгіл сөнген бес жұлдыз» немесе «Екі буынның жұлдызды ақындары» деген тақырыппен Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында, кітапханаларда әдеби шаралар өткізуімізге не кедергі? Қолдағы бес саусақ жұмылса жұдырық болады емес пе? Тіпті аты аталған ақындардың рухы разы болсын деп, жыр мүшәйрасын өткізіп жіберуге болмас па еді? Оған облыстық халық шығармашылығы орталығының әлеуеті жететіндігі талас тудырмайды. Тек ниет керек... Біз барымызды жоғалтып, сосын бармақ тістеп отыратын халықпыз. Ендігі жерде таланттарымызды тасада қалдырмағанымыз жөн. Ол үшін жоғарыда аты аталған ақындардың тұрған үйлеріне ескерткіш тақта орнатсақ та артық емес. Оған Тараз қаласы және Тұрар Рысқұлов, Жуалы, Талас, Сарысу ауданы әкімдіктерінің әлеуеті жетпейді дегенге кім сенеді? Біз өз ойымызды айттық. Ендігі кезекті атқамінер азаматтардың еншісіне қалдырдық...
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді