12 тамыз күні Ақтауда өтетін бесінші Каспий саммиті бүкіл өңірдің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл пікірді Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков айтты.
«Ақтауда өтетін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының бесінші саммиті бүкіл Каспий өңірінің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі Ақтауда өтетін кездесу барысында соңғы 20 жыл бойы жұмыс жүргізіліп келген, ұзақ күткен Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою жоспарланған», – деді Жұмабек Сарабеков. Оның пікірінше конвенция Каспий өңірі дамуының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өңір елдерінің өзара іс-қимылының негізгі ұстанымдарын айқындайтын өзіндік «Конституциясына» айналуы тиіс. «Конвенция Каспий теңізінің мәртебесі мен құқықтық режімін айқындау мәселесіне үлкен нақтылық береді. Осыған байланысты тиімді ынтымақтастыққа кедергі келтіріп келген көптеген даулы сәттер жойылады. Атап айтқанда, конвенция Каспий акваториясын нақты бөледі және Каспийде қолданылатын өзара іс-қимылдың тәртібі мен ұстанымдарын жүйелейді. Дәл осы теңіз түбін бөлу – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау жолындағы ең күрделі кедергілердің бірі болып келгендігі белгілі», – деп атап өткен сарапшы. Сонымен қатар сарапшы Каспий маңы елдері арасында теңіз түбін бөлу мәселесі де шешілетіндігін айтты. «Конвенцияда нақты жауап берілетін келесі бір маңызды мәселе Каспий түбінен құбыр желісін тартуға байланысты. Конвенция мәтінінде Каспий маңы елдері теңіз түбінен кабельдер мен құбырлар желісін тарта алатын болады деп нақты ереже көрсетілген. Конвенцияның бұлай мазмұндалуы Ашхабад пен Баку белсенді түрде бастамашылық жасап келген Транскаспий газ құбыры желісі құрылысын айтарлықтай жақындата түседі», – деді Жұмабек Сарабеков. Дегенмен оның пайымынша, газ құбырын теңіз түбінде төсеу жобасын жақын арада жүзеге асырылады деу қиын. «Конвенцияда құбыр желісі жобасы экологиялық талаптарға сай келуі және теңіздің ластану қаупін төндірмеуі тиіс деген талап нақты жазылған. Атап айтқанда, бұған Еуропаның энергетикалық нарығында ірі ойыншы болып отырған Ресей мен Иран мәжбүрлеп отыр. Себебі болашақта Еуропа нарығына түрікмен газы да жететін болады. Қалай десек те Конвенция қабылданғаннан кейін Транскаспий газ құбыры желісінің құрылысы туралы пікірталас қайтадан жандана түсетіндігі сөзсіз», – деді сарапшы. Оның айтуынша, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің реттелуі Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін толыққанды ашуға айтарлықтай мүмкіндік береді. Сонымен қатар конвенция еліміздің батыс өңірінің кешенді дамуына тың серпін қосады. Мұнан бөлек, сарапшы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан Құрық теңіз айлағының маңыздылығына да кеңінен тоқталды. Қазақстан үшін Құрық айлағы Каспий транзиттік дәлізі арқылы тауар тасымалдау жүйесінде басты буын болатындығын баса айтты. «Айлақтың маңыздылығы мынада, Құрық Кавказ арқылы Еуропа нарықтарына кеңінен кіруді қамтамасыз етеді және Қазақстан аумағы арқылы халықаралық жүк тасымалының артуына мүмкіндік береді. Өйткені каспий өңірінің транзиттік жүк көлемінің артуы Ақтау айлағының әлеуетінен қазірдің өзінде артық болып отыр», – деді ол. Сарапшының сөзіне сүйенсек, Құрық айлағының бірнеше маңызды басымдығы бар. біріншіден, оңтайлы климаттық жағдай айлаққа жыл бойы паромдарды қабылдауға мүмкіндік береді. Екіншіден, Құрық географиялық тұрғыда барынша оңтайлы орналасқан. «Мәселен, Құрық айлағынан шыққан паром әзербайжандық айлақтарға Ақтаудан шыққан паромға қарағанда 5 сағат бұрын жетеді. Сондықтан мұндай басымдықтар Құрық жобасының тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, қазірдің өзінде Өзбекстан Құрық арқылы өз жүктерін тасымалдауға қызығушылық танытуда. Бүгінде құрық айлағы құрылысының бірінші сатысы ғана аяқталды. Толықтай алғанда, ол Қазақстанның пароммен жүк тасымалдау қуатын үш есе арттырады деп күтілуде», – деді Жұмабек Сарабеков.
inform.kz
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді