Балабақша: орын жоқ, бала көп

Балабақша: орын жоқ, бала көп
ашық дереккөз
Балабақша: орын жоқ, бала көп

Бұл мәселе қашан толық шешіледі?

Кезек кемудің орнына өсе түсті. Неге?

Бүгінде облыста 385 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның 216-сы балабақша, 169-ы шағын орталық. Міне, осы мекемелерде қырық мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Аудан, ауылдарда да қанатын кеңге жайып, балабақшаның бағзы кездердегі ақар-шақар шағы қайта қалпына келгендей...

16 15Дейтұрғанмен, өңірімізде 34 933, оның ішінде Тараз қаласында 22 083 баланың кезекте тұрғаны бұл орайда жүзеге асырылар істің әлі де шаш-етектен екенін аңғартады. Облыста осыдан төрт жыл бұрын бар-жоғы 193 қана балабақша болған еді. Енді оның саны бүгінде екі есеге дейін артқан. Мектептер жанынан шағын орталықтар ашылуда. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері 591 миллион теңгеге барлығы 26 балабақша ғимараты сатылып алынып, жөнделіп, пайдалануға да берілген. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде дүниеге келгендері қаншама! Ағымдағы жылдың соңына қарай өңірімізде тағы да жеті балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашпақ. Кезек бәрібір кемір емес... Кемуді айтасыз, керісінше бір ғана Тараз қаласының өзінде кезекте тұрған бүлдіршіндер саны бірнеше жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге дейін көбейіп отыр. Мамандар мұны облыс халқының демографиялық өсімімен байланыстырады. Біздіңше, мұның себебі біреу емес, бірнешеу. Соның ішінде ең бастысы, экономикамыздың жақсара түсуі, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы деңгейі артып, тұрмыстарының түзелуі, төлемақы қабілеттерінің артуы, ұл-қыздарының жақсы ортада тәрбиеленуіне мән беруі және мәдениеті қалыптаса бастауы секілді факторлар да бар. Сараптама жасау барысында көз жеткізілген бір жай, үстіміздегі жылғы мамыр айына дейін Таразда кезекке тіркелгендер саны жиырма екі мыңның үстінде болғандығы. Оның он мыңнан астамы 3 жасқа дейінгі сәбилер екен. Ай ішінде кезектегі бүлдіршіндердің 845-і балабақшаға орналастырылыпты. Ал, бұрын осыған сәйкес мерзімде бос орындар бұдан әлдеқайда көп болғаны есте. «Себебі... жобалық қуаты 280 орынға арналған балабақшада 450-480- ге дейін бала тәрбиеленіп келді. Бір топтағы жиырма бес баланың орнына алынған бала саны 2010 жылы, мысалы, орташа есеппен 34-35-ке жетті. Міне, біз осы әрбір топтағы бала санының стандартқа сәйкестігін қарастыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргіздік. Соның нәтижесінде биыл тығыздық 31,5 болып отыр. Бала саны жобалық қуатынан артып кеткен балабақшаға орын бөлмеу туралы шешім де қабылданды. Себебі, елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2015 жылға қарай топ санын жиырма бестен асырмау жөнінде нақты тапсырма бар. Бала саны қалыпты деңгейден асып кетсе, төтенше жағдайлар кезінде оларды қауіпсіз жерге орналастыруда бір тәрбиеші мен оның көмекшісінің мүмкіндігі жетпей қалатындығы да ескерілген. Әсіресе, екі-үш жастағы сәби топтарындағыларды төтенше жағдайлар кезінде сыртқа алып шығу оңайға да соқпайды. Бұл орайда ішінара болса да санитарлық-тазалық талаптарына қайшы келіп жатырмыз. Бала санын жиырма беске сәйкестендіру мақсатында биыл көптеген балабақшаларға тапсырыс берілген жоқ, ендігі жерде оларға артық бала орналастыра да алмаймыз» дейді Тараз қалалық білім басқармасының басшысы Маржан Қожаева.

«Інжудегі» ізденіс

Дегенмен, бұрындары балалары үшін айлығын төлеп, кім болса соны жалдап, күтуші ұстаудан талай ауыздары күйген бақуатты ата-аналардың барлық жағдай жасалған балалар мекенін маңдайынан шертіп жүріп таңдауына мүмкіндіктері бар. Тараздықтардың жағдайы барының да, жоғының да таңдауы әзірге жеке меншіктегі «Інжу» балабақша- мектеп кешеніне түсіп тұр. Олай болатын да жөні бар. Аталмыш кешеннің директоры Гүлмира Қуатбектің айтуынша, мұндағы тәрбие жүйесінің өзге балабақшаларға қарағанда айырмашылығы да көп. Инклюзивтік тәрбиеге бағдар ұсталынады. Бүлдіршіндер бір жастан бастап қабылданады. Кешендегі балабақшада бүгінде 280 балдырған тәрбиеленуде. Әсіресе, жасынан мүгедек, жүріп-тұруы қиындығынан үйде оқытылып келген балалар үшін айрықша қолайлы, олар үшін жеңілдіктер қарастырылған, арнайы көлікпен де тасымалданады. Осындай санаттағылар саны қазірдің өзінде жиырмаға жетіп отыр екен. Бүгінде тыныс жолдары, кислород жетіспеушілігі, бас сүйегі мен миішілік қан қысымы аурулары өңірдегі екі баланың бірінде кездесетіні белгілі. Міне, мұндай сырқаттарға «Інжудегі» тұзбен емдеу, физоемдеу, тұзды шахта, бассейн бөлмелерінің, кислородты коктейльдің септігі тимек. Барлық топтарға қазақ, ағылшын және орыс тілдері оқытылып үйретіледі. Кешен жанынан спорт, өнер, оқу пәні түрлері бойынша арнайы үйірмелері, кітапханасы бар бастауыш мектеп ашылып, жұмыс істеуде. Оның әлі де жүз елудей бала қабылдауға мүмкіндігі бар. Айтпақшы, кешен ІР бейне камераларымен жабдықталған, ата-аналар балаларының жай-күйін онлайн режімінде үйлерінде отырып көріп бақылай алады. Гүлмира Қуатқызының айтуынша, кешенге ай сайынғы төлемақы оқушылар үшін 39, ал, балабақша тәрбиеленушілері үшін 35 мың теңге көлемінде белгіленген. Шын мәнінде, балабақша-мектеп кешені өте тиімді. Біріншіден, сатылай білім мен тәрбие беруде сабақтастық бар. Бүлдіршіндердің бір жерде, өздеріне көзтаныс, үйреншікті орында мектепке үйрену кезеңі де сәтті болмақ. Құптарлық бастама. Осындай кешен өңірімізде көбірек болса дейсің. Қазіргі таңда «Алатау» шағын ауданында иесіздіктен тозып, қаңырап бос тұрған бұрынғы 280 орындық балабақша ғимаратын жеке меншік иелері сатып алып, жөндеу үстінде. «Жансая» шағын ауданындағы бұрын жиһаз цехы болған ғимарат та осындай жолмен балалар игілігіне берілмек. Балабақшаға деген сұранысты мемлекет тарапынан материалдық, әдістемелік тұрғыда қолдау барын шынайы сезінгеннен кейін «Балапан» бағдарламасына сенім білдіріп жатқан азаматтар баршылық екен. Бір айта кетерлік жай, бүгінде мемлекеттік жеке меншік серіктестік негізінде жұмыс істеуге, осы бағытқа айрықша күш жұмылдыруға басымдық беріліп отыр. Соның нәтижесі болар, қаладағы жеке меншік балабақшалар саны он жетіге, шағын орталықтар екеуге жеткен. Біздіңше, болашақта бұл жеке кәсіпкерлер үшін табыс көзі де болады. Жеке меншік пен мемлекет арасында бала тәрбиелеу мәселесінде ортақ ұстаным қалыптастырылып, істі тиісті ережелерге сәйкес жүргізуде мүдделестік танытылар болса, мұны бала тәрбиесі мәселесіндегі тиімді бәсекелестік деуге де әбден болады.

Балабақшаға қанша төлейсіз?

Айтпақшы, біз осы материалды дайындау барысында жеке меншіктегі бірқатар балабақшалар басшыларымен «ата-ана едік» деп тілдесіп, қандай ерекшеліктері бар екенін, төлемақысы мөлшерін сұрастырып білгенбіз. Біразында болдық. «Алпамыс», «Балбөбек», «Нұршашу», «Нұрлы сәт» дейсіз бе, атаулары да ғажап. Қордай мен Меркі аудандарында ашылған екі-үшеуі ғана болмаса, барлығы дерлік облыс орталығынан жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай бой көтерген. «Айзере» балабақшасындағылар «Бізде айлық төлемақы 15 мың теңге, алайда балаларды өз көлігімізбен апарып, алып та келеміз» дегенді айтады. Мұндай қызметтері үшін «Мүбәрәк Мөлдір» мен «Балбөбек» он бес мың, «Аққайың» мен «Аннета» он сегіз мың, ал, «Сәби-жан» отыз мың теңге алады екен. «Ата-ана» рөліне еніп, бос орын бар-жоқтығын да тәптіштей сұрағыштаймыз ғой, баяғы. Өздеріне «сұраныстың» көбейгенін кім жек көрсін. «Қанша бала?» деп біздің бірнеше ұл-қызымыз болса да қабылдайтын ыңғай танытып, «орын қағыстырып» көруге уәде бергендері де болды. Бұдан шығатын қорытынды, төлемақы қабілетіңіз жоғары болса, балаңызды бақшаға кезексіз-ақ беруіңізге мүмкіндігіңіз бар екен. Біздің әлгіндей «келісім» жолымен бірер сағатта біраз баланы балабақшаға ойша «орналастырып» та қойған жайымыз бар. Дегенмен, ата-аналардың басым денінің қалтасы жұқалау ғой. Содан да айына 5700 теңге ғана төлейтін мемлекеттік балабақша кезегінен айырылғысы келмейді. Енді бүлдіршіндер мекендеріне төлемақы мөлшерінің неге әрқалай белгіленетіндігі жөнінде бірер сөз. Жалпы, мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік, сондай-ақ, жеке меншік балабақшаларға да беріледі. Бұл орайда жеке меншік балабақша мен шағын орталықтарда баланың жан басына шаққандағы төлем қаржысы тиісті заңдылықтарға сай, реттеліп, бекітіліп отыратыны белгілі. Соған сай бүгінгі күнге дейін «Балапан» бағдарламасы аясында жеке меншіктегі балабақшаларға 14 560 теңге, шағын орталықтарға 11800 теңге бөлініп келген болса, ендігі жерде маусым айынан бастап жеке меншік балабақшаларға әр бала үшін 18829 теңгеден қаржы төлене бастайтын болады. Бұл – сол мектепке дейінгі мекеменің қызметкерлерінің айлық жалақысына, мекеме ғимаратын сақтап, ұстауға бөлінетін қаржы. «Ал, балабақша ақысы бұдан да жоғары, 2-3 есе көп белгіленуі қосымша қызметтер ұсынылған жағдайда мекеме мен ата-аналар арасындағы өзара мәміле, екіжақты келісімшартпен реттеледі. Ал, тамақ құны мемлекеттің берген қаржысынан аспауы керек. Иә, рас, мемлекеттік мекемелерге төлемақылық қаржының қазіргі көлемі соншалықты жоғары сома емес. Ерте-кеш пе, бұл төлемақы көлемінің өсуі де ықтимал. Сондықтан алдағы уақытта ата-аналармен жеке-жеке сөйлесіп, жиналыстар өткізіп, олардың бұл тұрғыдағы пікір, ұсыныстарын зерделейтін боламыз» дейді М. Қожаева. Ал, әзірге мемлекеттік мекемені толықтай сақтап ұстау да, материалдық базасын нығайту да мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асырылатындықтан, ата-аналар ұл-қыздарының ас-ауқаты шығыны құнын ғана өтеп жүр. Арзанға түсетіні де содан. Мектепке дейінгі мемлекеттік мекемелерде теңгенің девальвациялануына орай тұрғындар ұсыныстары ескеріліп, бағаны қымбаттатуға жол беріліп те отырған жоқ. Ал, қазіргі баға бағамы нарықтың өсуіне, азық-түліктің қымбаттауына байланысты белгіленер болса, ата-аналардың қалталарынан бұдан әлдеқайда көп қаражат төлеуіне тура келер еді. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан осы қамқорлық пен қолдауды ата-ана шіркін, біледі, әрине!

Шағын орталықтардың көмегі шамалы ма?

Қалада кеңестік кезеңде 118 балабақша болған екен. Тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру саясаты тұсында жеке меншікке беріліп, иесіздіктен мүлкі талан-таражға да түсіп, олардың саны айтарлықтай кеміп кеткені белгілі. Бүгінде біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Қазір қаладағы мемлекеттік балабақшалар қырыққа жеткен. Мектептер жанында жиырма үш шағын орталық бар. Олардағы тәрбиеленушілер санының алды 125-ке жедеқабыл. Кейбірінде елумен шектеледі. Бұл да тиісті тараптардың мәжбүрліктен барған қадамы. Дегенмен, 2011 жылы мамыр айында қабылданған арнайы бағдарламаға сәйкес оқушылар тығыздығы жобалық қуатынан төмен мектептерде уақытша шағын орталықтар ашу туралы шешім қабылданып, бұл біздің облысымыздың көптеген мектептерінде нақты іс жүзіне асырылып та жіберілгені белгілі. Әрине, бұл жұмыс істейтін жас отбасыларына біршама септігін де тигізді. Өңірімізде бала санының өсуіне, демографиялық ахуалдың жақсаруына орай балабақшаға сұраныс одан әрі де сақталады. 2002 жылдан бастап жалпы бала туу елімізде, оның ішінде облысымызда да оңалып, 1991-92 жылдары қалпына қайта келгені белгілі. Міне, сол жылдарда дүниеге келген өрендердің алды он екі-он үшке келді. Қалалық білім ұйымдарының басшылары бастауыш пен ортаңғы буын оқушылары мектепте тығыз, олар үшін ертеңгі күні орын табылмай қалуы ықтимал, сондықтан шағын орталық ашу тиімсіз деп те санайды. Қазіргі таңда қалада шағын орталықтан гөрі, бұрынғы жеке меншікке өтіп кеткендерін мемлекетке қайтару, кейбіреулерін сыйға тарту, заңсыздық орын алса сотқа жүгіну, арнайы тендер арқылы келісімді бағаға сатып алу, жаңа ғимараты құрылысын салу жолымен болсын балабақшалар санын арттыру ісі жандандырылу үстінде. Бұрынғы балабақшалар ғимараттарын балалар ауруханасы, наркологиялық диспансер, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, жұмыспен қамту бөлімі секілді бюджеттік мекемелер иелігінен қайтарып алынып, күрделі жөндеу жүргізу арқылы қалпына келтіріп, пайдалануға беріле бастағанын да атап өту ләзім. Олардың дені – 280 орынды типтік балабақшалар. Биыл мемлекет тарапынан балалар жүйке аурулары диспансері орналасқан бұрынғы 140 орындық балабақша ғимараты да жөндеуден өткізіледі, сөйтіп, қыркүйек айында бүлдіршіндер игілігіне беріледі деп күтілуде. Былғары комбинаты аумағындағы орыс қауымдастығы меншігіндегі ғимарат та сатылып алынып, балабақшаға айналдырылуда. Қайсыбіреулерінің қосымша ғимараттары салынып, көлемі ұлғайтылып, қосымша орындарға тапсырыс алып жатқандары да бар екен. «Балапан» бағдарламасы аясында салаға жеткілікті қаржы бөлінуде. Осымен байланысты балалардың мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиемен қамтылуы тұрғысында жыл сайын жоспарлама алып отырамыз. Ол міндетті түрде қалада тұратын барлық балалар санының он пайызынан жоғары болуға тиіс. 2010 жылдан бастап балабақшаға бала орналастыру көрсеткіші 1695-тен 1700-ге дейін өсті. Былтырғы жылы балабақшаларға 1400 орнына 1600 баланың орналаса алуына қол жеткіздік. Бағдарламаның қала ауқымында орындалуы өз деңгейінде», – дейді бұл орайда қаланың бас педагогы. Сайып келгенде, мектепке дейінгі балалар мекемелері ғимараттарын жөндеуден өткізуде, жаңасын салуда, басқа да мәселелерде ауылда, қалада болсын жергілікті білім бөлімдері арқылы мемлекеттік қаржыландырудың бірден бір көзі «Балапан» бағдарламасы ғана болып отыр.

14Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар